Қазақстан • 05 Ақпан, 2023

ЕЭК комиссиясының басқосуы

260 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыда Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) алқасы жанындағы Мемлекеттік сатып алулар жөніндегі консультативтік комитеттің көшпелі отырысы өтті. Күн тәртібінде талқыға түскен мәселелер – одаққа мүше «бестік елдердің» өндірушілері мен жеткізушілерінің мемлекеттік сатып алуларға тең қолжетімділігі, мемлекеттік сатып алу бойынша банктік кепілдіктерді өзара тану, сатып алу процесін толық цифрландыру мақсатында ЕЭК заңнамасын әзірлеу, сатып алудағы ұлттық режімнің жұмыс істеу принциптерін жетілдіру.

ЕЭК комиссиясының басқосуы

Осыған дейін Еуразиялық эконо­ми­калық комиссияның кеңесі тауарлар ЕАЭО-да өндірілген болып есеп­те­летін және Одақ мемлекеттерінде тағы 55 тауар позициясы бойынша мемлекеттік сатып алуға жіберілетін өндіріс шарттарын бекіткені туралы жазғанбыз. «Мемлекеттік сатып алу­ды жүзеге асыру үшін жекелеген тауар түрлерінің шығарылған елді айқындау қағидаларына» №1 қо­сым­шаға тиісті өзгерістер енгізілді. Бұл өнімдерге аэродром тракторлары, 3D принтерлер, микрофондар, дауыс зорайтқыштар, телефондар, дыбыстық жүйелер, құрылғылар мен компьютерлік қуат көздеріне арналған тізбектер, сканерлер, биометриялық жүйелер, жарық диодтары, талшықты-оптикалық кабельдер, тыныс алу аппараттары және басқа да өнімдер кіреді. Жалпы, енгізілген өзгерістер бес саланы қамтыды: станок жасау, арнайы машина жасау, медициналық мақсаттағы бұйымдар, музыкалық аспаптар өнді­рісі, сондай-ақ аудиотехника, электроника және радиоэлектроника. Барлық шарт пен өндірістік операция ЕАЭО елдерінің уәкілетті органдарымен және бизнесімен келісілген.

ЕЭК Кеңесі тұсқағаз өндірісінің илем­делген поливинилхлоридіне ар­нал­ған кедендік әкелу бажының ставкасын қоса алғанда 2024 жылғы 29 ақпанға дейін уақытша нөлге түсіру туралы шешім қабылдады.

ЕАЭО карантиндік объектілерінің бірыңғай тізбесі зиянды организмнің жаңа түрімен толықтырылды, тұқым­дық және отырғызатын материал атал­ған карантиндік объектіден бос болуға тиіс екені туралы талап белгіленді.

ЕЭК Кеңесі осыған дейін Сәйкестікті бағалаудың типтік схемаларына өзге­ріс­тер­ді бекіткен еді. Бұл шешім осы салада ұйымдастырушылық-өкім етушілік сипатында жақсарту үшін жағдайлар жасайды. Олар Одақтың сәйкестікті бағалау туралы құжаттарына (сертификаттары мен декларацияларына) заңды тұлғаның атауы немесе дара кә­сіпкердің тегі мен аты-жөні өзгер­ген кезде, сондай-ақ өндірістің нақ­ты­лы орны өзгермеген жағдайда өнім өндірілетін жердің мекенжайының жекелеген деректемелері өзгерген кезде (сөз қала, көше атауының өзгеруі, пош­та индексінің, үй нөмірінің өзгеруі туралы болып отыр) ұтымды түзетулер енгізуге мүмкіндік береді. Бұл ЕАЭО елдерінің іс басындағы шаруашылық жүр­гізуші субъектілерінің жұмысын же­ңілдетеді.

ЕЭК Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу министрі Бақыт Сұлта­нов­тың айтуынша, ЕЭК Кеңесінің шешімі Одақ елдері өндірушілерінің бір-бірінің мемлекеттік сатып алуларына қатысу мүмкіндіктерін айтар­лықтай кеңейтеді.

«Қабылданған шарттар мен тех­но­логиялық операциялар одақ мем­ле­кеттерінде құрылған қуаттарды өн­діріс процесінде барынша пай­да­ла­ну­ға мүмкіндік береді. Бұл им­портты ал­­мастыру және өндірісті көшіру жағ­дайында маңызды», деп түсіндірді министр.

Б.Сұлтанов айтып өткендей, жиын­ның өзекті мәселелері мен басым­дық­та­ры – мемлекеттік сатып алу са­ла­­сындағы цифрландыру, одақ заңна­ма­сын жетілдіру мәселелерін шешу, атап айтқанда, банктік кепіл­дік­тер мен электронды цифрлық қол­таң­ба­ны өзара тану.

«Біз күні бүгінге дейін бірқатар мә­селе бойынша ымыраға келетін ше­шім­дерді талқыладық. Бұл келісімге келе алмай жатқан мәселелердің алға жыл­жуына мүмкіндік береді», деді Б.Сұлтанов.

Беларусь монополияға қарсы реттеу және сауда министрінің орынбасары Андрей Картун банктік кепілдіктерді өзара тану туралы келісімге қол қою мәреге жақындап қалғанын, бірқатар мәселе тағы да талқылауды қажет ете­тінін айтты. Оның сөзінше, бұл мәселе Беларусь банктері мен субъек­ті­лері үшін ішінара шешілген. Бүгінде жеті беларусь банкі Ресей нарығына банктік кепілдіктер береді.

Армения біржақты тәртіпте ЕАЭО елдерінің банктік кепілдіктерін қа­был­дауды бастап кетіпті. Армения Қар­жы министрінің орынбасары Аваг Аванесян одаққа мүше елдердің ор­та­лық банктерінің лицензиялары Армения үшін жарамды деді. «Бізге одаққа мүше елдердің ортақ шешімге келгені тиімді. Сол кезде ғана ЕЭК кеңістігінде мемлекеттік сатып алу жүйесін қалыптастыра аламыз», деп атап өтті ол.

 

АЛМАТЫ