Қазақ халқы өзінің еңбегі орасан ұл-қыздарын ұмытпай, олардың айтулы істерін ұрпақтары жадында мәңгі сақтап жүруі үшін, тарихқа мөр басқандай ерекше таңбалап кеткен. Аты аңызға айналған қазақ халқының нар тұлғалы батыры – Қанжығалы қарт Бөгенбай сондай сый-құрметтен көзі тірісінде де, өлісінде де кенде болмағанын көкірегі ояу жандар біледі.

Даналығы мен қаһармандығы тең тұлға
Сонау Әз Тәуке ханның тұсында аты шыққан бұл сардар кейіндері жас Абылайдың жорықтас адал серігі ғана емес, билер алқасының көзіқарақты кеңесшісі болғаны да тарихи шежіре-мұрағаттардан белгілі. Абылай ханның: «Бәрін айт та, бірін айт, Қанжығалы Бөгенбайды айт – ақылдың жатқан үйін табушы еді» деген сөзі бекерден айтылмағаны анық. Екінші жағынан қазақ халқы оны басқалардан ерекшелегендей «Қанжығалы қарт Бөгенбай батыр» деп әспеттеген.
1710 жылы ел басына күн туған соң, қазақтың бас көтерер игі жақсылары Қарақұмда құрылтай өткізіп, сол кеңесте, елдің тағдыр талайы белгісіз болып тұрған шақта Бөгенбайды бас сардар қылып бірауыздан сайлайды.
Қазақ шежіресінің білгірі, атақты Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Даналарға» деген өлеңінде осы оқиға тұспа-тұс айтылған:
«Өнерге құлаш ұрып бала жастан,
Тарихын бұл үш жүздің етіп дастан,
Баласы Толыбай сыншы Қожаберген,
Бой ұрған ерлік іске әуел бастан.
Бабадан Қожаберген бата алған,
Бөгенбай Қанжығалы Сардар болған,
Ел қорғап, қамал бұзып,
даңқы шығып,
Оған да бақыт пенен аруақ қонған».
Осы бір шешуші шақ шетелдік зерттеушілердің де назарынан тысқары қалмаған. Бұл туралы орыс тарихшысы Я.Гавердовский Қарақұм құрылтайы туралы еңбегінде байыпты деректерді алға тартады: «Құрылтайға қатысушылардың бір тобы жоңғар қалмақтарына бас ұсынуды жөн көрді. Басқалары үй-күйін тастап, Еділдің сыртына көшіп барып, жан сақтағысы келді, ал енді біреулері қоян секілді жан-жаққа бытырап кетпекші болды. Талайы толқыды. Бірақ сол кезде ерлігімен әйгілі болған ру басы Бөгенбай батыр мұндай әрекеттердің бәрін тыйды».
Бөкең ел үмітін ақтап, қазақ, ноғайлы, қарақалпақ елдерінің біріккен әскерін басқарып, ұлы жорықтың, шешуші айқастың басын бастады.
Ресей ғалымы П.Н.Рычковтың айтуынша, қазақтар орыс патшасын паналауды жөн санайды. Бірақ сол заматта қайсарлық танытып, елді сөзімен ұйытқан атышулы батыр Бөгенбай үрейі ұшқан елдің көшбасшы көсемдерін өзінің айтқанына көндіреді: «Но известный киргизский батыр и старшина Богенбай на сейме (құрылтайда) в Каракумах склонил народ к нападению на калмыков» (П.Н.Рычков). Осы қанқұйлы ұрыстың жетістігі халқымыздың жүдеп-жадаған көңіліне үлкен рух пен сенім ұялатты.
Әбілқайыр хан батырдың қазақ арасындағы зор беделіне жүгініп, өзінің әскербасысы қылып тағайындайды. Бөгенбай батырға хан өз ықтиярымен туған қарындасы Сақыпжамалды қосады.
Ілияс Есенберлин бұл туралы жан-жақты ізденіп, тарихи романына арқау етті. Батырлардың ағасы болған кісі Абылай заманында да көрнекті істерімен көзге түсті. Жоңғар империясының белін үзгенше дамыл таппаған жан ат үстінен түскен жоқ.
Шешуші айқастарда Бөгенбай батыр ел сенімін барынша ақтаған батырлардың алды, қалың қолды соңына ерте білген аяулы ерлерінің бірі еді.
Көрнекті ақын Мағжан Жұмабаев өзінің «Батыр Баян» жыр-дастанында:
«Ашуы жауған қардай,
шөккен нардай,
Қарт қыран Қанжығалы
қарт Бөгенбай»,
– деуі оның осы ұлылығының бір мысалындай естіледі.
Қазақтың ұлы кемеңгер билері Төле мен Әйтеке, Қаз дауысты Қазыбек батырлар түгілі хандарды тезге салған қазақ арасындағы өте ықпалды жандар болған. Дала данышпандарымен келіспей, ақылдаспай іс-қимыл жасамаған батырлардың бірі – тағы да осы Бөгенбай.
Ашуға берілмейтін, ойланбай іс-әрекет жасамайтын, қапылыста жау келсе де, асып-саспайтын оның біртоға мінезін билер де үнемі жақтап отырған.
Қалмақпен жүріп жатқан итжығыс, қанталапай майданда Төле би Бөкеңе қарап: «Қарт ағаң Қаз дауысты Қазыбекке пана бол, далада адасып қалмасын», деп аманат етіп міндеттеуі – оның қысылтаяңда сенімді, жолдастыққа берік кісі екендігін айғақтап тұрғандай.
Абылайдың Төле бидің есігінде «Сабалақ» атанып, түйе бағып жүргенінде осы Бөгенбайды кездестіріп, соңына еруі – кездейсоқ оқиға емес. Өйткені бас батыр хандардан бұрын қарадан шыққан ұлы билер Төлемен, Қазыбекпен өткір әрі өзекті ел мәселелерін ортаға салып, үнемі салмақтап отырған.
Тағы бір мысал. Қазыбек және Төле билермен кездескеннен кейін ол 1730 жылдың көктемінде Ұлытау аймағында қазақ әскерінің ортақ күшімен жаудың қабырғасын қақыратты.
Баһадүр Бөгенбай қазақ елінің бірлігін сақтап, хас дұшпанның бетін қайырған шақта қазақ халқы жоғалған сенімін қайта тауып, темір құрсанып, өкшелей қуған жауды кері қайтара бастады. Қайраты мен айбары тең келген батырдың ұстамды әрі салқынқанды мінезі талай қиын-қыстау кезде, ел тағдыры шешілер тұста зор септігін тигізді.
Ұлы жырау Бұқардың сол тұста дүниеге келген өлең-жырларынан мұны аңғару қиын емес.
«Қиядан қиқу төгілсе,
Аттың басын тартпаған.
Қисапсыз қол көрінсе,
Қорқып жаудан қайтпаған.
Қазақ деген халқынан,
Батыр шыққан даңқынан.
Қарсыласқан асылдар,
Қорғасындай балқыған.
Еңбек қылған ел үшін,
Жауда кеткен кек үшін.
Қазақтың абырой-арына,
Сарып қылған бар күшін».
Батырдың бойындағы жігер, өрлігі мен намысы, ерлігі мен жанкештілігі суретке салғандай сомдалып шыққан. Жалпы, атақты көмекей әулие Бұқар бабамыз ер Бөгенбайдың образын сомдауда жалынды сөздерін аямаған. Бұл бекерден-бекер туындамаған шығарма екені бесенеден белгілі. «Батыр шыққан даңқынан» деуі оның сол кезде ел үшін жасаған қайраттылығының белгісіндей емес пе!
ХVІІІ ғасырда аты шыққан жауынгер жыраулардың бірде-біреуі Бөгенбайды ауызға алмай өтпейді, оны ерліктің үлгі-өнегесіндей бағалап, шынайы ел қорғаны ретінде өскелең ұрпаққа шама-шарқы жеткендерінше өнеге алатындай дәріптеген. Мысалы, Тәттіқара жырау да соны аңғарып, баһадүрге төмендегідей сөздерін арнаған екен:
«Ағашта биікті айтсаң –
қарағайды айт,
Жігіттік, ерлікті айтсаң –
Бөгенбайды айт».
Мұндай жыр жолдарын біз көптеген жыраудың еңбегінен оқығанымыз бар. Мысалы, Үмбетей жырау оның қоғамдағы орны мен атқарған өлшеусіз еңбегін өзінің бірауыз жыр шумағымен жеткізеді:
«Бұл адам іс қылатын болжап-байқап,
Ырысын бұза алмайтын
ешкім шайқап».
Екінші бір толғауында Бөгенбай туралы мынадай суретті сөз тіркесін шығарып, оны қазақтың қазынасына балайды: «Тәңірім берген сондай сый».
Бұл батыр қазасын Абылайға естірткенде шыққан дүние деседі.
Ұлының ұрпақтары
Бөгенбай батыр жасы жетіп, 90-ға таяғанда Ақмола өңіріне жақын Ереймен елінің теріскейіндегі Сілеті өзені ағып жатқан тұста қайтыс болады. Аруақты ердің қайтқан жері күні бүгінге дейін «Бөгенбай» аталуы, халық жадында нақтылығымен сақталуы – таңдандыратын оқиға. Бұл әуелде «Бөгенбай сөресі», кейіндері алтын мен көмір табылғасын, ауқымы кеңіп «Бөгенбай руднигі» аталып кетті. Қазақ халқы қандай құбылмалы кезеңде өмір сүрсе де, бір ғажабы Бөгенбайдың есімі сол жерге мәңгілікке таңбаланып қалды.
Бірақ Абылай ханның жарлығымен, билер мен жыраулардың қолдауымен оның сүйегі Түркістандағы Әзірет Сұлтан кесенесіне жерленгенін жұртшылық жақсы біледі.
Тарбағатай тауында болған шешуші шайқастан кейін сол жерде «Бөгенбай асуы» деген атаудың пайда болуын – елдің құрметі деп білу керек.
Әулие санатына енген кісіге Абылай хан оның сүйегі Түркістанға жеткізілгенде арнайы ас берген. Бұл туралы Ілияс Есенберлин де ерекше атап өтеді.
Бұны батырдың халқына сіңірген өлшеусіз еңбегі үшін жасаған сый-құрметі деп бағалауға тұрарлықтай. Әйтпесе қазақтың біртуар ақын ұлы Бұқар жырау Абылайға төмендегідей айшықты жалынды сөздерін арнамас еді ғой:
«Қазақтың ханы Абылай,
Абылай ханым, бұл қалай?
Ақ иықты аспанға,
Ұшпастай ғып торлады,
Құлағанға ұқсайды
Қазақтың қамал-қорғаны».
Батырды Алтайдың ақиық ірі бүркітіне теңеп, қазақ елінің қамқоры, қамал-қорғаны болғанын бағалай білуі жалпы халықтық ой-пікірден хабар бергендей естіледі.
1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісте Ереймен елі көп қиындықты көрсе де ақ патшаның жазалаушы әскеріне өліспей беріспеді.
Кеңес дәуірі тұсында да осы данагөй, халық жанашыры болған батырдың аруағына, ұрпағына қысым-қиянат жасағандар аз болған жоқ. «Шынжыр балақ, шұбартөс» жуандардың тұқымысың деп, кеңес үкіметін жақтаушы қандастарымыз 1928 жылғы кәмпескеде ұлы даламызды азат еткен Бөгенбай батырдың ұрпақтарына көп қиянатты істер жасады. Солардың бірі, атақты ақын Олжабай, оның ағалары Барлыбай мен Ералы шешендер, ақын-қайраткер Сәкен Сейфуллинмен Омбыда бірге оқыған Төлеубай елден кетуге мәжбүр болды. Біреуін Қара үйшікке жер аударса, екіншілерін итжеккенге дейін қудалады. Бұлар Бөгенбай батырдың шөбересі атақты Саққұлақ биден тараған ұрпақтар еді.
Туған жерлерінен қуылған шақта, Нұралыұлы Олжабай Маңғыстау, кейіндері Омбы, Қызылжар маңында, еліне жақындай алмай, зорлық-зомбылықтың күй-шерімен өмір сүрді. Топырақтың бұйырған жері де осы Қызылжар қаласы. Бірақ егемендік алған алғашқы жылдарда Ереймендегі ұрпақтары мен тума-туғандары оның сүйегін өзінің туған еліне әкеліп, арулап қайта жерлеп еді.
Ал Төлеубайға келсек, Орынборда заң қызметкері болып істеп жүрген кезінде ұсталып, ату жазасына кесілген.
Жоғарыда айтқан бір ұрпағы Ералы ақсақал баласы Тұрсынбаймен бірге Семей шаһарында өмір сүрді.
Ғалым Қайым Мұхаметханұлымен сыйлас болған Тұрсынбай ақсақал да Ертіс өңірінде қайтпас сапарға аттанған. Оның көптеген мұрағатын Қайым ағамыз іске жаратқанын жарық көрген кітаптарынан, жазған естеліктерінен оқыдық. Әсіресе батырлар туралы деректер жинастырғанда сол кісінің сөзіне көп құлақ асқан екен.
Өмір керуені алға озған сайын ұлы тұлғалар даралана түседі. «Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ер көгерер» деген сөздің мағынасы үлкен әрі терең. Бір ғажабы, басқаларға қарағанда, батырдың атышулы ұрпақтары көп болды.
Қарқаралыда қазақтың жақсы мен жайсаңдары бас қосқан жиында көптің ортасында отырған Саққұлақ биге Арқаның жыр дүлдүлі Кемпірбай алдымен оған сәлем берген екен:
«Ассалаумағалейкүм, боз арғымақ,
Қол бастап,
ата жауға тартқан садақ.
Бөгенбай, Тұраналы, әкең Бапан,
Ежелден ел қорғаған кәрі аруақ».
Үйлесімді ой, дәлелді тарихи сипатты сөз бұл әулеттің тегеурінін, тектілігін аңғартып-ақ тұр.
Саққұлақ бидің шешендігін, айтқан көсем сөздерін Мәшһүр Жүсіп Көпеев те, Баянауылдың ірісі, Шоқан Уәлихановтың нағашысы, орыс әскерінің полковник шенін алған Мұса Шорманов та жақсы білген.
Бірі Ерейменде, екіншісі көрші, жаны аралас, қойы қоралас ел – Баянауылда өмір сүрген соң, жаз жайлауда жиі бас қосып отырған. Бір күні Мұсаның келе жатқанын естіп, қарсы алуға алдынан Саққұлақ бидің өзі шығыпты. Сонда Сағекең Мұса ізеттік танытып, інілік әдеппен: «Ассалаумағалейкүм, арғынның ақсақалы!» деп алдымен сәлем берген екен. Сол кезде би тосылып қалмай: «Уағалейкүмассалам, Орта жүздің шамшырағы!», деп жауап қайтарыпты. Бұл бекерден-бекер ұйқастырыла айтылған сөз емес.
Баянауылдың ту ортасынан өніп шыққан, жиһангер, қазақ шежіре сөзінің көсемі болған Мәшһүр Жүсіп те Саққұлақтың көне қазақ қоғамындағы орны мен беделін бір-екі ауыз шумақпен былайша суреттеген:
«Бұл асқа жақсы келді, жаман келді,
Жиналып үлкен-кіші, таман келді.
Арғынның ақсақалы – Саққұлақ бар,
Әр елден тағы сондай адам келді».
Ұлы қолбасшының Қытай сапары
Қазақ тарихында Бөгенбай батырдың қытай еліне барған сапары 1761 жыл деп нақты көрсетілген.
Ол анау-мынау емес, қытай императоры Цай Лунгтің тікелей өзімен мәмілегерлік жүргізіп, тапқырлығы мен кемеңгерлігінің арқасында осы сапарында өзіне жүктелген істің түйткілін нақты шеше алған.
Бұл туралы Л.Н.Гумилев атындағы университеттің профессоры, тарихшы Қойшығара Салғараұлы маған терең мағыналы мәлімет беріп еді.
Ол 2013 жылы осы елге арнайы елдік тапсырмамен барған.
– Қытай оқымыстылары бұл сапар барысында маған қазақ баһадүрінің елшілікпен келгені жайлы толық мағлұмат берді, – деп еске алды өткенді Қойшығара Салғараұлы. – Нақты деректерді жазатын ұлы императордың сарай қызметкерлері Қанжығалы қарт Бөгенбайдың үзеңгілес жолдастарының санын, олардың мінген сәйгүліктері, тіпті жылқыларға берілген жем-шөптерінің өлшемі туралы да толыққанды мәліметтер қалдырыпты.
Ғылыми шара кезінде қытайлық әріптестер Бөгенбай батыр мен император Цай Лунгтің кездескен жерін көрсетіпті. Императордың орынтағы мен елші болып келген қазақ батырының тұрған жері тасқа таңбаланғандай нақты белгіленгені оны таң-тамаша күйге бөлеген. Қойшығара аға даңқты батырдың етігінің ізі қалған жерде ырымдап біраз уақыт тұрыпты да.
Мәмілегер қазақ басшысының сөзі мен ісі Қытайдың паң ханзадаларына ерекше бір әсерін тигізген екен. Қытайдың жылнамашылары арнайы елшілік ісімен барған Бөгенбай батыр беделінің жоғары болғанын императордың оны ертеңіне аң аулауға әдейі мәртебелі қонақ ретінде шақырғанынан-ақ аңғарған.
Қойшығара Салғараұлы қытай императорының саятшылық кезінде Бөгенбайдың қол мергендігі мен шапшаңдығына, астындағы жұлдыздай ағатын тұлпарының иесінің ыңғайына бағынатындығына қатты тәнті болғанын ерекше бір толғаныспен айтты.
– Қазақ сардарының аңшылық шеберлігіне, атқан жебесінің мүлт кетпейтіндігіне қатты сүйсінген қытай императоры оған өз жадынан қолма-қол өлең шығарғанына мен қатты қайран қалдым, – деді ағынан жарыла сөйлеген қазақ тарихшысы Қойшығара Салғараұлы.
Батырдың саятшылығы туралы
Бүгіндері өзінің тікелей ұрпақтары отырған елі – Ертіс бойы мен Ерейментауда екі бөрібасар жүйрік тазыларының тұқымы өткен ғасырдың 50-ші жылдарына дейін баптай білген азаматтарға көп олжа салғаны шындық.
Әріден бастайтын болсақ, атақты жазушы Мұхтар Әуезов «Көксерек» повесінде ел-жұртқа маза бермеген дала тағысын алған тазы туралы қызықты дерек қалдырған.
Шыңғыстау өңіріндегі жазушы досына Қанжығалы қарт Бөгенбай батырдың атақты «Аққасқа», «Көкқасқа» тазыларының екі күшігін жеткізген кісі – көрнекті ғалым Әлкей Марғұлан. Көксеректі алған сырттан – осы батырдың атышулы тазыларының тұқымы екенін Мұхтар Әуезов те оқырманға жеткізген.
Сәкен Сейфуллиннің жолдасы болған орыс жазушысы Александр Дубовицкий Ерейменге барған сапарында батыр бөрібасарларының өнерін аңшылықта көріп қатты таңырқаған екен.
II дүниежүзілік соғыс кезінде батыр ұрпақтары отырған Ерейментау елінде аты шыққан Сұркиік атты тазының өнері көпшілікті бертінге дейін қатты тәнті етті.
Тіпті халық жазушысы Сәбит Мұқановтың бертіндері асыл тұқымды Аққасқа мен Көкқасқадан өніп-өскен тазыларды көруге Ерейменге арнайы келгенін ел үлкендері жақсы біледі.
Батырдың ақын ұрпағы Олжабай осы бөрібасарлар туралы, олардың саятшылық кезіндегі өжеттігі туралы «Аққасқа» атты туынды қалдырған.
Даңқты қазақ батыры жаугершілік заманда елге қорған бола білсе, оның рухы бертінгі ұрпақтарына да болысқанын біз жақсы білеміз.
1979 жылы Ерейменде неміс автономиясы құрылады деген шешім шыққанда, қиналған қазақ азаматтары Бөгенбай батырдың аруағына жүгінді. Мұны сол кезде Ерейментау ауданын басқарған Төлеген Ошағанов айтқан еді. Үлкен-кішісі үдере түрегелген ел Мәскеудің шешіміне қарсы тұрды.
Целиноград облысына басшылық еткен Николай Морозов, Андрей Браун кітаптарында Бөгенбай батырды ерекше атап, бірсыпыра тарихи деректерді дәйектейді.
Қанжығалы қарт Бөгенбай батырдың әулетінен тараған ұрпақтар бүгіндері Астана, Алматы қалаларында, Көкше өңірінде, Ақмола, Павлодар мен Қостанай облыстарында өмір сүріп жатыр. Батырдың ерлікке толы істері ел жадынан өшпейді.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі, өлкетанушы
АСТАНА
Батыс Қазақстан облыстық мәслихатына кімдер сайланды?
Сайлау • Кеше
Түркістан облыстық мәслихатына сайланған депуттар кім?
Сайлау • Кеше
Бірқатар өңірде ауа райына байланысты ескерту жасалды
Ауа райы • Кеше
Ұқсас жаңалықтар