Елорда • 01 Ақпан, 2023

Елордалық филармония көрермендерге 100-ден астам концерт ұсынады

388 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония 100-ден астам концерт өткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елордалық филармония көрермендерге 100-ден астам концерт ұсынады

Елордада өткен онлайн-брифинг барысында филармонияның бас директоры Ерлан Дәкенов мәдениет мекемесінің қызметі мен алдағы жоспарлары туралы айтып берді. Оның айтуынша, биыл көрермендерді жаңа жобалар мен концерттік бағдарламалар күтіп отыр.

«Қаңтар айында вокал бөлімі Еркеғали Рахмадиевке арналған «Таң самалы» концертін ұсынған еді. Қазақ оркестрі өзінің күнтізбелік жылын «Күй атасы – Құрманғазы» концертімен ашады. Филармония солистерін Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығы ерекше әсерлендіріп, «Есіңе мені алғайсың...» жобасына себепші болды. Халық әншілері Ақан серінің 180 жылдығына орай «Дала дәстүрі» кешін дайындап отыр, ал симфониялық оркестр жыл бойы Мұқан Төлебаевтың 110 жылдығына арналған іс-шаралар өткізеді. Сол сияқты заманауи хореография балеті ALEM – «SOLO» дивертисментінің пластикалық қойылымында жарқын премьера күтіліп отыр. Камералық хор түрлі бағдарламаларды, оның ішінде Германиядан келген балалар хорын жоспарлап отыр. Үрмелі аспаптар оркестрі өзінің премьераларымен қуантады және биыл Данте Алигьери, «Су элементтерінің музыкасы», «Tik-Tok» бойынша концерттер ұсынады», деді Ерлан Дәкенов.

Биыл филармонияның шығармашылық ұжымдары гастрольдерге де шығады. Мәселен, Наурыз мерекесі күндері қазақ оркестрі Түркияда өнер көрсетеді, ал «Сарыарқа» халық музыкасы ансамблі мен «Шалқыма» халық би ансамблі Люксембургке аттанады. Ғ.Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті квартет «La cle des portes» француз фестиваліне қатысады.

р

Қазақстан бойынша да гастрольдік сапарлар жоспарланып отыр. Бұқар жыраудың 330 жылдығына арналған «Дала дәстүрі» бағдарламасымен халық әншілері Қарағанды, Қарқаралы, Жаңаарқа, Жезқазған қалаларына барады. Ал үрмелі оркестр Петропавл, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Ақтау және басқа да қалаларға барады.

Концерттік мекеменің ұжымдары елорданың 25 жылдығына орай көптеген ашық фестивальдер мен іс-шаралар жоспарлап отыр.

Айта кетсек, домбыра күніне орай Құрманғазының 200 жылдығына арналған филармониялар шеруі өтеді, елорда күніне арналған орасан зор музыкалық фестиваль дайындалып жатыр, оған филармонияның барлық ұжымы мен арнайы шақырылған жұлдыздар қатысады. Биылғы бағдарламада – «Астана дауысы» фестивалі, Манарбек Ержанов атындағы республикалық байқау, алғаш рет ашылған «Заманауи би фестивалі» республикалық телевизиялық жобасы және басқалары да бар.

Айта кетсек, өткен жылы филармония 350-ге жуық іс-шара өткізді, оған 400 мыңға жуық адам қатысқан. Мекеме ұжымдары 13 гастрольдік турға қатысты.

ндж