Қазақтың ежелден келе жатқан қасиетті музыкалық аспабының бірі – қобыз. Ғасырлармен үндескен қобыз аспабы халқымыздың рухани азығы болып, анадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып біздің заманымызға жетті. Бүгінгі таңда қобыздын екі түрі кең қолданыста. Біреуі – дәстүрлі қобыз болса, екіншісі – прима қобыз. Бұл – К.Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған музыка мектебі оқушыларының да сүйікті аспабы.

Осы мектепте Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі Досымжан Тезекбаевтың 75 жылдық мерейтойына орай еске алу кеші өтті. Іс-шара Д.Тезекбаев атындағы камералык залда ұйымдастырылды.
Сөз басында К.Тезекбаевтың шәкірті, Білім беру ісінің үздігі, Мәдениет саласының үздігі, өнертану ғылымдарының кандидаты Ғалия Оразалиева салтанатты кеш прима қобызының жаңартылған түрінің иесі Досымжан Күзенұлына арналғанын айтып, ол туралы біраз дерек келтірді.
– 30-жылдары өнер саласында өзгерістер болып, музыка мектептері ашылды. Сол тұста Ахмет Жұбановтың бастамасымен Халық аспаптар оркестрі өмірге келді. Жан-жақтан талантты орындаушылар шақырылып, Д.Тезекбаев та осы ұжымға қабылданды. Оркестрде ішекті қылқобыз болатын. Ішектері қолдан жасалған, дыбысы күңгірт, оркестрге сай келмейді. А.Жұбановтың бастамасымен қылқобыз аспабына үшінші ішек тартылады. Осылай дүниеге прима қобызы келді, – деді Ғ.Оразалиева.
Оның айтуынша, классикалық шығармаларды орындауға келгенде қиындық туындап, үш ішекті қобызға төртінші ішек тартылыпты. Соның нәтижесінде қобызда ойнаудың шеберлігі арта түседі. Орындаушының тізесінен сырғып кетпеуі үшін сыртқы пішіні өзгертіледі. Көпжылдық тәжірибенің нәтижесінде ыңғайлы пішінге келтіріледі. Бұл да Д.Тезекбаевтың ашқан жаңалығы болатын.
1962-1982 жылдары Д.Тезекбаев К.Байсейітова атындағы мектептің директоры болып тағайындалды. 1968 жылы Д.Тезекбаевтың бастамасымен қазіргі мектеп салынады. Ол басшылық еткен жылдары композиция және хор дирижерлеу сыныптары ашылып, скрипка, виолончель, қобызшылар ансамбльдері құрылады.
Аталған іс-шарада ардақты ұстазын еске алып, тағзым етіп келген шәкірттері – Халық әртісі, профессор Ғалия Молдакаримова, Назгүл Әбдібаева, Жұмагүл Таңшыққожина. Кеште мектеп өнерпаздары өнер көрсетті.
Гүлфарам СТАМҚҰЛОВА,
К.Байсейітова атындағы мектеп-интернаттың қызметкері
Батыс Қазақстан облыстық мәслихатына кімдер сайланды?
Сайлау • Кеше
Түркістан облыстық мәслихатына сайланған депуттар кім?
Сайлау • Кеше
Бірқатар өңірде ауа райына байланысты ескерту жасалды
Ауа райы • Кеше
Ұқсас жаңалықтар