
Оның есімі Алаштың астанасы атанған Семейдегі бір көшеге беріліп, өзі кезінде еңбек еткен Әміре Қашаубаев атындағы облыстық филармония жайғасқан ғимарат пен тұрған үйіне ескерткіш тақталар орнатылды. Әнші-сазгердің орындауындағы ән компакт дискісі шығарылды. Иә, ол қандай құрметке әбден лайық талант иесі болатын.
Болат Күнтуұлы 1938 жылдың басында бұрынғы Семей облысының Жаңасемей ауданындағы Изатолла ауылында өмірге келген-ді. Бұл өзі әрі қалаға жақын, әр жері шұрайлы өңір. Сондықтан да болар, өткен ғасырдың жиырмасыншы, отызыншы жылдарындағы халықтың басына нәубат, зұлмат болып төнген аласапыран шақта алыстағы ауылдардан бассауғалап шұбырған елдің біраз бөлігі осында келіп паналаған-ды. Заманнан-заман өте келгенде солардың ортасынан есімдері жалпақ елге кеңінен танымал академик-математик Төлеубай Аманов, 60-жылдардың басында Токиода өткен жазғы олипиаданың жеңіл атлетикадан күміс жүлдегері Ғұсман Қосанов, өнердің өріне жүзген Мәдениет Ешекеев пен Болат Сыбанов сынды саңлақтар шықты.
Өз басым бұл кісіні алғаш рет Абай ауданына қарасты Саржал ауылының сол тұста Семей атом полигонының жынойнағына айнала бастаған Дегелең тауының етегіндегі жаз жайлауында көрген едім. Сол шақта біз бозбала атана қоймасақ, елге өнер сапарымен келген ағамыздың жасы «айхай, жиырма беске» әлі іліге қоймаған болар тегі. Онда бұл азамат Семейдегі Абай атындағы драма театрында әртіс болса керек. Кейінен оның аталған іргелі өнер ордасына бар болғаны он тоғыз жасында бас сұққанын естіп білгенбіз. Сонда қараторы өңді, қара бұйра шашты жігіттің орындаушылық қабілетіне кәрі-жастың бәрі аузын ашып, көзін жұмып дегендей таңғалғаны да есте. Әсіресе біз құралпас жеткіншектер үнді әндерін өзін-өзі қасықпен сүйемелдей отырып шырқаған оны бейне ертегі кейіпкеріндей көргеніміз рас. Кейін жете таныса келгенде бұл кісінің ешқандай өнер оқу орнын бітірмей-ақ домбыра, сырнай, оны айтасыз фортепианода аса шебер ойнағанын көріп білгенде міне, тума талант дегенің осындай-ақ болар деп тіптен де таң-тамаша болғанбыз. Және сол шақта біз үшін арман қала болып есептелетін Семейден келген өнерпаз қонақтың түп тамыры өз ауылымыздан екенін білгенде тіптен де қайран қалғанбыз. Ал одан кейінгі жерде сол шақта вальс королі атанып аты дүркіреп тұрған Бекен Жамақаев сынды сазгердің де өз ауылымыз Саржалда өмірге келгенін естігенде бойымызды туған жерге деген мақтаныш сезімі кернеген. Содан...
Содан жетпісінші жылдардың басында Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік университетін журналист мамандығы бойынша бітіріп Семейге келгенбіз. Бұрын да естіп, біліп жүргеніміздей ұлт өміріндегі айшықты оқиғалар, яғни алғашқы театр да, баспахана, баспа да, кітапхана, музей де, тіпті алғашқы футбол командасы да осында ашылған екен. Онда вальс королі Бекен Жамақаевтың да бар кезі. Сол жылдары «күн көсем» Лениннің рөлін Алматыдағы «әкемтеатрдің» өзінде ойнаған республика халық әртісі Әбілқасым Жаңбырбаевтың негізгі жұмыс орны осындағы Абай атындағы сазды драма театры. Бойжеткен Роза Рымбаеваның Алаш астанасындағы Мұқан Төлебаев атындағы музыка техникумында оқып, толысып келе жатқаны да осы кез. Жүсекеңнің, әйгілі әнші Жүсіпбек Елебековтің алғашқы шәкірті Мәдениет Ешекеевтің Алматыдан оралып, облыстық филармонияға орналасқаны да сол тұс. Баяғы бұйрабас Бөкең болса Абай атасының атындағы сахна төрін шаңдатып, есімі қалың көрерменге танылып-ақ қалыпты. Осының бәрі қосыла келгенде астанадан периферияға неге келдім деп өрекпіген көңілді сабасына түсірген. Оның үстіне облыстық «Семей таңы» газетінің мәдениет, әдебиет бөліміне тілші болып орналасқан соң театр қойылымдарынан, қаладағы түрлі мәдени шарадан қалыс қалмаймыз дегендей...
Бүгінде білеміз дейтіндер Бөкеңнің алпыс жылдық ғұмырында Абай театрында жүзден астам рөлде ойнағанын тілге тиек етеді. Мұндағы алғашқы рөлі М.Әуезовтің «Айман-Шолпанындағы» Жарас бейнесі. Ал одан кейінгі жерде ол Карло Гольдонидің «Екі қожаға бір қызметшісіндегі» Сильвио, Константин Треневтің «Любовь Яроваядағы» коммерсант Елистатов, Мірхайдар Файзидің «Ғалия-Банудағы» Халил, Расул Гамзатовтың «Тау қызындағы» Юсуп, «Мұса Жәлелдегі» Мұса, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлуындағы» Қозы, «Қыз Жібектегі» Төлеген, кейінде Шеге, М.Әуезовтің «Қаракөзіндегі Асан, жоғарыда айтқандай «Айман-Шолпанындағы» Жарас, З.Ақышевтің «Жаяу Мұсасындағы» Мұса, татар классикасы «Башмағымдағы» Әлімжан және тағы басқа спектакльдегі рөлдер кешегі көрермендер есінде. Мен соның бәрін болмаса да біршамасын тамашалаған адаммын. Әрине, актер ойын барысында бірінші кезекте пьеса авторының белгілі бір бейнелер арқылы көрерменге не айтқысы келгенін түсініп, түйсіне білгені ләзім. Екінші кезекте менің түсінігімде актер өз болмысын сомдап жатқан бейнесімен астастыра білуі қажет. Атақты француз жазушысы Флобердің «Бовари ханым дегеніңіз менің өзім» дейтіні сондықтан. Яғни Бөкең ойнаған рөлдерден мен адалдық пен адамгершілікті, аңқаулық пен шынайылықты сезінетін едім. Егер ол бейне өнер иесі болса, оған Құдайдың бергені. Иә, мұндайда Бөкең құлпырып, арқаланып кететін-ді.
Иә, театрда өткен ізденіске толы жылдар актер Сыбанов үшін ізденіске толы үлкен бір кезең болды. Осы орайда жоғарыда есімі аталған Бекен Жамақаев та бір кезде алғашқы еңбек жолын қазақ театр өнерінің қасиетті қарашаңырағы деп есептелетін осы бір өнер ордасында бастағанын айта кеткеніміз жөн болар. Бұл сөзімізді әрі қарай жалғастырып айтатын болсақ, Семейдің тағы бір маңдайына басқан мақтанышы, айтулы әнші, талантты сазгер Тұрсынғазы Рахимов та аталған театрда өзіндік ізі қалған өнер иесі. Кейінде екеуінің жолы облыстық филармонияда тоғысқан еді. Сол тұста Шәкәрім әндерінің бірден-бір насихатшысы Келденбай Өлмесеков та осында жемісті еңбек жолын жалғастырып жатқан болатын. Изатоллада бірге өскен ағасы Мәдениет Ешекеев те Бөкеңнің алдынан шықты. Небәрі екі-ақ жас айырмашылығына қарамастан мұның сол ағасының алдынан көлденең көлбеңдеген кезі жоқ. Ал Тұрсынғазы мен Келденбай бұларды ән өнеріндегі ұстаздары ретінде ардақтап, ерекше құрметтегендерін көзіміз көрді. Өкінішке қарай, бүгінде осы дәстүрлі ән өнерінің төрт бірдей арысының орны ойсырап-ақ тұр.
Тегінде Болат театр мен филарманияның арасында өзіндік соқпағы, сара жолы қалыптасқан адам. Оның ертеректе Алматы филармониясында еңбек етіп келгені де бар. Сондай-ақ ол Әміре Қашаубаев атындағы Семей облыстық филармониясында еңбек еткен жылдары өнер биігінен көрініп, өзіндік үнімен, сазгерлік дарынымен қалың жұртшылыққа кеңінен таныла білді. Сол жылдары бұл жиі айтатын тау бұлағындай тасқынды «Ақбұлақ» әні оның есімін республикадан тыс алыс, жақын шетелдердегі қандас ағайындарға да кеңінен танытқаны рас. Сонда аталған әннің шығу тарихын, оның нақтылы кімдікі екендігін Семейде тұратын абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов ешкімге соқтықпай нағыз ғалымға тән мінезбен дәйектеп бергені де есте. Содан кейінгі жерде бұл әннің нақтылы иесі атақты Сегіз сері – Мұхамед-Қанафия Бахрамұлы екендігі басы ашылған шындыққа айналған.
Филармонияға келген соң Болаттың өнердегі екінші тынысы ашылды десек те болады. Соның және бір айғағындай ол халық және кеңес заманының атақты композиторларының шығармаларын насихаттай жүріп, өзінің сазгерлік қабілетін де ұштай түскен. Оның тағы бір дәлеліндей «Таң самалы», «Ғашықтар термесі», «Аңса жаным», «Өзім туралы ән», «Жайна Семей», «Жұлдызым» әндері өмірге бірінен кейін бірі келіп жатты. Тегінде Бөкең соғысқа кеткен әкесінен небәрі төрт жасында жетім қалған балақан еді. Сондықтан оның бір әнін әкесіне арнауы да, ал сол әкесінің орнын жоқтатпай өсірген анасына екі бірдей ән арнауы да заңдылық. Осылардың ішіндегі сүйікті жары Үміт жеңгемізге арнаған әнінің де жөні бөлек. Оның өз жүрегінен туындаған әндерінің жалпы саны алпыстан астам. Соларды өз елімізбен бірге Түркия, Қытай, Моңғолия, Германия, Швецияда тұрып жатқан шеттегі қандастарымыз да сүйіп тыңдаумен шектелмей, өздері де келістіріп орындайтынын естіп қалып жатамыз.
Бөкеңнің әншілік өнері жетпісінші жылдардың соңына қарай заңды өз бағасын алып, оның Орта Азия мен Қазақстан кәсіпқой әншілерінің арасында өткен сайыста жүлделі бірінші орынмен атап өтілгені де, содан сәл кейінірек қазақ теледидарынан «Болат Сыбанов ән шырқайды» деген атпен телехабар берілгені де есте. Солай дей тұрғанмен жайшылықта сыр бермейтін ақкөңіл, ақкөйлек ағамыз оңаша бір кездесе қалғанда аһылап, үкілеп қалатыны да бар еді. Бұл оның анасымен, топты балашағасымен аядай үйге сыймай қиналып жүрген шағы еді. Сонда біздің үйде отырып сөзі «Үйге зармын, үйге зармын, төрт бөлмеге ынтызармын» деп келетін бір жаңа да мұңлы әнін шырқағаны бар. Көңілдегі сол мұңын сейілткім кеп мен үстелге бір шиша қойып жатқанда ол: «Оу, бауырым, менің бұл пәленің қай-қайсысын болмасын, өмірі аузыма алған адам емеспін ғой. Мені көп адам аңқылдаған мінезіме орай жай жүргеннің өзінде ішіп алған екен деп ойлайды. Ал ішіп алсам өмір бойы қасықтап жиған абыройымды шелектеп төгіп алмаймын ба?» деп күлетін-ді. Ол көзі тірісінде жастайынан елдің құрметіне бөленгенмен, сол шақтағы биліктің тарапынан үлде мен бүлдеге бөлене қоймады. Мұның басты себебі сол, кеңестік идеология дәстүрлі ән насихатшыларына соншалықты оң көзбен қарамағаны еш дәлелдеуді қажет етпейді. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағы оған жасы елуге тақаған шағында бірақ берілуі соған айқын айғақ болса керек.
Бір абзалы Бөкең кейде осыған жабырқап қалғанмен, көбінде Сырдың суы сирағынан келмей өзінің табиғи мінезіне тез көше қоятын-ды. Соның бір мысалындай, ішіне ел қонып қызбаса да, сол кезде мектепте оқитын балаларымызды әтеш болып шақырып, күшік болып үріп, мысық болып мияулап табиғи дарынымен күлкіге қарық қылушы еді. Өмірден де осы көңілді қалпында аттанып кете барған. Яғни семейліктер оның алпыс жылдығын атап өтуге дайындалып жатқан шақта көңілжықпастықпен бір тойға барған Бөкең тойға шашу ретінде әнін шырқап болған соң ойламаған жерден өмірден озған-ды.
Міне, содан бері де ширек ғасыр өте шығыпты. Таяуда Үміт жеңгеміз бастап, өнер жанашырлары қостап жуырда Семейдегі өлкетану музейінде мағыналы кеш өтті. Иә, елі барда елім деп өткен ер азамат есімі ұмтылмайды.
Дәулет Сейсенұлы,
ардагер журналист
Алматы