01 Маусым, 2010

ДҮБІРГЕ ТОЛЫ ДҮНИЕ

480 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
БҰҰ ҚАРАРЫ ИРАННЫҢ ЯДРОЛЫҚ ӨРЕКПУІН ТОҚТАТА МА? АҚШ өкілі Иранға қарсы санкцияларды қатайта түсуге бағытталған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қарарының жобасын ұсынды. Бұл жоба Иранға байланысты келіссөз жүргізуші елдермен келісілген көрінеді. Алдымен сол ке­ліссөз жүргізуші “ал­тылыққа” тоқ­талған жөн болар. Ол БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің бес мү­ше­сі және Германия. Тұрақты бес мүше де жұртқа белгілі – АҚШ, Ресей, Ұлы­бри­тания, Франция және Қытай. Осының өзінен-ақ Иранмен, оның ядролық бағ­дар­ламасымен айналысатындардың осал еместігін аңғарумен қатар, бұл мәселенің өзі әлем жұртшы­лығын қаншалықты алаңдата­тын­ына көз жеткізуге болғандай. Бұл жерде Иранның өз ядро­лық бағдарламасына байланысты АҚШ мемлекетінің қысастығы деп өкпелейтін жөні жоқ. Әлемдегі ең беделді халықаралық ұйымның жетекші мүшелері бас болып, Иран ісімен айналысып отырса, әділдікті басқа жерден іздеу орынсыз. Уәжге тоқтай­тын­дар бұдан артық төрелікке жүгі­не­тін жер іздемес болар. Сонымен бірге, сол БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінде әрқашан Иранның мүддесін қорғап, Теһранның ядролық жосықсыз әрекеттеріне дем беріп келген екі ел болды, олар – Ресей мен Қытай. Олар әрқашан Иранның ядролық бағдарламаларын шек­теуге бағытталған пәрменді ша­раларға қарсылық білдіріп отыр­ды. Бұл Иранның халықаралық қоғамдастықтың талаптарын орын­дамай, өзінің ядролық қауіп­сіздікке қарама-қайшы әрекеттерін жалғастыруына мүмкіндік берді. Қазір жағдай біршама өзгеріп отыр. Иранның ядролық бағдар­ламасына, оны жүзеге асыруға байланысты әрекеттеріне қарсы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жаңа қарарының жобасын сол кеңес­тің тұрақты өкілдерінің бәрі ма­құлдап отыр, яғни оны үнемі Иранға ара түсетін Ресей мен Қытай да қолдайды деген сөз. Демек, Теһранның қиқарлық әре­кеттерін енді жұрттың бәрі айыптап, оған арналған шектеу күшейетін болады. Вето құқығын пайдаланып, БҰҰ қарарын қабылдатпай тас­тайтын Ресей мен Қытайдай дос­тарының арқасында Иран қатаң санк­ция­дан құтылып кел­ді. Бұл жолы Ре­сей мен Қытай одан әрі Теһ­ранның қи­қар­лығын қолдай бе­ретін бол­са, өздері­нің де абыройы төгі­летінін аңғарып, амал­­сыз жаңа қарар жо­басын мақұлдауға мәжбүр болды. Енді бұл қарар жобасы дауыс­қа салынғанда тұрақты мүшелер вето құқын пайдаланбайды. Ал тұрақты емес мүшелердің басым көпшілігі қолдаса, қарар қабыл­дана береді. Сөйтсе де Иран сол елдерге де ықпал етуге әрекет жа­сап жатыр. Ол өзінің төмен байытылған уранын Бразилия мен Түркияның жоғары байы­тыл­ған уранына айырбастайтыны жөнінде келісім жасасты. Иран­ның бұл қадамының мақсаты белгілі. Өзін келісімдерге әзір етіп көрсеткісі келеді. Сол арқы­лы жаңа қарарды қабылдатпауға тырыспақ. Көп елдің оған илануы екіталай. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Иранға жаңа санкция белгілеген қарарының қабылдануы саяси тұрғыда маңызды болмақ. Ең алдымен, Теһранның өзін қол­дай­тын достары – біраз жетекші елдерден айрылғанын көрсетеді. Бұл – Иранның ядролық амби­циясын айыптау жаңа халық­ара­лық деңгейге көтерілді деген сөз. Экономикалық тұрғыдан да санкция Иранның, әсіресе, банк жүйесіне айтарлықтай кері ықпал етпек. БҰҰ-ның шешімін құр­мет­тейтін көптеген елдер Теһ­ран­мен экономикалық байланы­сын шектейтін болады. Сондай-ақ бұл құжат Иранның қарулы күштерінің еркін дамуына да біршама шектеу жасайды. Ха­лық­аралық қоғамдастық тарапы­нан бақылау күшейеді. Сөйтсе де бұл қарар Иран эко­номикасын тұқыртпайтыны да анық. Ресейдің БҰҰ-дағы өкі­лінің пікіріне қарағанда, қарар­дың мазмұны Иранның қалыпты экономикалық белсенділігіне проблемалар туындатпаса керек. Ал әлем жұртшылығының алаң­дайтыны – ядролық ойыннан от шықпағаны ғой. КОРЕЯ ТҮБЕГІНЕН СОҒЫС ИІСІ ШЫҒАДЫ Тағы да екі Кореяның арасында үлкен жанжал көтерілді. Екі жақ та соғыс дайындығын жариялап, бір-біріне тарпа бас салуға әзір. Айтқан жерден аулақ, біреуі жазатайым қадам жасаса, соғыс өрті бұрқ ете қалатындай. Ұрысқысы кел­генге желеу табылады деген бар. Бүгінгі жағдайдың қалай ту­ға­нына тоқталайық­шы. Осыдан екі ай бұрын, дәл айтсақ, 26 наурыз күні Сары те­ңізде Оңтүстік Ко­рея­ның “Чхонан” ка­терінде жарылыс бо­лып, ол бортындағы 46 теңіз­ші­мен бірге суға батты. Апаттың се­бебін білмегендіктен, Сеулдегілер іштей бәле солтүстіктен болды десе де, ешкімге кінә қоймай, оқи­ғаны жан-жақты зерттеуге кіріскен. Онымен халықаралық комиссия айналысып, ақыры кеме торпе­долық шабуылдың салдарынан жарылды деген тұжырым жасады. Бұл тұжырымнан біраз қоры­тынды жасауға да болады. Әрине, өз кемесін Оңтүстік Корея өзі жармайды. Қисынға салса, кесел солтүстіктен келген. Солардың сүңгуір қайығынан жіберілген торпедо апатқа себепші болған. Солай болғанда, не істеу керек? Үнсіз қалса, қарсыласынан қорыққандай болатыны өз алдына, қаза тапқан 46 теңізшінің аруағын сыйламағандық. Оның үстіне, біреуді кінәлі деп тапқан соң, ол жауап беруге тиіс, кінәсіне орай жазасын алуға тиіс. Оңтүстік Кореяның, яғни Корея Республикасының прези­ден­ті Ли Мен Бак КХДР-мен сауда-саттық та, теңіз байланысы да тоқтатылатынын хабарлады. Сондай-ақ Сеул БҰҰ-ға шағым­да­нып, Солтүстік Кореяны жаза­лау­ды өтінді. Бұл ел үшін жаза­ның үлкені – халықаралық санк­ция. Сырттан көмек болмаса, КХДР қиналып қана қоймайды, күні қараң. Мұндайда қашан да Пхеньян­ның жауабы дайын: құртамын, жоямын дейді. Олар “Чхонан” катерінің апаты туралы халық­ара­лық сарапшылардың қорытын­ды­сын мойындамайды, оны арандатушылық әрекет санайды. Сондай-ақ ол “қалыптасып отырған жағдайды әскери кезең санап, барлық пробле­ма­ларға пәрменді түрде жауап беретінін ой­ластырып отырған­дарын” хабарлады. Бұл жай ғана сөз емес, үлкен қақты­ғыс­тың басындай кө­­­рінеді, оңтүстік жағы екі ел арасын­дағы шекара­лық сы­зық­тың бойына дауыс күшейт­кіш­тер орнатып, сол арқылы сол­түстік жақтағыларға пәрменді на­сихат жүргізуді қолға алды. Бұған қоса 11 жерге үлкен электрондық таблолар орнатып, одан да насихаттық хабарлар жүр­гізбек. Бұған қатысты Пхе­ньян сол нысандарды көздеп атып, жойып жібереміз, дейді. Оқ атылған соң, оған жауап болады, жаманаттың иісі мұрын жарып тұр. Екі елдің арасындағы қақты­ғыс­ты сөз еткен жұрт екі жақтың күшін, қару-жарағын санай бастады. КХДР-да 1,2 миллион әскер бар екен. Бірақ қару-жарағы ескі, кешегі КСРО-дан алған болып шықты. Сөйтсе де адам өлтіруге жарайды. Оңтүстік Кореяның қару-жарағы жаңа, оған АҚШ-тың осында орна­ласқан 28 мың мұздай қаруланған әскерилерін қосыңыз. Соғыс болмасын-ау, болса, дүние астан-кестен. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун (бұл өзі оңтүстікореялық) екі жақты да қарулы қақтығыстан сақтандырса да, КХДР-ға қосым­ша санкция енгізуді жақтайты­нын білдіріп отыр. Бұл жақта­ған­мен, солай бола қалмайды. Өйт­кені, солтүстіктің жалғыз одақ­та­сы дерлік Қытай вето құқын пай­даланары анық. Ескі одақтасын Ресей де жолда қалдырмас. Әйтеуір бұл шиеленіске әлем­нің жетекші елдері қатысатыны белгілі болып отыр. Содан да жағдай ушығып кетер болса, оның зардабы да үлкен болмақ. Тек көп болып, апаттың алдын алғанға атсалысқан жөн дейсің.            Мамадияр ЖАҚЫП.