Әдебиет • 05 Ақпан, 2023

Қараторғай

721 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кешегі аумалы-төкпелі заманда көптеген ақынның кей әндері мен өлеңдері авторсыз аталып, тіпті осы уақытқа дейін халық әні деп келдік. Сондай әннің бірі – «Қараторғай» еді. Бұл шығарманың бірнеше нұсқасы бар. Біз бүгін «Құс болсаң, жібектен бау тағар едім, күмістен тұғырыңды жабар едім, бейіштің гүлжазира бақшасында, қолға алып, сылап-сипап бағар едім» деген нұсқасы туралы айтамыз.

Қараторғай

Коллажды жасаған Зауреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Қазақ радиосы осы әнді көпке дейін «Сырдың қараторғайы» деп беріп келді. Ал Көкше же­рінде ол Үкілі Ыбырайдың «Қа­ра­торғайы» деп айтылады. «Қараторғайды» кезінде Қазақ­станның Халық әртісі Жамал Омарова да шырқады. Ол бір сұхбатында бұл әннің тарихынан хабарсыз болғанын айтқан. «Менің туып-өскен жерім Сыр бойы ғой. Әркімнің туып-өскен жері өзіне қымбат көрінетіні белгілі. Мен де «Қараторғай» Сырдыкі деген соң оның шын тарихын, кімдікі екенін дәлелдеп жатпадым. Бірақ расын айтсақ, ән Сырдыкі емес, Үкілі Ыбырайдың әні. Оны композитор Евгений Брусиловский Иса Байзақовтан жазып алып, бізге үйреткен. Оны дәйім Қызылордадағы, Таш­кенттегі концерттерге қосты­ратын адам Құрманбек Жандар­беков еді. Менен кейін бұл әнді Роза Бағланова шырқады. Екеуміз де Сыр бойының қызы болғандықтан ән «Сырдың қараторғайы» деп аталып кетті. Ал кейін білдік, бұл ән Сыр бойына Үкілі Ыбырайдың жиені атақты әнші, ақын, Бағаналы Найманның серісі Тайжан арқы­лы жетіп, елге кеңінен тарапты», дейді әнші.

Әрине, «Қараторғайдың» шығу тарихы әйгілі Ақан серіге тікелей байланысты. Бірақ әннің авторы ол емес. Бұған «Жұлдыз» журналының 1997 жылғы нөмі­рін­де жарияланған Жанатай Беке­новтің «Қараторғай» атты мақа­ласында анық көз жеткізе түстік. Сонда Ыбырайдың өз қолы­нан талай рет дәм татып, аты­ның тізгінін ұстаған Кәкен Әбділ­мановтың естелігі айтылады.

«Сағынайдың асында атағы бүкіл қазақ жеріне жайылған Құлагердің өлімі Ақан ағамызға оңай тиген жоқ. Әсіресе, асқа баруға қарсы болған ел ішін­дегі бай мен билердің келе­меж-күлкілері, орынсыз сықақ­тары жанына инедей қада­лып, шөгірдей бата түседі. Бұрын­ғыдай емес, Ақан ағаның асқа да, ойын-сауыққа да зауқы онша соға қоймайды: Бар бол­ға­ны қарағай домбыраны шертіп қойып, Құлагерді қайғы­румен болады. Алайда өткен­нің енді қайтып оралмасын, Құлагердей қас жүйріктің қолдан біржола кеткенін анық аңғарған Ақан аға дәл өзіндей болмаса да соған ұқсас жақсы ат іздеуден де жалықпайды. Жүрген жер­лерінде, кездескен адамдармен сөйлескенде әңгімесі тек жүйрік ат жөнінде екен. Сөйтіп, жүріп сері қартайған шағында бір елде бір қара тайға көзі түседі. Түбінде оның ұшқан құс құйрығын тістейтін жүйрік болатынына шек келтірмеген сері бесті ат беріп, иесінен әлгі тайды қолқалап қалап алады», дейді Кәкен ақсақал.

Ақан қара тайдың күтіміне ерекше көңіл бөліп, оны ақ сұлы, көк шалғын құрақпен ғана азықтандырыпты. Суарғанда тек Құлагер су ішкен құдықтың көз жасындай мөлдір суымен ғана суарады екен. Құнан шыққанға дейін күнара көлге апарып сабындап жуып, кәдімгі жас балаша мәпелейді. Күтімі келісіп, баптауы жарасқан қара тай құнан шыққанда оқтаудай жұмырланып, сүліктей жылтылдайды. Ұзын тұрқы есік пен төрдей болады. Мойнын созып еркелеп серінің қолынан қант жеп, күтір-күтір шайнағанда жұрт таңырқап бас шайқайды.

Дегенмен ақынның бұл қуанышы да тағдырдың тәлке­гімен ұзаққа созылмайды. Бірде ол жолдастарымен ел қыдырып, бір жұмадай жүріп келсе, қорада қара құнан жоқ болып шығады. Жан ұшырып олай да жүгіреді, былай да жүгіреді. Іздемеген жері, баспаған тауы қалмайды. Сөйтсе, өзі жоқта қара құнан босанып шығып кетсе керек. Аяқты мал оттай жүріп, орыс байлары мен кулактары еккен егінге түседі. Артынан іздеген қуғыншы болмаған соң байлар қара құнанды айдаттырып алып, иесіз қораға бірнеше күн бойы аштан-аш қаматтырып тастайды. Оған қоса басқа, көзге төпелеп сабайды. Әбден ашықтырып, арықтатып көтерем халге жет­кізеді. Бір кезде оқтаудай жарап, сүліктей жылт-жылт еткен қара құнан мүшкіл халге түсіп, зорығып, жүре алмай қалады.

Мұны көріп, мал болса да мүсіркеп, аяушылық білдірген орыс шаруалары өздері араласып-құраласып жүрген қазақ тамырларына айтып, бір түнде құнанды ұрланып шығарып береді. Сөйтсе, де титығы жетіп, қатты азап шеккен қара құнан келген күннің ертеңіне өліп тынады.

Бұл жағдай Ақан серінің қайғы-қасіретін қайтадан қалыңдата түсті. Ескі жараның аузы қайта ашылып, атқан таңы батқан күнімен тең болады. Бірнеше күн төсек тартып жатып алады. Сонда осы жағдайдан хабардар болған жас ақын, әнші Үкілі Ыбырай арнайы келіп, бірер апта қонақ болыпты. Жабырқаған көңіл бұлтын сейілтуге тырысыпты. Ыбырай жүрген жер ойын-сауықтың, ән-жырдың бел ортасы емес пе?! Ол келгеннен бері ауыл адамдары кешқұрым түгел жиналып, Ыбыкеңе неше түрлі ән салдырады. Серінің жас әншінің өз орындауында «Сырымбет», «Құлагер», «Мақпал» әндерін тыңдап бойы сергігендей болады. Бірде түс әлетінде қымыз ішіп, Ыбырайға домбыра тартқызып отырған сері оған жүрекке салмақ болып түскен қайғысын әнмен жууға қолқа салады.

«Сен сол қара тайды тірілт, өмірге қайта келтір. Оған сенің құдіретің жетіп жатыр. Ол үшін қара тайды өлеңге қос, ән шығар. Қазіргі жұрт келер ұрпаққа айта жүрсін сол әніңді. Бірақ сен оны құнан, ат не болмаса басқа мал күйінде жырлама. Оның әкесіндей мал Құлагер туралы ән бар ғой. Сол да жетіп жатыр. Сен енді қара тайды құс қылып, махаббат қылып жырға қос. Ауыздан-ауызға айтылып жүрсе, өзім де, ел де саған риза», дейді сері.

Ақанның бұл сауалы Ыбы­райды қатты ойландырады. Сері қара тайды құс қылып жырла деді. Онысы қара тай құс болып қалықтап ұшып жүрсін, қанаты талмастан көк пен жерді бірдей шарлап, дүниенің төрт бұрышын түгел кезсін, ұрпақтан-ұрпаққа, ауыздан-ауызға махаббат әні болып жетсін дегені ғой. Сөйтіп, ақынға мынадай ой келеді. Ақанның бір кездері аңға алып шығатын бүркіті болды. Сері оны «Қараторғай» деп атады. Одан кейін ел шетінде тамырын тереңге жіберген, жапырақтары шаңырақтай жайылған қарт қайың болатын. Төменнен самал жел есіп, жоғарыдан көлеңке түсіріп тұратын осы қайың түбінде отырып ән салуды, ойын-сауық құруды Ақан сері өте ұнатушы еді. Сонда ол бірде тамашалай отырып: «Мен бұл ағашты жалғыз көлеңкесі үшін ғана ұнатпаймын, кешкілікте және таңертеңгі кезде осы қайың бұтақтарын сансыз көп қара­торғайлар мекендейді. Олардың салған ұяларына дейін бар, әне. Панасыздарға пана, ал адамға сая жай болғаны үшін осы ағашты ерекше жақсы көремін. Ал оған қонған ана қараторғайлар қандай десеңші. Кішкентай қанаттарын дамылсыз қағып, ағаш бұтақтарына келіп қонғанын, қатар-қатар тізіліп отыра қалуларын тамашалаймын да жүремін. Осы қараторғайлар туралы ән шығару ойымда болғанымен неге екені белгісіз аяқсыз қала береді», деген еді. Қара тайы да сол қараторғайлар секілді қолынан ұшты да кетті.

«Осыдан кейін Ыбырайдың күңгірт болған көп ойлары алакеуімденіп, айқындала түседі. Ол ақырында «Қараторғай» деген ән болып шықты. Көп ке­­шік­пей өлеңі де дүниеге кел­­ді, жарыққа шықты. Бірде Ыбы­­рай Ақан серіге жаңа әнін тыңдатуға келіп, қамыққан көңіл­ді разы қылады. Көптен бері күпті болып жүрген жарымжан жүрек «Қараторғаймен» бірге қалықтап қанат қақты, биіктерге шарықтады. Сөйтіп, қара тай «Қараторғай» болып өмірге екінші рет, бұл жолы мәңгілікке қайта оралды. Осыдан бастап «Қараторғай» лезде бүкіл Көкше жеріне тарап, одан кейін барша қазақ топырағын қанаты талмай шарлайды. Сол қағылған қанат толас таппаған күйі бүгінге дейін айтылып келеді. Иә, ән шын мәнінде де Үкілі Ыбырайдыкі еді. Композитор Ілия Жақановтың арқасында ән қайтадан иесін тапты, өзіне қайтарылды», дейді Кәкен Әбділманов.

Ал кей деректерде әйгілі екінші «Қараторғай», яғни Сыр­дың «Қараторғайының» авторы – Шолпан Жанболатқызы делінеді. Үкілі Ыбырайдың «Қа­раторғайы» құсқа арналса, Шолпанның «Қараторғайы» адам­ға арналған. Ол туралы 1920 жылы осы әнді Таш­кент қазақтарынан жазып алған Александр Затаевичтің түсінік­темесінде айтылады.