Бұл – бір айдан бері өтіп жатқан классикалық шығармалар шеруі – халықаралық Вена фестивалінің кезекті концерті. Ортада – симфониялық оркестр. Дирижер – жапониялық маэстро Коки Гонгуй Янг. Солист – пианист Долорес Үмбетәлиева.
Айта кетейік, Вена классикасының фестиваліне Жапония, Моңғолия, Израиль, Эстониядан көптеген музыкант арнайы шақырылды. Аталған мәдени жобаның алғашқы кешінен бастап әлемнің әр қиырынан келген таланттар қазақстандық оркестрмен бірге өнер көрсетіп жүр. Осы орайда күні кеше ғана шеберлігіне куә болған жас дирижер Коки Гонгуй Янгпен аз-кем сөйлесудің сәті түсті. Ең қызығы, оның анасы қыл қобызға ұқсайтын, ал әкесі домбыра тектес аспапта ойнайды екен. Өзі де қазақ халқының музыкасына ерекше қызығады.
– Бұған дейін Көкшетауда, Петропавлда, Астанада оркестрлермен жұмыс істедіңіз. Осы жолғы сапарыңыз туралы айтыңызшы. Бұл фестивальге алыстан ат арылтып келуіңізге Венада оқып, классикалық музыкаға жақын болғаныңыз себеп шығар?
– Бұл жобада классицизм дәуірінің музыкаларын орындаймыз. Яғни Гайдн секілді аса талантты композиторлардың шығармалары өмірге келген және одан сәл кейінгі кезең. Бұл дәуірдің өз ерекшелігі, музыкалардың интерпретацияларына өз көзқарасы бар. Жалпы, музыкадағы дәл осы тақырып – кез келген дирижердің жүрегіне жақын. Классикалық симфониялардан көрермен секілді біз де сахнада тұрып арқаланып кетеміз. Жан-жүрегімізбен сезініп, елітіп, тіпті кейде өзге бір ғаламшарда ұшып жүргендей сезінемін. Шығарма аяқталған соң көрермен шапалағынан есімді жиып, жерге түскендей болам. Бұл – енді бір ешкім түсіне қоймайтын таңғажайып хал.
– Отбасыңыз да өнерден кенде емес. Музыкаға келуіңізге ата-анаңыз ықпал еткен болар?
– Иә, мен Жапонияда туып-өстім. Кейін 12 жасымда Қытайға көшіп бардық. Сол жақта музыкамен тереңдей айналыстым. Қытайдың эрху дейтін ұлттық аспабында ойнадым. Ол бағзыдан келе жатқан қыл қобыз сияқты ысқымен ойналады. Музыкант болып өнер көрсетіп жүргенде іштей үнемі дирижерлікпен айналысқым келетін. Себебі отбасымыз көптеген тамаша дирижермен таныс болды. Дирижердің тұлғалы бейнесі жүрегімде жастайымнан-ақ қалыптасты, кейін 15-16 жасымда дирижерлікке үйрене бастадым. Ал мектеп бітірген соң Вена орындаушылық өнер және музыка университетіне оқуға түстім. Жалпы, шығармашылығымда түрлі елдің оркестрлерімен жұмыс істеуді мақсат еттім. Өйткені әр ұлттың нақышы бөлек, әуезі басқа. Ол, ең алдымен, менің музыкалық танымымның кеңеюіне қажет болды.
– Өзіңіз бірге өнер көрсеткен «Астана Опера» симфониялық оркестрінің қабілет-қарымы қалай екен?
– Бұл шығармашылық ұжым, меніңше, Қазақстандағы қарымды өнер ордаларының бірі. Екіншіден, оркестрде кей еуропалық ұжымдарда жоқ дүниелер бар. Мәселен, кәсібилік тұрғысынан алсақ, жаңа ой, жаңа стиль, музыкаларға интерпретацияның жаңа амалдарын жасайтын ынтықтық пен энтузиазм бар. Фестивальге дайындық кезінде оркестрдің менің мәнеріме, дыбыстау мақамына тез икемделіп алғанына таңғалдым. «Астана Опера» оркестрінің музыканттарымен бірге өткізген уақыттан жақсы әсер алдым. Жұмысымыз да өнімді болды. Біз қысқа мерзім ішінде музыка мен стилистиканың өзара үйлесімін ойдағыдай құра алдық деп ойлаймын. Енді 7 ақпандағы үлкен концертке дайындалып жатырмыз.
– Кешегі кеште В.А.Моцарттың соңғы шығармасы саналатын №41 симфонияны, сондай-ақ Ф.Мендельсонның «Гебридтер» концерттік увертюрасын ұсындыңыздар. Ал 7 ақпанда өтетін фестивальдің қорытынды концертінде не тыңдаймыз?
– Ол кештің бағдарламасында сан алуан шығарма бар. Мәселен, Йозеф Гайдн жазған барокко стиліндегі алғашқы шығармалардың бірі енді. Кейін Гайднның №104 симфониясын орындаймыз. Бұл – композитордың соңғы симфониясы. Мұнда сазгердің жарқын, бірегей идеяларын көре аламыз. Сондай-ақ К.М.фон Вебердің «Вольный стрелок» операсының увертюрасын ұсынамыз. Бұл туынды музыкадағы драманың мүлдем басқа деңгейінде жазылған. Мұнда увертюрадағы операны небәрі 8-10 минутта толық тыңдауға болады. Музыкалық бағыттардың түрлі кезеңін қамтыған шығармада ерте кезеңдегі бароккодан ерте классицизмге, сондай-ақ кейінгі классицизмнің ырғақтары мен ағарту дәуіріндегі романтизмнің басталуына дейінгі музыкалық үрдістерді естисіз.
– Дирижерлердің бәрі бірдей талантты. Ал сіздің артықшылығыңыз қандай? Оркестрді басқаруда, партитурамен жұмыс істеуде өзіндік стиліңіз бар ма?
– О, бұл туралы ешкімге айтпап едім. Егер туынды аса күрделі болмаса, мәселен, барокко дәуірі, классицизм немесе ерте кездегі романтизм – алғаш партитураның бетін ашқан соң шығарманың дыбысталуын елестетіп отырып, қайталап оқи беремін. Тұтас музыка миымда жатталғанша қайталаймын. Ал құрылымы күрделі шығармаларға кірісерде дыбысталуын жақсы сезіну үшін фортепианода ойнаймын. Мұндай кезде партитурамен ұзақ жұмыс істеймін. Ол шығарманы өзім жазғандай әр нотасын толық сезініп болғанша дайындаламын. Оркестрмен жұмыс істеген кезде алғашқы дайындықта, негізінен әр аспаптың үніне, интонациясы мен артикуляциясына мән беремін. Оркестр ұжымдық еңбек болған соң ондағы әр дыбыстың рөлі маңызды.
– Әңгімеңізге рахмет.