Естеріңізге сала кетсек, тосын жағдай осы жылдың 7 қаңтарында Арқалық қаласында болған еді. Сол күні таңғы сағат 05:30-да қалалық полиция басқармасының жедел басқару орталығына қыздың бесінші қабаттан құлап бара жатып, балконның темір қоршауынан ұстап қалғаны туралы суыт хабар келіп түседі.
Оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері Алмат Әмірхан мен Руслан Қапсаматов шұғыл жетеді. Алмат Әмірхан сыртта қалып, әріптесі дереу бесінші қабатқа қарай жүгіре жөнеледі.
Алайда қыз дәл осы сәтте жерге қарай құлдилай жөнелген. Төменде тұрған Алмат Әмірхан құлап келе жатқан қызды қағып алады.
– Полиция қызметкерлері өңірдегі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді және күнделікті жұмыста қиын жағдайларға тап болады. Кейде адам өмірін құтқарып қалып жатады. Қызметте жүріп осындай ерлікке барғаны үшін Алмат Әмірханды қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы шешім қабылданды, – деді Арқалық қаласының әкімі.
Қызды құтқармақ болып аяғынан жарақат алған Алмат Әмірхан әлі емделіп жатыр. Полиция аға лейтенанты бұған дейін туыстарымен бірге тұрып келген.