Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Таяуда еліміздің Бас прокуратурасы Украинаның Ұлттық полициясымен бірлесіп, телефон арқылы алаяқтық жасаған халықаралық қылмыстық топты әшкереледі. Алыста жүріп-ақ талай адамды тақырға отырғызып кеткен топтың құрамында 32 адам болған.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге айрықша назар аудару керектігін айтып, құқық қорғау органдарына мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтуі тапсырған еді. Биліктің назарын аударған бұл мәселе шынымен де өте өзекті болып тұр. Оған осы қылмыс түрінің күрт өсуі мен алаяқтардың құрығына түскен жәбірленушілер санының артуы да түрткі болып тұр.
Өткен жылдан бері Бас прокуратура мүдделі органдармен бірлесіп интернет алаяқтық пен қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл жөніндегі бірлескен іс-шаралар кешенін қабылдап, ауқымды жұмыс атқарып келеді. Іс-шаралар кешеніне құқық қорғау және уәкілетті органдардың өзара іс-қимылын күшейту, қызметкерлердің біліктілігін арттыру, цифрлық технологияларды енгізу, қолданыстағы нормативтік құжаттарды жетілдіру, оның ішінде жедел ақпарат алмасу, жедел тергеу қызметкерлері үшін бейінді оқыту жүргізу, IT бағдарламалар мен қосымшаларды әзірлеу және енгізу, жауапкершілікті күшейту секілді шаралар кіреді.
Атап айтқанда, Бас прокуратура сұраныстарды санкциялау рәсімін сақтай отырып, банктік шоттар мен ақша қаражаттарының қалдығына сұраныстарды жіберу бөлігінде құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесінің әмбебап сервисі жобасын іске қосты. Ақпарат алмасуды жеделдетуге мүмкіндік берген жоба қолға алынғалы бері кибер алаяқтардың 10 қылмыстық тобы әшкереленген.
Мысалы, Шымкентте бес адамнан тұратын қылмыстық топ ұсталды. Олар өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтарға несие ресімдеп, қашықтан қол жеткізу бағдарламаларын пайдалана отырып, ақша қаражатын жымқырып келген.
«Сондай-ақ интернет алаяқтықтарды ашу және Қазақстанның Еуропа Кеңесінің компьютерлік қылмыстар туралы конвенциясына қосылуы бойынша халықаралық ынтымақтастықты жандандыру жөнінде шаралар қабылданды. Осындай жұмыстың арқасында Украинаның Ұлттық полициясымен бірлесіп, телефон арқылы алаяқтық жасаған халықаралық қылмыстық топ жойылды», делінген Бас прокуратура таратқан ресми мәлімдемеде.
Аталған ведомствоның ресми өкілі Александр Ким полиция органдарын материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жақсарту және алаяқтықтың алдын алуға бағытталған құқықтық актілерді жетілдіру бойынша да жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, ІІМ Криминалдық полиция бөлімшелеріне интернет желісін мониторингілеуге, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде құқық бұзушыны анықтауға арналған қазіргі заманғы жабдықтар сатып алынып, қажетті мамандандырылған бағдарламалық жүйе қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар аумақтық полиция бөлімшелерінде осы санаттағы істерді ашуға және тергеп-тексеруге мамандандырылған тұрақты жұмыс істейтін жедел-тергеу топтары құрылды. Ал Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микрокредиттерді электрондық тәсілмен беру қағидаларына өзгерістер енгізді және қарыз алушыларды аутентификациялаудың қосымша тәсілдерін енгізіп отыр.
Бас прокуратура Қаржылық мониторингі агенттігімен бірлесіп, әлеуетті қаржы пирамидаларын ерте анықтау тетігін енгізіп қана қоймай, осындай қылмыстардың алын алуға бағытталған ұйымдастырушылық-түсіндіру іс-шараларына аса мән беріп келеді.
Аталған жұмыстың шеңберінде дивидендтер алу сылтауымен 580 салымшыны заңсыз тарту фактісі бойынша «GAP» компаниясының басшылары қылмыстық жауаптылыққа тартылды.
Банктер операциялардың күшейтілген мониторингіне және күдікті клиенттермен іскерлік қатынастарды тоқтатуға бағдарланған. Осының арқасында 179 адаммен іскерлік қатынастар орнатудан бас тартылды.
Интернет алаяқтықтың алдын алу мақсатында БАҚ-та 4 мыңнан астам материал, пост пен бейнеролик жарияланып, халықты СМС-құлақтандыру жүргізілді. Сондай-ақ өңірлерде «Заң керуені» көшпелі акциялары өткізілді. Іс-шара барысында прокуратура мен полиция қызметкерлері халыққа қаржы пирамидалары мен алаяқтықтан сақтық шаралары туралы ақпарат берді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде, осы қылмыстардың саны едәуір азайған. Мәселен, Бас прокуратураның мәлімдеуінше, өткен жылы интернет алаяқтық – 4, интернет желісі арқылы микрокредиттер беруге байланысты алаяқтық – 28, сондай-ақ қаржы пирамидаларын құру және басқару фактілері 27 пайызға төмендеген.
«Кибер қылмыскерлер өздерінің алаяқтық «бет-әлпетін» әркез жетілдіріп отырады», дейді құқық қорғаушылар. Мамандардың айтуынша, халықты алдап, ақша алу үшін олар өздерін көбіне күштік құрылымдардың қызметкерлері ретінде таныстырады немесе жетекші компаниялардың логотиптерін, танымал медиа тұлғалар мен жоғары лауазымды адамдардың суреттерін пайдаланады.