Білім • 30 Қаңтар, 2023

Ұстаздың алғаусыз еңбегі

117 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Халқымызда «Алыс жол табалдырықтан басталады» деген тәмсіл бар. Жер жәннаты Жетісудың Қапал деп аталатын ғажайып өлкесінде, дә­рі­гер­­лер отбасында дүниеге келген Гүлнар Нұрмұхамед­қызы бала кезінен арманшыл, талапты болып өсті. Айналасын асқар таулар қоршаған әсем өлкенің табиғатына деген сүйіспеншілік оның география мамандығын таңдауына ықпалын ти­гіз­ген. Осылайша, бала кезгі арманы Гүлнар Нұрмұхамедқызын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің табал­ды­ры­ғына алып келген.

Ұстаздың алғаусыз еңбегі

Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Гүлнар Нұрмұхамедқызының алдында өзге құрбылары сияқты мек­тепте мұғалім болу немесе ғылым жолына түсу таңдауы тұрған. Тылсым табиғаттың құпияларын ашсам, адамзат пен қоршаған ортаның үйлесімді дамуына өз үлесімді қоссам деген арман оның екінші жолға түсуіне ықпал етеді. Осылайша, жас түлек Ғылым академиясына қарасты География институтына жұмысқа тұрып, алдымен инженер, кейіннен ғылыми қызметкер міндеттерін абыройлы атқарады. Осы жерде еңбек ете жүріп ғылыми жұмыстармен айналысып, География институтының аспирантурасында білімін жалғастырды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың экономикалық және әлеуметтік география кафедрасында маман болып қызмет жасаған жылдар да ол үшін табысты болғаны белгілі. Ұзақ жылғы зерттеулерінің нәтижесінде, 2000 жылы «Облыс халқының өміршеңдігін бағалаудың экономикалық-географиялық аспектілері (Қызылорда облысының мысалында)» тақырыбында ғылым кандидаты дәрежесін сәтті қорғап шығады. Осыдан кейін Гүлнар Нұрмұхамедқызы үшін ғылыммен бірге шәкірт тәрбиелеу жұмысы басталған еді. Университетте аға оқытушы бола жүріп, шәкірттеріне орта мектептерде география пәнін үйретудің, балалардың осы салаға деген қызығушылығын арттырудың жолдары мен тәсілдерін үйреткені өз алдына – бір төбе. Өзі қызмет жасайтын кафедраның бағыты және зерттеп жүрген саласы экономикаға тікелей қатысы болғандықтан және заман үдерісі жас ғалымнан жан-жақты сауатты болуды талап еткендіктен, жұмыстан қол үзбей жүріп Т.Рысқұлов атындағы Қазақ мемлекеттік экономика институтында білім алып, қаржы және несие мамандығын меңгеріп шыққаны ғылыми жұмысы мен ұстаздық қызметінде көп септігін тигізді.

Ғылымда қол жеткен нәтижеге тоқмейілсіп, тоқтап қалуға болмайды. Өйтсең ғылым да, өзің де тоқырауға ұшырарың анық. Сондықтан өзің зерттеген нысанның тылсымына тереңдей беруің керек. Іздене беруің шарт. Осылайша, Гүлнар Нұрмұхамедқызы 2003-2006 жылдар аралығында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың докторан­турасына түсіп, білімін жалғастырады. Оны табысты бітіргеннен кейін осы университеттің экономикалық және әлеуметтік география кафедрадасында доцент, экономикалық, әлеуметтік және саяси география кафед­расының меңгерушісі қызметтерін атқарады. Ал 2010 жылы ұзақ мерзімді ғылыми жұмысының қорытындысы ретінде «Қазақстан Республикасындағы адам дамуы деңгейін бағалаудың әлеуметтік-демографиялық негіз­дері» атты тақырыпта докторлық диссертация қор­ғай­ды. Осы кезеңнен бері университеттің география, жерге орналастыру мен кадастр кафедрасының меңгерушісі қызметінде ұстаздық жолын жалғастырып келеді. Жай ғана оқытушы емес, осы саланың магистранттары мен PhD тәрбиелеуде үлкен жетістіктерге жетіп жатыр. Ке­йінгі жылдары ғана оның жетекшілігімен үш шәкірті PhD ғылыми дәрежесін қорғады.

Гүлнар Нұрмұхамедқызы республикалық және ха­лық­ара­лық дегейде 7 ғылыми жобаға қатысып, Білім және ғылым министрлігінің «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантының иегері атанғанын айта кету керек. 2014-2020 жылдары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы география мамандықтар тобы бойынша диссертациялық кеңестің төрайымы, 2015 жылдан бастап Польшада шығатын «Bulletin of Geography» халықаралық журналы редакциялық алқасының мүшесі, «География» мамандығы бойынша бакалавриат, магистратура және докторантураға арналған білім беру бағдарламаларының үйлестірушісі лауазымдары да әркімге бағына бермейтін биіктер болса керек.

2008 жылдан бері министрліктің «Дарын» тарапынан республикалық деңгейдегі мектеп оқушыларының ғылыми жобалар байқауы мен пәндік олимпиадасының төрайымы қызметін табысты атқарып келеді. Қазақ­станның география пәні бойынша ұлттық құрамасын дайындайтын оқу-жаттығу алаңынының басшысы ретінде 2013 жылы еліміздің оқушыларын алғаш рет Киото қаласында өткен халықаралық олимпиадаға апарғаны үлкен еңбектің нәтижесі деп түсіну керек. Содан бері ұлттық құраманың мүшелері әлемдік додаларда жеңіс тұғырынан сан рет көрініп, еліміздің қоржынына алтын, күміс, қола жүлделерді үздіксіз салып келеді.

Гүлнар Нұрмұхамедқызы үнемі ізденуден, зерттеу­ден жалыққан емес. Осы кезеңге дейін 230-дан аса ғылыми және әдістемелік басылымдардың, соның ішінде министрлік ұсынған «Халықтар географиясы» оқулығының, көптеген монографияның, оқу құрал­дарының, шетелдік беделді басылымдарда жария­ланған ғылыми мақалалардың авторы атануы – осы­ның дәлелі. Әр жылдары Аустрия, Жапония, Канада,Түркия, Мажарстан, Польша, Сербия, Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты елдерде шетелдік ғылыми тағылымдардан өтіп, халықаралық конференцияларда баян­дама жасады.

 

Гаухар ҚАЙРАНБАЕВА,

PhD докторы

Соңғы жаңалықтар