Спорт • 07 Ақпан, 2023

Татами табандылықты талап етеді

223 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Португалияның Алмада қаласында өткен Гран-при турнирі аяқталғаннан кейін дзюдошылардың әлемдік рейтингі қайта жаңартылды. Биылғы маусымның алғашқы жарысында Қазақстан құрамасы сәтті өнер көрсеткеніне ешкімнің күмәні болмаса керек. Олай деп айтуға негіз, дүбірлі додалардан біздің балуандардың үш жүлдемен оралған кездері тым сирек. Оның үстіне, жеңіс тұғырына көтерілген үш спортшымыз да финалда күресті. Нәтижесінде, Пиреней түбегінде бір алтын мен екі күміс медаль олжаладық.

Татами табандылықты талап етеді

Әбибадан кейін Ғалия шықты

Десек те бізге қуануға әлі ерте. Өйт­кені жаңартылған әлемдік рейтингтің үздіктер тізімінде Қазақ­стан дзюдошыларының қа­расы аз. Мәселен, ТОП-10 татами шеберлері арасында жалғыз Әбиба Әбужақынова ғана бар. Аса жеңіл салмақта белдесетін қазақтың қаршығадай қызы былтыр жазда Астанада өткен Азия чемпионатында күміс және күзде Ташкентте ұйымдастырылған әлем чемпионатында қола медаль олжалап, жанкүйерлердің қо­шемет-құрметіне бөленген еді. Одан бөлек ол одан да басқа дү­бірлі додаларда дараланды. Биыл­­ғы маусымды да Әбиба сәтті бас­тап, Пиреней түбегінде алтыннан алқа тақты. Қазіргі кезде ол 48 кг салмақ дәрежесіндегілердің рейтингінде алтыншы орынды иеленіп отыр. Бұл – Қазақстан балуандары арасындағы ең үздік көрсеткіш!

Португалияда Әбужақы­но­­­вамен финалда белдескен Ға­­лия Тынбаева өткен жылмен са­лыс­тырғанда бірден 15 са­ты­­ға жоғарылап, бұл күндері 37-орынды еншілеп отыр. Ра­сында да, оның Алмададағы өне­рі өте жақсы әсер қалдырды. Тын­баева небір сақа спортшыларды сан соқтырып, ақтық сынға дейін алқынбай жетті. Басқа рейтингтік жарыстарда да дәл осылай күрескенде, оның тұ­ғыры бүгінгіден әлдеқайда биік болатын еді. Енді Әбибаның жеңісті жолы Ғалияға жұғысты болсын деп тілейміз.

Аса ауыр салмақта күресіп жүр­ген Кәмила Берліқаштың да қарқыны қуантады. Осыдан бірер жыл бұрын сары құрлықтың бас­ты додасында сегіз рет жеңіс тұ­ғырына көтеріліп, Азия ойын­дарында үш рет жүлдегерлер қатарынан көрінген Гүлжан Иса­нова үлкен спорттан қол үзгеннен кейін елімізден +78 кг салмақта біразға дейін мық­ты балуан шықпаған еді. Соңғы уақытта Берліқаш жақсы күресіп жүр. Бүгінгі таңда ол IJF рейтингінде 15-орынды иеленіп отыр.

Әйелдер арасында ТОП-100-діктің қатарына енген өзге жер­лестеріміздің нәтижелері мынадай: Назгүл Маратова (+78 кг) – 30 орын, Севара Ны­шан­баева (57 кг) – 32 орын, Аруна Жанкелдина (78 кг) – 32 орын, Гауһар Ирмағамбетова (52 кг) – 68 орын, Мөлдір Нарынова (63 кг) – 68 орын, Толғанай Әбе­у­о­ва (52 кг) – 72 орын, Мә­дина Па­рагулгова (78 кг) – 77 орын, Анастасия Маякова (70 кг) – 82 орын, Есмигүл Куюлова (63 кг) – 85 орын, Нұрсұлу Ер­алиева (48 кг) – 94 орын және Зере Бектасқызы (70 кг) – 95 орын.

Қазіргі кезде бұрымдылардың бәсекесінде Франция мен Жа­пония құрамаларының қарқыны өте күшті. ТОП-10 дзюдошының қа­та­рына еуропалықтардың 10 және азиялықтардың тоғыз спорт­шысы еніп отыр. Осы орайда фран­­­цуздардың жапондарға қара­ғанда мысы басым екенін айта кеткен абзал. Өйткені бұл елдің екі балуан қызы әлемдік рейтингте жеке-дара көш бастап келеді. Күншығыс елінің қыздарына он­дай бақ әзірге бұйырмай тұр. Бра­зилия мен Израильдің де екпіні жақсы. Олардың бес балуаны – үздік ондықтың санатында. Италияның – төрт, Португалия, Моң­ғолия, Нидерландтың – үш, Ұлыбритания, Косово, Ве­несуэла, Оңтүстік Ко­рея, Аус­тра­лия, Польша, Хор­ватия, Гер­ма­ния, Қытайдың – екі және Ис­пания, Қазақстан, Сербия, Ма­­жарстан, Өзбекстан, Грузия және Аустрияның бір-бір өкілі – мық­тылардың санатында. Ал Франция мен Ұлыбританияның – екі және Канада, Бразилия, Хор­ватияның бір-бір балуаны әлемдік рейтингте бірінші орындарда тұр.

 

Әйелдер арасындағы

ТОП-5 дзюдошы

48 кг: 1. Ширин Букли (Фран­­­­ция), 2. Нацуми Цунода (Жа­пония), 3. Джулия Фигероа (Ис­пания), 4. Вакана Кога (Жа­по­ния), 5. Франческа Милани (Италия).

52 кг: 1. Челси Джайлс (Ұлы­британия), 2. Дистрия Крас­ничи (Косово), 3. Река Пупп (Ма­жар­стан), 4. Ута Абэ (Жа­пония), 5. Диёра Келдиёрова (Өзбекстан).

57 кг: 1. Криста Дегучи (Ка­нада), 2. Харука Фунакубо (Жа­пония), 3. Рафаэла Силва (Бра­зилия), 4. Тимна Нельсон-Леви (Израиль), 5. Ху Мими (Оң­түстік Корея).

63 кг: 1. Люси Реншалл (Ұлы­британия), 2. Катерин Бошемен-Пинар (Канада), 3. Анрикелис Барриос (Венесуэла), 4. Мегуми Хорикава (Жапония), 5. Кетлейн Квадрус (Бразилия).

70 кг: 1. Барбара Матич (Хор­ватия), 2. Санне Ван Дейк (Ни­дерланд), 3. Саки Ниизоэ (Жа­по­ния), 4. Михаэла Поллерес (Аус­­трия), 5. Мари-Ив Гайе (Фран­­ция).

78 кг: 1. Майра Агияр (Бра­зилия), 2. Анна-Мария Вагнер (Германия), 3. Элис Белланди (Ита­лия), 4. Гюше Стенхёйс (Ни­дер­ланд), 5. Маделайна Малонга (Франция).

+78 кг: 1. Романа Дикко (Фран­ция), 2. Раз Гершко (Из­раиль), 3. Беатрис Соуза (Бра­зилия), 4. Леа Фонтен (Франция), 5. Джу­лия Толофуа (Франция).

 

Намыс қайда, жігіттер?

Қазақстанның ерлер құрама командасы мүшелері арасында ең үздік көрсеткіш Мағжан Шам­шадин мен Жансай Сма­ғұловқа тиесілі. Екеуі де әлемдік рейтингте 13-орынды еншілеп отыр. 60 кг салмақ дәрежесінде күш сынасып жүрген 26 жастағы Сыр бойының өкілі былтыр Загребтегі «Гранд Слэм» турнирінде топ жарып, Астанадағы Азия чем­пионатында қола медаль ие­ленді. Кезінде Мағжанның жас­тар арасында әлем чемпионы атан­ғаны да жадымызда. 73 кг салмақтағы Жансай сегіз ай бойы емделіп, жарақатынан толықтай айыққаннан кейін биыл татамиге қайта оралды. Бұл ретте оның «қадамы сәтті болды» деп айтуға барлық негіз бар. Күні кеше ғана Португалияда аяқталған Гран-при додасында қарағандылық сақа спортшы күміс медальді мойнында жарқыратты.

Қазақ елі дзюдо тарихындағы ең атақты балуан Елдос Сметов екені сөзсіз. Аса жеңіл салмақта өнер көрсетіп, көптеген биік бе­лесті бағындырған соң, ол 66 кг салмақ дәрежесінде бақ сынауға бел буды. Бірақ Ғалымжан Жыл­келдиевтің шәкірті жаңа ор­таға бейімделе алмады. Бірнеше жауап­ты жарыста же­ңі­ліс тапқаннан кейін үй­реншікті сал­ма­ғына қайта ора­­луды құп көр­­­­­ді. Қазіргі кез­­­де Жам­­­был об­лы­сының өкі­­лі IJF рей­­тингінде 17-орын­­­ды қа­нағат тұ­тып отыр.

Өзге жерлестеріміз әлем­дік рей­тингте мынадай орындар­да тұр: Данияр Шамшаев (73 кг) – 22 орын, Дидар Хамза (90 кг) – 22, Бауыржан Нарбаев (60 кг) – 24, Ғұсман Қырғызбаев (66 кг) – 26, Нұрлыхан Шархан (100 кг) – 26, Абылайхан Жұбаназар (81 кг) – 30, Әділ Ораз­баев (+100 кг) – 39, Ерсұлтан Мұ­зафаров (90 кг) – 41, Ерасыл Қажыбай (+100 кг) – 42, Есет Қуанов (66 кг) – 49, Ислам Бозбаев (100 кг) – 51, Айбек Серікбаев (100 кг) – 54, Жамбыл Тұрғынәлиев (+100 кг) – 55, Ғалымжан Қы­рықбай (+100 кг) – 60, Шерзод Дав­латов (60 кг) – 61, Аңсарбек Ғайнуллин (73 кг) – 73, Бекарыс Сәдуақас (100 кг) – 92 және Дәулет Сүйкенов (60 кг) – 99 орын.

Бүгінгі таңда ерлер ара­сын­дағы сайыста Жапония мен Гру­зия татами шеберлерінің асы­ғы алшысынан түсіп жүр. ТОП-10-дықтың санатына енген дзю­до­шылардың саны жағынан сәл ға­на басымдық – Күншығыс елі жағында. Үздіктер тізімінде жа­пондардың 10 жігіті бар. Қап тауының тоғыз өр мінезді өрені дәл сондай құрметке бөленіп отыр. Есе­сіне Грузияның үш апайтөсі әлемдік рейтингте көш бастап тұр. Олар – Лондон, Рио және Токио Олимпиадаларында жүлделердің толық жиынтығын жеңіп алған Лаша Шавдатуашвили (73 кг), әлем мен Еуропаның екі дүркін чемпионы Тато Григалашвили (81 кг) және әлем біріншілігінің қола жүлдегері Илья Суламанидзе (100 кг). Яғни жеті салмақтың үшеуінде грузиндердің алдына түсетін ешкім табылмай тұр. Ра­сында да, небәрі 3,7 миллион халқы бар шағын ғана мемлекеттің бұл табысына таңданбау, тамсанбау мүмкін емес. Ал Жапонияның бірде-бір балуанына бірінші орыннан көріну бақыты әзірге бұйырған жоқ.

Әзербайжан мен Өзбекстан құрама командаларының мүшелері де түрлі байрақты бәсекелерде табысты өнер көрсетіп жүр. Бұл мем­лекеттердің әрқайсысының ал­ты татами шебері ТОП-10-дық­тың қатарында. 90 кг салмақ дәрежесінде Давлат Бабоновтың дара тұрғанын айта кеткеніміз жөн. Өзбек дзюдошысы 2021 жылы Токио Олимпиадасы мен Будапешттегі дүниежүзілік додада күміс медаль иеленсе, былтыр Ташкентте әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ Бельгия, Моңғолия, Бразилияның – төрт, Оңтүстік Корея, Израиль, Канаданың – үш, Испания, Италия, Куба, Ни­­дерландтың – екі, Тайпей, Мол­дова, Украина, Түркия, Аус­трия, Франция, Мажарстан, Пор­тугалия, Тәжікстан және Че­хия­ның бір-бір өкілі жоғарыдағы ті­зімге енді. Өкінішке қарай, со­лардың санатында Қазақ елінің бір­де-бір дзюдошысы жоқ. Бір айта кетерлігі, Грузияның үш балуанынан бөлек, шағын ғана Тайпей мен Молдованың және Тәжікстанның дзюдошылары да өз салмақ дәрежелерінде дара тұр.

 

Ерлер арасындағы

ТОП-5 дзюдошы

60 кг: 1. Ян Юнвэй (Тайпей), 2. Рюдзю Нагаяма (Жапония), 3. Ли Ха Рим (Оңтүстік Корея), 4. Франсиско Гарригос (Испания), 5. Георгий Сардалашвили (Грузия).

66 кг: 1. Денис Виеру (Мол­дова), 2. Ёндонпэрэнлэйн Бас­ху (Моңғолия), 3. Хифуми Абе (Жа­пония), 4. Барух Шмайлов (Израиль), 5. Важа Маргвелашвили (Грузия).

73 кг: 1. Лаша Шавда­туа­­швили (Грузия), 2. Хидаят Гей­даров (Әзербайжан), 3. Цэнд-Очирын Цогтбаатар (Моңғолия), 4. Даниел Карнин (Бразилия), 5. Сои­ти Хасимото (Жапония).

81 кг: 1. Тато Григалашвили (Гру­зия), 2. Маттиас Кассе (Бель­гия), 3. Саид Моллаей (Әзер­бай­жан), 4. Гильерме Шмидт (Бра­зилия), 5. Сами Чучи (Бельгия).

90 кг: 1. Давлат Бабонов (Өзбекстан), 2. Санширо Мурао (Жа­пония), 3. Бека Гвиниашвили (Грузия), 4. Лука Майсурадзе (Гру­­зия), 5. Кристиан Тотт (Ма­жарстан).

100 кг: 1. Илья Суламанидзе (Грузия), 2. Майкл Коррел (Ни­дерланд), 3. Зелим Коцоев (Әзер­байжан), 4. Джордж Фонсека (Пор­тугалия), 5. Шади Эльнахас (Ка­нада).

+100 кг: 1. Темур Ра­химов (Тәжікстан), 2. Гурам Ту­ши­шви­ли (Грузия), 3. Юр Спей­керс (Нидерланд), 4. Энди Гранда (Куба), 5. Кокоро Кагеура (Жа­пония).