Поэзия • 01 Ақпан, 2023

Жиырмасында жалын кешкен

596 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ол бар болғаны 21 жыл ғана ғұмыр кешті. Әр адам өзінің шығармашылық әлеуетін әрқилы деңгейде көрсетіп жататыны рас. Біреу тым ерте танылып, шынашақтай кезінен құрмет пен шексіз қолпашқа бөленіп жататыны бар. Ал енді бір ақындар өлең өлкесінде өзіне тән қолтаңбасын қалыптастыра бастаған шақта ажал апанына ауып түсіп, пәни жалғанмен қош айтысады.

Жиырмасында жалын кешкен

Иә, Артығали казақ поэзиясының көгіне көтерілер шағында өмірден өтті де кетті. Жиырма бір жас деген не тәйірі?! Бір сөзбен айтқанда өлкеде өлеңнің отын жаққан жампоз күтпеген жерден аққан жұлдызға айналып кете барды. Талантымен талайларды таңғалдырған ақын өзі ортамыздан кетсе де, қасиетті қара өлеңі жанымызға жалау болып қала берді. Әсіресе жас буын оның өлеңдерін ұмытпақ емес.

«Сәуірде жаңбыр жауады оңай,

Дәуірге майса ауады маңай.

Өрісі көкте көгенсіз еді,

Қара жер бұлтты

сауады қалай?»

        

Көкжиек көйлек сөгіліп оқтын,

Сыбыры шықты шөбі ірі оттың.

Ебіл де дебіл еріксіз шақта,

Менің де келді төгіліп өткім», депті ақын жүректі жарып шыққан жырларының бірінде.

Артығали бұл өлеңін қанша жасында жазғанын кім білсін? Алайда жиырма бір жасында өмірге қол бұлғап кеткен ақынның жырындағы бөлек ырғақ пен соны сурет кімді де болса тамсандырмай қоймасы анық. Артығалидың жасында өзгеше ойлай білетін, танымы бөлек, ойы зерек ақындар тым сирек те болған шығар. Қалай десек те, Артығали 21 жылдық ғұмырында әдебиет әлеміне дендеп енген талант болатын. Оның жырлары сонысымен де құнды ғой.

«Өмірдің өзі жетпейді,

Олжаға оңай құныққан.

Қызуымен күннің көктейді,

Дүние біздің иықта.

 

Қамықпа досым, қамықпа,

Көктеме күнін сыйлайды.

Адамдар сыяр табытқа,

Ақындар бірақ сыймайды».

Артығали ақынның осы бір өлеңі оның поэзия әлеміндегі төлқұжатына айналып кеткені рас. Қай жерде болсын, айтулы ақынның бұл шумақтары жиі оқылып жатады. Жиі-жиі бас қосқанда жас ақындар да «адамдар сыйған табытқа, ақындар бірақ сыймайды» деп жырлаған Артығали әле­міне тереңнен үңілетіні рас. Өйткені ол көп­тің бірі емес, сүйегіне сөз қон­ған таңдаулы ақынның өзі
болатын.

Қамшының сабындай қысқа ғұмыр кешкен айтулы ақын туралы аға буынның пікірі де алабөтен еді ғой. Бақиға өткеннен кейін де оның өлеңдері, болмысы туралы жиі айтылып жатады. Мұның өзі ақын атының өшпегенін айғақтай түсетіндей.

«Көздері бір нүктеде тұрмайтын еді. Бойында бөріге тән қасиет басым болатын. Жойқын қуаттың иесі еді», деген Қазақстан Жазушы­лар одағының басқарма төрағасы, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлық­бек Есдәулеттің пікірі Артығалидың мі­не­­зінен де, шығармашылық қуа­ты­­­нан да сыр шертіп тұрғандай көрі­неді.

Миллион адамның жаны – миллион түрлі құбылыс. Ақынның жа­нын толық танып білу – әсте мүм­кін емес. Жиыр­масында жалын ке­шіп, от жұтқан ақынның өлең­де­ріне қарап отырып сан түрлі ойға шыр­­маласың. Ойнақы ырғақ пен то­сын теңеулер кімді де болсын толған­дырмай қоймайтыны анық қой. Бір қуаныштысы, оның жыры өлген жоқ. Қай жерде болсын оқылып жатады.

Ақынның жұмбақ жағдайда бақи­лық болуы – трагедия. Оның өлімінің құпиясы әлі күнге дейін толық ашыл­ған жоқ. Өзекті тілгілейтін өкініш оты да осы ғой. Кім біледі, бәлкім бола­шақта оның қандай жағдайда бақиға аттанғаны туралы құпия то­лық ашыла жатар. Әзірге жұмбақ өлім туралы айтудың өзі ауыр...

Артығалидың екі шумақтан тұра­тын «Ұмытпа» деген өлеңі бар. Кім-кімді болсын ойландырмай қоймай­тыны анық.

«Сен арғымақ,

Жүйріктейсің,

Шабытпен алыс кез енді.

Ұмытпа, бірақ,

Жақынға шапқан кезіңді...

 

Сен күн санап

Биіктейсің,

Биіктеу саған тез енді.

Ұмытпа, бірақ,

Төменде жүрген кезіңді»,

дейді ол.

Қазір кім-кімді ұмытпай жатыр десе­ңізші. Өмірін өлеңмен өрнек­теген небір мық­ты қаламгерлердің мерей­тойлары елеу­сіз қап жатыр. Сарысудың сартап даласын­да туған Артығали Ыбыраев көзі тірі бол­ғанда биыл жетпіс жасқа толатын еді ғой...

Өлең өлкесінде өшпестей із қал­дырған ақынның 70 жылдығы Тараз төрінде аталып өтіле ме, әлде жер­гілікті атқарушы би­лік Артығалиын ұмыт қалдыра ма? Кім біл­сін. Биікке шыққандар ұмытса да, тө­мен­дегілер оны ешқашан жадынан шығар­майды ғой...