Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы ұлтқа қызмет етуден кеңес өкiметi енді орнаған кезеңде де бас тартпай, олармен ымыраға келiп, бірге жұмыс істеуге келiсімін берді. Екiншіден, советтерге де өз саясатын жүргiзу үшiн Ақаң сияқты халық алдында беделi зор, бiлiмдi адам керек еді. Сондықтан өлкедегi төтенше комиссар Әлiби Жангелдин Ақаңның жаңа билікке қызмет етуге келiскенiн және онымен бiрге басқа да зиялылардың кеңестер жағына шыққандығын Ленинге хабарлады. Содан кейін ұлт ұстазы Жангелдинмен бiрге пролетариат көсемінің қабылдауында болып, мандат алды.

Осылайша, А.Байтұрсынұлы Қазақ өлкесiн басқару жөнiндегi әскери-революциялық комитетiнiң мүшесi ретiнде жұмысқа араласып, соның бiр отырысында, оның халқымыздың большевиктерге қатынасы туралы пiкiрi тыңдалды. Онда мынадай нақты ұсыныстар жасады.
1) Қазақтарды кеңес өкiметiнiң халыққа жалған емес, шын мәнiнде өзiн өзi басқару құқығын бергенiне сендiру үшiн Қазақ ревкомының дербес қимыл жасауына мүмкiндiк беру; 2) Кеңес өкiметiне қарсы болған барлық қазақтарға, оның iшiнде «Алашорданың» торғайлық және оралдық топтарына, олар Кеңес өкiметiнiң жағына шыққан жағдайда кешiрiм жариялау; 3) Кеңес өкiметi халықтың сенiмiне кiруi үшiн көңiлге қонымды шаралар қарастыру, тек сол арқылы ғана Кеңес өкiметiне қарсыларды өз жағына тартуды қамтамасыз етуге болады. Бұл отырысқа Куйбышев, Рудзутак, Бройдо сияқты орталықтың өкiлдерi қатынасқан. Осы мәжiлiсте ВЦИК-тiң (Бүкiл Ресейлiк Атқару Комитетi) Кеңес Өкiметiне қарсы қимыл жасаған барлық қазақтарға толық кешiрiм беру туралы шешiмi айқындалған.
Ахмет Байтұрсынұлы Қазақ ревкомының құрамында бiр жылдан аса істесе де, ол осы аралықта Алаш қозғалысының белсенді мүшелерiнің кеңес өкiметi тарапынан қудаланбай, өз мамандықтарымен халқына қызмет етуіне мүмкiндiк жасады.
Айтулы тұлғаның 1920 жылы Қазақ АССР-i Халық ағарту комиссары, әрi Бүкiлресей атқару комитетiнiң мүшесi болып, сол жылдары еліміздегі оқу-ағарту саласын ұйымдастырып негіздеді. Ол бұл орында екі жыл ғана қызмет атқарса да, елеулі жұмыстар тындырды.
Шындығын айтқанда, сол жылдары елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы ауыр еді. Соған қарамастан Ақаң 1920 жылы маусым айында өткен халық ағарту қызметкерлерiнiң съезiнде тиянақты міндеттер қойып, оны жүзеге асыру жолын ұсынды. Алдымен ол білікті мұғалiмдерді дайындау үшін екі жолды көрсетті: біріншісі – қысқа курстар арқылы ауыл мұғалімдерін дайындау, екіншісі – педагогикалық арнаулы оқу орындарының рөлін күшейту. 1921 жылы республика көлемінде 52 қысқа мерзiмдi мұғалiмдер дайындайтын курстар ашуды бюджет тарапынан белгiленгендiгiн осы съезде хабарлаған. Сондай-ақ ұлт ұстазы өз баяндамасында ағарту саласындағы өзекті мәселелерді де ашып көрсеткен. Мәселен, бірқатар мектептердің ғимаратпен қамтамасыз етілмегендігі, ғимараты барлардың өзінде жылу мен оқулықтардың жоқтығы, сонымен қатар талапқа сай мектеп үйлері көп жерде әскери мекемелерге берілгенін айтады. Және де мұғалімдердің жағдайының төмендігі мен оларды ешқандай материалдық жағынан қамтамасыз етілмегендігінен біраз өңірде мектептің жабылып қалғанын баяндайды.
Ақаң 1921 жылы құрылған академиялық орталықтың жанынан халық поэзиясының, музыкасының үлгiлерiн және этнографиялық мәлiметтердi жинау жөнiнде арнаулы комиссияның құрылуына мұрындық болды. Бұған да республикадағы белгiлi тарихшылар, музыка мен фольклордың бiлгiрлерi: Ә.Диваев, А.П.Чулошников, А.В.Затаевич, А.Д.Кастальский, Н.Н.Миронов, А.Л.Мелков, Н.В. Мелкова, А.А.Четыркина секілді көзі ашық зиялыларды тартты.
Ұлт ұстазы жауапты қызмет атқарып жүрсе де шығармашылықтан қол үзбеді. Қазақ тiлi бiлiмiнiң негiздерiн толықтырып, зерттеулерiн жалғастырды.1922 жылы Қазақ жазушыларының съезін өткізу идеясын көтерді. Бірақ жиынға мүдделі болмаған қаламгерлердің ниетіне көңілі толмай «Қалам қайраткерлерiнiң жайынан» атты мақала жазды. Мұнда қаламгерлерді, көзі ашық азаматтарды ұлтқа қызмет етуге үндеді.
«Жалғыз қалам қайраткерлерi емес, қазаққа жаны ашитын басқа азаматтар да қазақтың басқалардан көрген кемшiлiгiн айтпай тұра алмайды. Қазақтың сөзiн қаймықпай сөйлеу керек. Бауырмал десiн, қазақшыл десiн, ұлтшыл десiн, оған құлақ асып, ауыр алмасқа керек. Қазақ қасындағы жұрттардың қатарына жетiп, теңелуiне керектi iсiмiздi қолға алайық … Қазақ азаматтары мәдениет жiгiн жою жолындағы жұмысқа күшiн, iсiн сарп етуi керек. Басқалармен мәдениетi теңелiп, жарыса, жармаса күнелтуге қазақ жеткен күнi қазақты қасындағылар қаңсылатуын қояды, қазақ азаматтарының қазақ үшiн айрықша қайғыруы, қан қызуы жоғалады. Бас өзгередi, бастық өзгередi, төбе өзгердi, төре өзгердi, басқасы әлi қарап тұр. Қазақ көрген қорлық пен зорлық көбеймесе, кемiген жоқ. Жеуге жеңiл тұрғанды жеу табиғи iс. Қазақты бұрын жегендер әлi де зорлық қылып отыр. Қазақ мәдениетi орыстан кем болған соң жем болатыны сөзсiз. Қазақ жем болудан түбiнде декрет қуатымен құтылмайды, мәдениет қуатымен құтылады», – деп жазады ұлт ұстазы. Бұл мақалада айтылған ойлар бүгін де өзектiлiгiн жоғалтқан емес.
1921 жылы А.Байтұрсынұлы большевиктер партиясынан шығып, бастапқыда Халық ағарту комиссарының орынбасары, одан соң Академиялық орталықтың жетекшiсі болды. 1922 жылдан бастап саясаттан алшақтап, тек ғылыми-педагогикалық қызметпен айналысты. Ғылыми бағыттағы iстерi туралы ол өз қолымен жазған өмiрбаянында (1929, 8 март) былайша баяндайды: «Орынборға келгеннен кейiн, бiрiншiден, қазақ тiлiн фонетикалық, морфологиялық және синтаксистiк тұрғыдан зерттеумен, екiншiден, қазақ алфавитiн, орфографиясын жеңiлдету және реттеу үшiн реформа жасаумен; үшiншiден, қазақ жазба тiлiн лексикалық шұбарлықтан, басқа тiлдердiң синтаксистiк ықпалынан тазартумен, ақыры, ең соңында, төртiншiден, проза (iс-қағаз, публицистика, ғылыми жазба тiл) тiлiн кiтаби тiл арнасына стилистикалық өңдеу, қазақ сөздерiнен термин жасау арқылы халықтың жанды тiлiнiң арнасына көшiру iстерiмен айналыса бастадым. Бұлар өзiм жасаған оқулықтар және өзiм редакциялаған «Қазақ» газетi арқылы iске асты».
Ақаңның өз қолымен 1929 жылы жазып қалдырған «Газет және журналдарда жарияланған басқа, ғылыми, ғылыми-методикалық еңбектердiң тiзiмi» атты құжат ҚазПИ-дiң архивiнде сақталған. Онда төмендегiдей ғылыми, ғылыми-
методикалық т.б. еңбектерi көрсетілген:
«1. «Тiл құрал», 1-бөлiм. Фонетика.
- «Тiл құрал», 2-бөлiм. Морфология.
- «Тiл құрал», 3-бөлiм. Синтаксис.
- «Әдебиет танытқыш».
- «Баяншы». Методикалық жазбалар.
- «Тiл жұмсар», 1-бөлiм. Практикалық грамматика.
- «Тiл жұмсар», 2-бөлiм. Практикалық грамматика.
- «Оқу құрал». Балалар әлiппесi.
- Әлiппе.
- «Сауат ашқыш». Ересектер әлiппесi.
- «Әлiппе – астар». Әлiппеге методикалық нұсқау.
- «Қырық мысал» – Крылов мысалдары аудармасының жинағы.
- «Маса» төлтума және аударма өлеңдер. Өлеңдер жинағы.
- «Оқу құрал». Хрестоматия (нұсқалық, Шонановпен бiрлесiп жазылған)».
Байқасақ, аталған еңбектердің дені тiл ғылымына байланысты жазылған. Ол заңды да. Ахмет Байтұрсынұлы араб қарпін қазақ тiлiнiң фонетикалық табиғатына лайықтап қазақтың ұлттық әліпбиін реформалауды 1910 жылдан бастап жетiлдiре түседi.
Нәтижесінде, араб қарпі негiзiндегі қазақ әліпбиі 1924 жылы маусым айында Орынборда өткен білімпаздардың тұңғыш съезiнде талқыланды. Жиында Ахмет Байтұрсынұлы «Әлiпби тақырыбы» деген атпен баяндама жасайды. Ол түркi жұрттарының қолданып келе жатқан жазуы бар екенiн, оны өзгертiп, басқа графикаға көшу оңай емес деген пiкiрдi дәйектейді.
Ахмет Байтұрсынұлы реформалаған араб жазуы өз кезiнде қазақ халқының өмiрiнде үлкен рөл атқарып, қалың көпшiлiктi жаппай сауаттандыру iсiне, жазба әдебиеттiң, баспасөздiң, басқа жұмысының жандануына игi әсер еткен айрықша құбылыс болды. Көрнекті тұлғаның бұл тәжiрибесiн сол кезде өзге түркi халықтары, мәселен, өзбектер мен татарлар үлгi етiп алып, тәжірибесін өз жазуларына пайдаланды.
Сонымен, 20-жылдары Ахмет Байтұрсынұлы бастаған ұлт зиялылары оқу-ағарту саласына атсалысып, қатаң идеологиялық қысымға қарамастан халқының қажетіне қызмет етті. 30-жылдардың басында елімізде сталиндік тоталитарлық жүйе күш алып, Алаш зиялылары түгел дерлік қуғын-сүргінге ұшырады.
Қадыр АХМЕТОВ,
А.Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор
Батыс Қазақстан облыстық мәслихатына кімдер сайланды?
Сайлау • Кеше
Түркістан облыстық мәслихатына сайланған депуттар кім?
Сайлау • Кеше
Бірқатар өңірде ауа райына байланысты ескерту жасалды
Ауа райы • Кеше
Ұқсас жаңалықтар