Отбасының әлеуметтік салмағын жеңілдететін жоба
Алматы қаласы Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Наталья Мұхамеджанованың айтуынша, ерекше балаларды тәрбиелеу, оларға қамқорлық жасау – қоғам болып жұмылатын міндет. Қиын да, жауапкершілігі жоғары жүкті мойнына алған аналар қоғаммен ықпалдастыққа мұқтаж. Үнемі бала тәрбиесімен отырғандықтан, олардың мүмкіндіктері де шектеулі. Аталған жоба аясында мамандар аналарға психологиялық тұрғыдан қолдау көрсетіп, отбасының әлеуметтік салмағын жеңілдетуді көздейді.
Қазіргі кезде іріктеуден өткен 22 ана бизнес әліппесін игеріп жатыр. «MamaPro» қоғамдық қоры филиалының жетекшісі Алина Ким «Баланы оңалтудан бұрын ананы оңалту керек», деген пікірде. Бүгінде Алматы, Астана, Өскемен, Шымкент қалаларында өкілдіктері жұмыс істейтін орталықта аналарға шеберлік сағаттарымен қатар психологиялық дәрістер де қатар өтеді. Аналардың кәсібін бастап, аяғынан нық тұрғанын мақсат ететін «Әйелдер – әйелдерге» қанатқақты жобасы 3 ай оқыту, үйрету сессияларын қамтиды. Осы мерзім аяқталғаннан кейін сараптама жасалып, жобаны жетілдіру тетіктері қарастыралады.
«Жоба екі бағдарламадан тұрады. Бастаманы қолға алушылар 3 ананы жұмысқа тұрғызуды өз жауапкершілігіне алып отыр. Ал жобаның 19 қатысушысы арнайы курстардан өткеннен кейін өз бизнестерін бастап кетуге тиіс. Егер бұл іс сәтті жүзеге асатын болса, қоғам болып жұмылған мәселенің шешімін тапқаны», деді жоба барысымен кеңінен таныстырып өткен Алматы қаласы Іскер әйелдер қауымдастығы төрайымының орынбасары Дана Жантемірова.
«ICF-Kazakhstan» президенті Елена Григорьева «Өз қиындығын өзі арқалап жүрген, ерекше бала тәрбиесінің қиыншылығын көріп, қанаты талған аналар үшін бұл жоба үлкен қолдау болмақ», деп атап өтті. Оның айтуынша, ерекше баланы бағып-қағу – бір ғана отбасының ғана емес, жалпыға ортақ мәселе. Аталған жоба аясында ICF мамандары аналардың ерік-жігерін шыңдауға, қиындықты еңсеруге қолдау көрсетеді. Осыдан 2,5 жыл бұрын құрылған ұйым 30 мыңға жуық сертификатталған мамандарды оқыта отырып, әлемнің 100-ден аса елінде қызметін жалғастырып келеді. Қазіргі кезде 35 мың мүшесі бар ұйым Қазақстандағы коучингті дамыта отырып, әлеуметтік жобаларға атсалысуды жалғастырып жатыр.
Балалар мүгедектігі жылына 7 пайызға көбейіп жатыр
Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының орынбасары Қалибек Ақылбековтың айтуынша, оңтүстік астанада 8 мыңға жуық ерекше қажеттіліктері бар бала тіркелген.
«Қалада мүгедектігі бар азаматтардың саны 55 мыңға жуық десек, бұл көрсеткіш жыл сайын 4 пайызға, ал балалар арасында 7 пайызға көбейіп келеді. Бүгінде аутизм белгілері бар балаларды үш жасқа дейін анықтау өте қиынға соғып жатыр. Сондықтан бұл диагнозды ерте кезеңде анықтау және алдын алу мақсатында арнайы орталық ашылып, биылдан бастап 300-дей маман оқыту көзделіп отыр. Арнайы курстан өткен мамандар қала емханаларына жолдамамен барады», дейді Қ.Ақылбеков.
Басқарма өкілі атап өткендей, қалада биылдан бастап аутизммен ауырған балалар тасымалы үшін 10 инватакси қызметі жұмыс істейді. Ал жеке оңалту бағдарламасына сәйкес 270-тей арба сатып алу көзделген. Басқарма тарапынан сонымен қатар стартап жобаларға 400 АЕК көлемінде гранттар қарастырылып жатыр.
Қоғам және мемлекет қайраткері, Парламент Мәжілісінің VI-VII шақырылымының депутаты Ирина Смирнова қоғамда ерекше қажеттіліктері бар отбасыларға қолдаудың жеткіліксіз екенін алға тартты.
«Бүгінде кезекте тұрған 20 мыңнан аса қолдауға мұқтаж жандардың баспана мәселесін шешу уақыт күттірмейді. Парламент қабырғасында бірнеше мәрте көтерілген мәселеге қатысты «Отбасы банк» мамандарымен де кездесулер өтті», деп атап өткен И.Смирнова «Әйелдер – әйелдерге» жобасының әлеуметтік салмағы жоғары екенін айтты.
Ең бастысы, қадам жасалды, ендігі кезекте аналардың өз кәсібін ашуына байланысты жол картасы сызылып, алдағы бағдары анықталуы қажет. Жобаға қолдау білдірген Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Гүлнар Омарова ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналардың ауыртпашылығы көп екенін алға тартты. Сондықтан қоғам болып қолдау көрсете отырып, жарты күн болса да жұмыс істейтін әйелдер үшін баласын қалдыратын орталықтар жұмысын жандандыру, жұмыс іздеген жағдайда өз таңдауына, қалауына орай орналасу сияқты мәселелерге көңіл бөлуге шақырды. Осы орайда әлеуметтік қызмет түрлерін цифрландыруды дамыту жағына тоқталған Г.Омарова ерекше балалар үшін оңалту процедуралары, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, санаториялық-курорттық қолдауға байланысты ақпараттар қолжетімді болуы қажет. Бүгінде шалғай ауылдардағы отбасылар үшін балаларды сауықтыру да, оқыту мәселесі өзекті болып отыр. Мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаражат жетпей жатқан аймақтар бар. Салдарынан тығырыққа тірелген көптеген отбасы қалалы жерлерге қоныс аударуға мәжбүр.
Ұрпақ тәрбиесімен қатар кәсіпті де игеріп жүр
Зауре Итенова – 14 жастағы ерекше баланы тәрбиелеп отырған ана. «Бала тәрбиесімен отырғанда «MamaPro» қоғамдық қоры мамандары үлкен қолдау көрсетіп, жігер берді. Осы орталықта психологиялық қолдау тауып, жаңа кәсіп ашуға бекіндім», дейді кәсіпкер. Ол тәуекелдерге қарамастан өткен жылы «Dcplife» cауықтыру орталығын ашқан. Бүгінде орталыққа келіп жүрген балалар жазу-сызуды үйреніп, логопедтің, сондай-ақ механотерапия, эрготерапия курстарынан өтіп жатыр. Денешынықтырудан өтіп, массаж алған балалардың көңіл күйлерінде де өзгешелік байқалады. Алайда келушілердің дені әлеуметтік аз қамтылғандар отбасыларынан болғандықтан, оңалту курсын төлеуге мүмкіндіктері бола бермейді. Мұнымен қоса мамандар еңбекақысы, жалдау құны сияқты қосымша шығын бар. Дегенмен «MamaPro» қоғамдық қорында тұлғалық өсу жолынан өтіп, мемлекеттік бағдарлама аясында 2 млн теңге қаражат алған кәсіпкер орталықты дамытуды жоспарлап отыр.
Людмила Хегай – баласына аутизм диагнозы қойылған ананың бірі. Он жасар баланың анасы ұзақ уақыт үйде отырғанын, қаржылық қиындықтың да болғанын алға тартты. Ендігі кезекте аналарға арналған жобадан серпін алып, жаңа кәсіпті бастауға дайын екенін айтады.
Әйгерім Ізбасарова да ерекше бала тәрбиелеп отырған ана. «Балам туылған сәттен өміріміз күрт өзгерді. Бар назарымыз баланың денсаулығына ауып, тоғыз жылдай үйде отырып қалдым. «MamaPro» орталығына келгеннен кейін мен сияқты аналардың мүмкіндігі шексіз екенін түсіндім» деген ойымен бөлісті.
Қазіргі кезде әлеуметтік жобаның демеушісі Алматы менеджмент университеті ғимаратында кәсіби сессиялар жалғасын тауып жатыр. Тәжірибелі коучтар болашақ кәсіпкерлерді бизнестің қыр-сырына баулып, қиындықты еңсеруге кеңестерін аяп жатқан жоқ. Ал ата-аналар болса, баласының қоғамнан қағажау көрмей өскеніне, әлеуметтік жағдайының жақсарғанына үміт артады.
АЛМАТЫ