01 Маусым, 2010

ӘЛЕМ ӨТКЕН АПТАДА

518 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ОДАҚТАН ҮЛЕС АЛМАҚ Украина президенті Виктор Янукович бұрынғы КСРО-ның дүниесі Одаққа кірген республи­ка­ларға бөлінуге тиіс деген пікі­рін жариялады. Оның бұл ұсы­нысы жәй саяси ұпай жинаудың қулығы сияқты. Ресеймен жа­қын­дасумен қатар, қажетті же­рін­д­е оған қарсы да шығамын де­генді білдірмек болса керек. Ке­зінде сол одақтас респуб­ли­ка­лардың басшылары Ресей КСРО-ның дүниесін алумен бірге, оның қарыздарын да өтесін деген ке­лі­сімге келген. Оны қайта қарау­дың реті жоқтай. Келісілген соң, сөзде тұру қажет. БИЛІКТЕН ШЫҚҚАН Жапонияның Социал-демо­кра­тиялық партиясының басшы­лы­ғы өздерінің биліктегі пре­мьер-министр Ю.Хатояма бас­қа­ратын коали­ция­дан шығатынын мә­лім­деді. Бұларға не жетпей қалғаны белгісіз. Соц­иа­лис­тердің кетуінен коалиция пар­ла­менттегі көпшілік дауыстан айы­рылар болса, бұл елдегі тұрақ­тылыққа қатты соққы болып тимек. ЧИНАВАТ АЙЫПТЫ Таиланд соты елдің бұрынғы премьер-министрі Таксин Чинават­ты лаңкестік әрекеттері үшін айыпты деп тауып, оны тұтқын­дауға ордер берді. Қазіргі билік оны екі жарым айдай “қызыл­жей­делілердің” көшелердегі тәр­тіпсіздігі мен шерулер өткізіп, ел­дің берекесін кетірген әрекет­терін ұйымдастырушы деп са­най­ды. Сол әрекеттердің салдарынан отыздан астам адам қаза тауып, мыңға тарта адам жараланған. Сол үшін де жазаға тартуға бол­ғандай. Оппо­зиция 36 ғимаратты өртепті. ЗЕЙНЕТКЕРЛІККЕ АСЫҒУ Француздар ереуілге шығып, ел ішінде біраз қиындық туды – көшелерде көлік кептеліп, авиа­рейстер орындалмай қалды, тіпті мектептерде оқу тоқтаған. Ереуіл­дің себебі – үкіметтің зей­нет­керлікке шығу жасын көтер­мек ойы­на қарсылық. Бұл елде зейнет­керлікке шығу жасы – 60. Бұл тек Еуропада ғана емес, әлем­нің көп­те­ген жетекші елде­ріндегіден әлде­қайда төмен. Ай­талық зейнеткер­лікке шығу жасы АҚШ-та – 65-67, Жапония, Гер­мания, Испания, Финляндияда – 65, ал Израильде 67 жас. Француздар зейнеткерлікке 62 жаста шығуға қарсы. ЛИБЕРМАН ЖЕМҚОР МА? Би-би-си ақпарат агенттігінің хабарлауына қарағанда, Израиль полициясы елдің сыртқы істер министрі  Авигдор Либерманның сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар-ау деген күдік білдіріпті. Оның бір дәлелі – сыртқы істер ми­нистрі ақшаны жасырып өт­кізгендерді тергеуге ықпал етпек болыпты. Полиция бұл жайдан-жай емес деп қорытынды жасаған. ҮНДІСТАНДАҒЫ АПАТ Жұма күні бұл елде темір жол апаты болып, одан 65 адам қаза тауып, 200-дей адам жарала­нып­ты. Батыс Бенгалияда бұл апатты елдегі маоистік топ жүзеге асы­рыпты. Калькуттадан Мумбайға бара жатқан пойыз рельстен шығып кетіп, содан соң қарсы келе жатқан жүк пойызымен соғысқан. Маоистік экстремистер бұған дейін де осындай теракт ұйымдастырған екен. ЧАВЕС ТЕ ҚОРҚАДЫ Венесуэла президенті Уго Чавес астананың сыртында бола­тын шараларға алдын ала хабар­ла­май баратын көрінеді. Өз өмірі­нің қауіпсіздігі үшін осылай етуді оған Куба көсемі Фидель Кастро айтты, дейді ол. Чавес үнемі тік­ұшақ­ты пайдаланады екен. Тағы да бұл көлікті Фидель Кастро ұнат­папты. Тікұшақты зымыран­мен атып түсіретін жындылар көп, депті Чавес. Өз халқынан қорық­қан президенттің де күні күн емес-ау. КЕРЕКСІЗ НӘРСЕ КӨП Немістің экономист-ғалымы Юстус Хаукал “Германиядағы ше­неуніктер тасқыны” деген кі­тап шы­ғарып, елдегі 50 мем­ле­кет­тік қыз­меттің ешқандай пай­да­лы іс ат­қармайтынын, тек бюд­жеттік қар­жыны босқа жейтінін жан-жақ­ты дәлелдепті. Хау­кал­дың пі­кі­рінше, сол мекемелерді жою мем­­лекеттік органдардың жұмы­сын ширата түсумен қатар, қыруар қаржыны өтейтін көрі­неді. Сірә, он­дай керексіз меке­мелер барлық жерде де бар шы­ғар. Неміс ғалы­мы талайларға ой салып отырғандай. АҚ ЖАҢҒАҚ – КӨК ЖАҢҒАҚ Қазір базарларда, сондай-ақ дас­тарқандарда бір мұрты ашыл­ған ұсақ ақ жаңғақты жиі кез­дес­тіреміз. Ол негізінен Қытайдан әкелінеді. Бұл шекілдеуіктердің табиғи түсі ақ емес, сұр көрінеді. Саудада өтімді болсын деп қы­тайлар оны аққа бояйды екен. Табиғи түсі қандай екен­дігінен бей­хабар тұтынушы ағын алады. Бұлай бояу қытай­лар­дың өз заң­да­рына да қайшы кө­рінеді. Ал аққа бояғаннан оның адам ағ­за­сы­на зияны анық­тал­ма­ған­мен, ол өнімдегі В1 витаминін жояды екен. Әзірлеген Мамадияр ЖАҚЫП.