Әр заманның өз қаһармандары мен көшбасшылары бар. Әлемдік тарихты алсақ, әсіресе ХХ ғасырдың күрделі әрі өтпелі кезеңдерінде дағдарысқа төтеп беріп, елін түрлі қауіп-қатерден сақтап қалған тұлғалар баршылық. Үздік реформалары арқылы елін алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттердің қатарына қосқан президенттер туралы айтқанда, әдетте есімізге Дэн Сяопин, Ли Куан Ю, Махатхир Мохаммад, Мұстафа Кемал Ататүрік, Франклин Делано Рузвельт, Конрад Аденауэр түсетіні анық.

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
АҚШ-тың әйгілі президенті Франклин Делано Рузвельт елі «Ұлы депрессияға» ұшыраған ең ауыр кезеңде билікке келді. Америка бұл кезде ауыр экономикалық дағдарысты бастан кешіріп, халқы кедейліктен титықтап кеткен еді. Бұл кезде аштық, тонау, өз-өзіне қол салу жағдайлары күнделікті құбылыс болатын. Осындай құрдымға кетіп бара жатқан АҚШ-ты Ф.Рузвельт президент болған қысқа мерзімде-ақ аяғынан тік тұрғызғаны тарихтан белгілі.
Ол билікке келген соң экономиканы қалпына келтірудің «Жаңа бағытын» жариялап, мемлекетін депрессия мен дағдарыстан сәтті алып шықты. Оның реформалары негізінен дағдарыс кезінде аштыққа ұшырағандар мен жұмыссыздарға көмек көрсетуге, банк жүйесін реттеуге, ауылшаруашылық өнімдерін өндіруді мемлекеттік бақылауға алуға, әлеуметтік қамсыздандыруға, еңбек нарығын реттеуге, салық салуға бағытталды. Рузвельттің жылдам жетістіктерге жетуіне кезек күттірмес шұғыл әрі тиімді реформалардың жүзеге асырылуы себеп болды.
Сол тәрізді Қ.Тоқаев та Қазақстанның ішкі жағдайы әбден шиеленіскен, ал сыртқы саясатта жаңа сын-қатерлер туындаған күрделі кезеңде билік басына келді. Қазақстан халқы соңғы 30 жылда елдің экономикасына мұнай мен газдан, шетелдік инвестициялардан миллиардтап қаржы түсіп жатқанымен, кедейленген адамдардың саны арта түсті. Қоғамдағы жаппай наразылық дерті ақыры 2022 жылы қаңтарда сыртқа лап етіп шыға келді.
Осындай күрделі уақытта Қ.Тоқаев Қазақстанды саяси және экономикалық жаңғырту жолында батыл қадамдарға кірісіп кеткен еді. Қ.Тоқаев президент болғаннан кейін алдыңғы кезекте «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ұстанудың аса маңызды екенін ескертіп, шенеуніктерден осы қағиданы сақтауды талап етті. Осы қағиданы жүзеге асыру және ішкі саясатта кеткен олқылықтарды түзеу үшін Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысын шақырды. Кеңес алғаш құрылған күннен бастап тиімді пікірталас орталығына айналып, көптеген игі бастаманы дүниеге әкелді. Осындай бастамаларды жүзеге асыру үшін 90-нан астам нормативтік-құқықтық акт қабылданған екен. Кеңес өз қызметін инклюзивті, ашық және жүйелі жүргізу арқылы халықпен тиімді әрі жаңаша байланыс жасау тәжірибесін қалыптастырды. Осылайша, билік пен халық арасындағы диалог жаңа сатыға көтерілді.
Халықпен тиімді әрі жаңаша байланыс жасаудың тағы бір қадамы – Ұлытау жерінде Ұлттық құрылтайды шақыру болды. Ұлттық құрылтайдың шақырылуы – еліміздің рухани өміріндегі елеулі және қызу талқыға түскен оқиғалардың бірі саналды. Оған Құрылтайды өткізген орны мен қатысушылардың санаты да себепші болды. Құрылтайдың басты мақсаты – жаңа идеялар мен жасампаз қадамдар арқылы ұлт бірлігін нығайту.
Осы диалог алаңына еліміздің түпкір-түпкірінен қоғам белсенділері қатысып, мұнда да тың ұсыныстар мен халықтың мұң-мұқтажын тыңдауға мүмкіндік туды. Президент Құрылтай кезінде оның қазақ тарихындағы маңыздылығына тоқтала келе: «Қазақ даласында ел тағдыры шешілген тарихи орындар аз емес. Ұлытаудан бөлек, Ордабасы, Мәртөбе, Күлтөбе сияқты қастерлі жерлеріміз бар. Мен келесі басқосуды киелі Түркістанда өткізуді ұсынамын. Құрылтайдың әр аймақта өтуі сол өңірдің дамуына серпін береді», деп ойын түйіндеді.
Тарихи орындар демекші, Қ.Тоқаев президент болған алғашқы айда-ақ ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының туған жеріне барып, тағзым еткені баршамызға аян. Сол сапар барысында ол Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығының Семей қаласындағы Бас музей ғимаратын жөндеу, музейдің экспозициясын жаңарту, Жидебай жеріндегі тарихи нысандарға ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізу жөнінде тапсырма берді. Нәтижесінде, жылдар бойы жөндеу көрмеген ұлы ақынның музейі адам танымастай өзгеріп, Абай мен Шәкәрім кесенелері жаңғыртылды.
Жалпы, Президент тарихи әділдік орнатуды ұрпақ алдындағы үлкен парыз әрі маңызды жұмыс деп есептейді. Мәселен, ол 2020 жылғы 24 қарашадағы Жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияны құрып, саяси қуғын-сүргін құрбандарын заңдық және саяси тұрғыдан одан әрі ақтау ісіне жол ашып берді. Кейіннен бұл комиссияның өңірлік бөлімшелері де құрылып, құрамында мемлекеттік органдардың басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ғалымдары бар топ бүгінде ауқымды іс-шараларды атқару үстінде.
Бұдан бөлек, патриотизмді күшейту, рухани құндылықтар мен тарихи сананы жаңғырту тәрізді қоғамның өзекті мәселелерін қозғаған Президенттің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы ауқымды бағдарламалық мақалаға айналды десек болады. Бұл мақалада ол «Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек» деген болатын.
Еліміздің тәуелсіздік алғанына көп жыл толса да, Алаш қайраткерлерін ұлықтау өз дәрежесінде жүрді деп айта алмаймыз. Соның мысалы, осыдан 10-15 жыл бұрын Семей қаласында жоспарланған Алаш қайраткерлеріне арналған монументтің орнатылмай қалғаны. Бұл жобаға мемлекет есебінен сол кезде қаржы қарастырылғанымен, кейіннен атқарушы биліктің оны түрлі себептерімен жүзеге асырмай тастағаны көпшіліктің әлі есінде.
Сол тәрізді 30 жыл ішінде Алаш қайраткерлерінің еліне сіңірген ерен ерліктерін, соның ішінде олардың 1920 жылдары Қазақстанның шекараларын межелеу ісіне белсене қатысып, территориялық тұтастықты сақтауға өлшеусіз үлес қосқаны лайықты деңгейде айтылмай келді. Керісінше, Қазақстанның территориялық тұтастығының сақталып қалуы тәуелсіздік алғаннан кейінгі саясаттың жемісі ғана деген жаңсақ пікірге басымдық берілді.
Әрине, аталған тұлғаларды ұлықтау мақсатында елімізде осыған дейін қаншама ғылыми жоба мен зерттеу жүргізілгенін, кітаптар жарыққа шыққанын, жеке-жеке мүсіндері орнатылғанын, олардың мерейтойлары, шығармашылық кештері аталып өткенін ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл жерде әңгіме Алаш қайраткерлерінің қызметіне билік тарапынан дұрыс бағаның берілмеуінде және олардың жан-жақты әрі жүйелі түрде насихатталмауында болып отыр.
Тарихи әділдік демекші, бұрынғы Қапшағай қаласына әйгілі мемлекет қайраткері, Қазақстан тарихында үлкен орны бар біртуар тарихи тұлға – Дінмұхамед Қонаев есімін беру де осы тарихи әділдікті орнатудың көрінісі. Президентіміз өткен жылы тек қаланың атын өзгертумен шектелмей, жаңа облыстардың пайда болып, тарихи атаулармен (мысалы Ұлытау, Жетісу) аталуына да ықпал етті.
Заман ағымының тез өзгеруінен және экономика мен қоғамда басталған тоқыраудан шаршаған халық Қ.Тоқаевтан жаңашылдықты күткені белгілі. Осыған сәйкес президенттік билікке кіріскеннен кейін Қ.Тоқаев мемлекетті дамытудың жаңа кезеңіне өтуді қарастыратын үлкен реформаларға басымдық беретінін аңғартты. Көптен күткен саяси реформалардың басталуы көпшіліктің көкірегіндегі жарқын болашаққа деген сенімді нығайта түсті. Ауқымды саяси реформалардың жүзеге асырылуына, әсіресе 2022 жылы 5 маусымда өткізілген республикалық референдум негіз болды. Конституцияға аса маңызды түзетулер енгізу мақсатында өткен референдум еліміздегі саяси және экономикалық реформалардың қарқынын күшейтіп, әділеттілікке сүйенген Жаңа Қазақстанды құрудың алғышартын жасады.
Конституциялық түзетулердің ішінде билікті монополизациялау қаупін айтарлықтай азайту қарастырылып, Президентті бір мерзімге ғана сайлау нормасы енгізілді. Сот жүйесін реформалау аясында қазіргі уақытта барлық деңгейдегі соттардың жұмысын жетілдіру жедел қолға алынуда. Биылдан бастап Конституциялық сот өз қызметіне кірісті.
Референдум қорытындысы біздің мемлекеттігіміздің тарихында жаңа дәуір басталғанын, барлық салада түбегейлі оң өзгерістерді жасауға дайын екенін, халықтың саяси көзқарасының жаңа сапаға көтерілгенін көрсетті. Сондай-ақ бұл Жаңа Қазақстан құру жолындағы ел дамуының жаңа кезеңге аяқ басқанын білдірді. Президент өз сөзінде «Жаңа Қазақстан дегеніміз – ең алдымен, құндылықтардың жаңаруы» деген пікір білдірді.
Жалпы алғанда, Конституциялық реформалар саяси жүйенің тепе-теңдігін орнықтыруды, халқымыздың мемлекетті басқару ісіне қатысуына мол мүмкіндік туғызуды көздейді.
Саяси реформалар шын мәнінде елімізде бұрын-соңды болмаған өзгерістерді алып келді. Сол тәрізді бейбіт жиналыстар туралы жаңа заңның қабылдануы, партияларды тіркеу рәсімін жеңілдету, партиялық сайлау тізімдеріндегі әйелдер мен жастарға міндетті 30 пайыздық квота қарастыру және т.б. саясаттағы жаңашылдықтар елімізде жаңа саяси мәдениеттің тамыр жаюына, қоғамдағы өзара жауапкершілік пен сенімнің артуына жол ашты.
Қазіргі уақытта саяси реформалармен қатар, еліміздің экономикасында да үлкен өзгеріс жүріп жатыр. Солардың ішінде қолдан жасалған монополияларды түбегейлі жойып, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қоюдың маңыздылығына ерекше мән беріліп келеді. Бұған дейін еліміздің экономикалық ресурстары шағын ғана топтың қолына шоғырланғаны және заңнамаларымызда оларға артықшылық берілгені анықталып жатыр. Қазіргі уақытта Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет елден заңсыз шығарылған барлық активті қайтарып, әділдікті қалпына келтіру үшін тиісті жұмысты бастап кетті. Қайтарылған барлық қаражатты азаматтардың игілігіне жұмсауға, яғни жоғары технологиялы өндіріс орындарын ашуға, мектептер мен ауруханалар салуға, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға пайдалануға пәрмен берілді.
Президентіміз ерекше мән беріп отырған экономиканың басым бағыттарының бірі – ауылдық жерлерді дамыту. Осы міндетті орындау мақсатында Мемлекет басшысы жаңа президенттік мерзімге кірісуді «Ауылды дамыту мәселесі туралы» Жарлыққа қол қоюмен бастады. Осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеу тапсырылды.
Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында жаңа экономикалық бағдардың басты басымдықтары көрсетілді. Олар: жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, бәсекелестікті дамыту, яғни бәріне бірдей мүмкіндік беру, сондай-ақ ұлттық табысты әділ бөлу.
Аталған реформалар аясында алдағы уақытта «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарлама жүзеге асырылады. Оған сәйкес Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылмақ. Осылайша, әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көретін болады.
Елімізде төлем қабілеттілігі төмен жеке тұлғалардың да мәселесін шешу күн тәртібіне енгізілді. Мысалы, «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңға қол қойылып, қоғамның осал топтарын қолдау үшін тағы бір игі шара жасалды. Бұл заң негізінен азаматтардың кредиторлардың талаптарын толық көлемде қанағаттандыруға қабілетсіз болу және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдерін реттеуге бағытталған. Бұған дейін Президент Қ.Тоқаевтың бірқатар әлеуметтік санаттағы азаматтардың қарыз жүктемесін жеңілдету жөнінде Жарлыққа қол қойғаны және соның нәтижесінде халықтың банкке берешектері азайтылғаны көпшіліктің есінде.
Әрине, жоғарыда аталған тұлғалардың саясаттарынан ұқсастықтармен қатар, ерекшеліктерді де көптеп табуға болады. Себебі олардың арасын ғасырға жуық уақыт пен заманы тудырған сын-қатерлердің әртүрлілігі бөліп тұр. Солай десек те, ел басына күн туып, мемлекеттің тағдыры қыл үстінде тұрғанда екі президент те мықты саясаткерлерге тән қайсар мінез бен үлкен саяси ерік-жігер көрсетіп, батыл қадамдар мен тәуекелдерге барды. Бұл – енді жай факті емес, сонымен бірге тарих.
Ф.Д.Рузвельт шебер саясаты арқылы халықтың үлкен сеніміне ие болып, президенттік сайлауда 4 рет жеңіске жеткені белгілі. Қ.Тоқаев та әбден ойластырылған, маңызы зор реформалардың, сондай-ақ кешегі Қаңтар оқиғасы кезіндегі аласапыранда батыл әрекетке барып, шұғыл шешім қабылдауының арқасында халықтың алдында айтарлықтай абырой-беделге ие болды. Оны біз 2022 жылғы президенттік сайлауда халықтың 81,3% дауысына және маусымдағы референдумда дауыс берушілердің 77,1% дауысына ие болуынан көрдік.
Қ.Тоқаевтың қазіргі саясатын «Қытай реформаларының атасы» Дэн Сяопиннің саясатымен де салыстыруға әбден болады. Себебі Дэн Сяопинге өзіне дейінгі Қытай билеушісі Мао Цзэдунның саясатта жіберген үлкен қателіктері мен былықтары мұра болып қалғанына қарамастан, ол еліндегі әлеуметтік, саяси және экономикалық жүйелерді айтарлықтай үлкен өзгеріске ұшыратты. Дэн Сяопиннің саясатынан кейін Қытайдың тұрақты даму жолына түскені баршамызға мәлім. Дэн Сяопин өз саясатын ҚХР-дың негізін қалаушысының есімін мансұқтамай-ақ, байыпты әрі дәйекті түрде жүргізіп, Қытайды мол табысқа жеткізіп, келешек ұрпаққа жақсы үлгі-өнеге көрсетті.
Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхан: «Тарих – түзуліктің кітабы, тіршілікте жолбасшы» деп жазғандай, өткеннің өнегелі тарихын зерделеп, одан тәлім алып, оны өмірде қолдана алған халық та, билеуші де өз бағытынан ешқашан жаңылмайды.
Әлібек КҮЗЕРБАЕВ,
мәдениеттанушы
Батыс Қазақстан облыстық мәслихатына кімдер сайланды?
Сайлау • Кеше
Түркістан облыстық мәслихатына сайланған депуттар кім?
Сайлау • Кеше
Бірқатар өңірде ауа райына байланысты ескерту жасалды
Ауа райы • Кеше
Ұқсас жаңалықтар