Сайлау – азаматтық көзқарас пен жауапкершілікті жүктейтін нағыз патриоттық акт. Өйткені әлемдегі күрделі геоэкономикалық және геосаяси жағдай халықаралық құқықтық қарым-қатынас пен нормаларды берекетсіздікке ұшыратып отыр. Дүниені тұрақсыздық пен сын-қатерлерге ұрындырып отырған қазіргі кезеңде Қазақстанға өзінің ішкі және сыртқы саясатында бейқамдық көрсетуге бола қоймас.

Бұл мәселенің өзектілігі, әсіресе, сайлау уақытында арта түсетініне біз тәуелсіздік жылдарының тәжірибесінен қанықпыз. Ойлап қарасақ, отыз жылдан аса уақыттың ішінде АҚШ бастаған Батыс елдері мен солардың ығындағы ЕҚЫҰ мен адам құқықтары мен бостандықтарына қатысы бар барлық халықаралық ұйым тарапынан бірде-бір президенттік және парламенттік сайлауға әділ өтті деген баға берілмепті. Бұл ұйымдардың өкілдері алдын ала әзірленген «сараптамалық анықтамалары мен бағалары» негізіндегі «көзқарастарын» білдіру арқылы осы күнге дейін бізді уысында ұстап отыруға тырысып бағады. Еуропа байқаушыларының өткен сайлауларға қатысты айтқан ұсыныстарының ескерілгеніне қарамастан, батыстық «талаптарға сай келмей, өрескел бұрмалаушылықтардың орын алғандығы туралы қорытындылары» қазақ қоғамын әбігерге түсіріп, әбден мезі қылғаны да ақиқат. Ендеше, Қазақстанның осы бағыттағы қол жеткізген нақты нәтижелерін олардың үнемі місе тұтпауын сабырмен қабылдап, оны көп ойлап, уайымдаудың қажеті жоқ сияқты. Тек өз ісімізге сенімді болып, тәуелсіз мемлекет ретінде намысты қолдан бермей, абыроймен әрекет етіп, ұлттық мүддемізді қорғауға көңіл бөлгеніміз абзал. Ол үшін барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының жұмысы мінсіз болуы керек және бақылаушылардың қызметі олардың нақақтан-нақақ ойына келгенін айтып, нені істегісі келсе, соны істеулеріне жол бермейтіндей және Қазақстанның Конституциясын құрметтейтіндей етіп заң жүзінде нақты реттелуі шарт.
«Сайлау науқаны» терминіне деген көзқарас та екіұшты сипат алып отыр. Мұндағы мәселе жалпы қолданыста жүрген терминнің өзінде емес. Проблема ең алдымен санамыздағы сайлауға науқан ретінде қарау сияқты сарқыншақтың әлі де болса сақталып қалуында болып тұр. Сондықтан одан бас тартудың маңызы зор болмақ. Жасыратыны жоқ, Қазақстан сонау кеңес кезеңінен «мұра» болып қалған кез келген жақсы істі науқанға айналдыра салатын «аурудан» әзірше арыла қоймағанға ұқсайды. «Науқаншылдықтан» алдымызға жан салмай келдік. Ендігі жерде мұндай «жомарттыққа», сайлауды өткізу барысында науқаншылдыққа жол беруге мүлдем болмайды. Керісінше, кез келген сайлауға жауапкершілік танытып, оған құрметпен қарап, оған елдегі жүргізіліп жатқан барлық демократиялық жаңғыртудың іргетасы ретінде қараудың қажеттілігін мықтап түсініп алған абзал. Оны қоғамдық өмірдің басты құндылықтарының бірі ретінде қабылдаған кезде ғана билік жүйесі оңалады. Ол халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді. Бұл ұстаным жұмысты дұрыстап қолға алуға және жалған есеп беруден толықтай арылуға, жалпы кадр мәселесін түбегейлі дұрыстауға жол ашары анық. Мемлекет басшысы облыстық сайлау комиссияларын бұдан былай кәсіби түрде тұрақты жұмыс істейтіндей етіп отыр. Сонымен бірге ендігі жерде Орталық сайлау комиссиясы мен Бас прокуратура сайлаудың әділ әрі ашық өтуіне жауап береді.
Мұның барлығы халыққа да оңайға түспесі анық. Адамдардың өткен кезде орын алған қателіктер мен кешегі «Қасіретті қаңтардан» кейінгі күйзелістен тез арада айығып кетуі оңайға соқпасы да ащы шындық. Сондықтан халықты өз мұратына жеткізу үшін оның санасын өзгертуге ерінбей-жалықпай көп күш салудың керектігі айтпаса да түсінікті. Ендеше, жұртты бір күнде өзгертудің мүмкін еместігін ескере отырып, бұл істі қолға алып, шаршамай-талмай, қажырлықпен іске кіріспесе тағы болмайды. Онсыз да екі жылдан аса кезеңді «екіұшты билік» жағдайында өткізіп, уақыт жоғалтып алдық. «Билік транзиті» түсінігін онша ұнатпаса да, ішкі дүниесіне саяси мәдениеті сай Президент Қ.Тоқаев әбден шиеленіскен осы түйінді «сабыр түбі – сары алтын» қағидатын басшылыққа ала отырып, өзіне алған кейбір «моральдық-этикалық жауапкершіліктерді» қатаң ұстана отырып, біртіндеп шешуге тырысты. Алайда ақырында, бұл мәселе қаңтар оқиғасынан кейін объективті түрде уақыт талабына айналып, мүлдем басқа арнаға түсіп, саяси-құқықтық реформалар шеңберінде нақты шешіліп жатыр. Өйткені әділетті Қазақстан құру үшін әділ қоғам керек. Ол үшін барлық адам заң алдында тең болуы қажет. Сонымен бірге оның азаматтарының бойында азаматтық позициясының болуы ғана адамдардың санасына мемлекетшілдік қасиетін ұялатып, мемлекеттің болашағы, ұлттың қауіпсіздігі мен оның мүддесі үшін жанкештілікпен еңбек етіп, терін төгетін заман туады. Себебі әрі қарай бұрынғыша өмір сүру мүмкін емес. Қалыптасқан жаңа әлеуметтік-саяси ахуал қоғамды түбегейлі өзгертіп, адамдардың көзқарасына қатты ықпал етуде. Олай болса, Әділетті Қазақстан ең алдымен, әлеуметтік әділеттілікті, мемлекеттің жүргізіп отырған саясатының тиімділігін арттыру мен демократиялық үдерістерді тереңдету дегенді аңғартады. Демек, Әділетті Қазақстан ұлттық идеяға айналып, ол тіптен кейбір «идеологиялық» реңктерге ие бола бастағанға ұқсайды. Міне, дәл осы үдерістердің үрдіске айналуы белгілерінің пайда болуы мен Президенттің шындықты елден жасырмай ашық айта білуі елдегі қиын-қыстау жағдайды тұрақтандыруға жағдай жасады.
Сондықтан саяси үдерістерді қайта жүктеу қажет болды. Қ.Тоқаевтың басты мақсаты – қоғаммен байланысты нығайтып, жергілікті жерлерге дейінгі демократиялық институттардың белсенділігін арттыру. Ол конституциялық реформаларды бүкілхалықтық референдумның нәтижесін басшылыққа ала отырып ілгерілетіп, әрбір қадамын тиісті заңмен нақтылап келеді. Президент жұмысының осындай алгоритмге негізделуінің маңызы өте зор және ол нәтиже беріп отыр. Бұл саяси реформалардың жаңа сипатына суперпрезиденттік басқару жүйесінен қуатты парламенті бар президенттік республикаға көшуі жатады. Сонымен бірге қолданыстағы сайлау жүйесінің түбегейлі өзгеріп, аралас пропорционалды-мажоритарлық модельге көшірілуі жергілікті мəслихаттардың да дербестігі мен құзыреттілігін арттырмақ. Осының нәтижесінде бүкіл ел аумағындағы қабылданатын шешімдер халықтың мүддесі мен игілігін көздеуге негізделіп қабылданады.
Наурыз айына белгіленген Мәжіліс пен мәслихаттардың кезектен тыс сайлауы былтыр күзде жария етіліп, саяси реформалардың заңды жалғасына айналмақ. Биылғы сайлаудың аралас пропорционалды-мажоритарлық жүйе негізінде, ал қалалар мен аудандардың мəслихаттар сайлауы толық мажоритарлық жүйе бойынша өткізілуі және императивтік мандаттық қолданысқа енгізілуі неғұрлым пәрменді сайлау моделін қалыптастырары сөзсіз. Сайлаудың нәтижелі өтуі үшін барлық қажетті шешімдер мен тиісті өзгерістер жасалған. Бұл өкілді органдар жаңа, әділ әрі ашық бәсекеге негізделген үлгі бойынша сайланады. Мемлекет басшысының принципті ұстанымы мен күш салуының арқасында партияларды нығайтып, азаматтық қоғамды дамытуға қажетті демократиялық талаптар мен адам құқықтары және бостандықтарына қатысты кепілдіктер толығымен беріліп отыр. Тіптен сайлаушылар бұған дейін болып көрмеген «бәріне қарсымын» дауыс беру құқығына қол жеткізбек. Демек, осының барлығы, Қазақ елінің дамудың жаңа дәуіріне қадам басқандығын және елдің бүкіл саяси жүйесінің түбегейлі өзгере бастағандығын көрсетсе керек. Сондықтан Президент Қ.Тоқаев қоғам мүшелерін азаматтық жауапкершілік пен сайлауға белсене қатысуға шақыра отырып, кешенді жаңару үдерісінің Қазақстанның саяси жүйесін жаңғыртатынына үлкен сенім артып отыр.
Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,
саяси ғылымдар докторы, профессор
Жәдігер • Кеше
Халықаралық олимпиадаға барады
Олимпиада • Кеше
Ғылым • Кеше
Мереке • Кеше
Аймақтар • Кеше
Олимпиада • Кеше
Ұқсас жаңалықтар