Әдебиет • 07 Ақпан, 2023

Талқы

885 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Халқымыздың ауызекі баяндау тілінде «талқыға түсті», «талқыға салынды» немесе «талқыланды» дейтін сөз тіркестері ұдайы кездеседі. Бұл мәтін мағыналық тұрғыдан «сөйлесілді», «келісілді» қатарлы ұғымдардың синонимі іспетті. Осы орайда, жалпы «талқы» атауы нені білдіреді, оның мағынасы қандай әрі бұл қандай зат дегенге тоқталсақ.

Талқы

Бұл тақырыпты қаузауға түрткі болған дүние – тарих ғылымдарының докто­ры, профессор Жамбыл Артық­баев әлеуметтік же­лі арқылы «талқы» туралы сөз қозғап, интернетті ақ­тарып, бұл бұйым туралы толыққанды мәлімет кез­дес­тіре алмағаны және фото­бей­несі де қолжетімді емес екені жайында жазыпты. Атам қазақ «көзден кетсе, көңіл­ден кетеді» дегеніндей, «тал­қы» қазір көзден де, көңілден де кеткелі қашан.

«Талқы – теріні керіп, со­зып, иін қандыра жұм­сар­татын ағаш аспап» деп жазыпты уикипедиялық ашық анықтамалықта. Бұл – дұ­рыс айтылған тұжырым. Ра­сын­да, бұл байырғы тері өн­дірісі үшін аса қажет құрал. Яғни қой-ешкі сияқты ұсақ мал терісінің иін қандыру үшін немесе ірі қара малдың те­рісі­нен таспалап тілінген жал­пақ қайысты жұмсар­тып, ер-то­қым жабдығын жасау үшін бұл бұйымды аталарымыз қол­данып келген.

Академик жазушы Сәбит Мұқанов: «Жүні жидіген те­ріні жайып кептіреді де, оның құрыс-тырысын жазу үшін «талқы» деп аталатын тістері кедір-бұдыр сайманмен созғылайды. Міне, осылай иленген, талқыланған те­рінің аты – қайыс» деп жазса (Мұқанов. С. «Халық мұрасы» – Алматы:  Жазушы, 2005. – 135 бет), 2013 жылы Ұланбатыр қаласында жарық көрген Биқұмар Кәмалашұлының «Қа­зақ халқының салт-дәс­түрлері» атты көлемді еңбе­гінің 360-ыншы бетінде: «Қазақ халқының тері илеу дәстүрінде терінің иін қан­дырып, жұмсартып икемге келтіру үшін оны талқыға салады. Талқы қазақтың тері иін қандырып, жұмсарта­тын құралдарының бірі», депті.

Демек жоғарыда атап өтілген «талқыға түс­ті», «талқыға салынды», «тал­қы­ланды» деген сөздердің ма­ғынасы осыдан шыққан. Яғни бұл қандай бір даулы мәселе әбден кеңесіліп, то­­лық шешімін тапты деген ұғым­­ға саяды.

Талқының түрі көп. Сүйекті ірі қараның терісіне үлкен талқы, ұсақ мал­дың терісіне кіші талқы қол­да­нылады. Ал құрылымдық тұр­ғыдан: баспа талқы, созғы, ирек, сүзгі деген түрлері бар. Моңғолия қазақтары арасында ирек талқы көп тараған. Ол жақтың қазақтары көп айтатын «ит мініп, ирек қам­шылап» деген сөз осыдан шыққан.

Талқыны жасау үшін аша ағаш таңдап алынады да, оның тұйық басына және ортасына басқанда төмен түсетін сүймен-тұтқа орнатылады. Ал баспа ағаштың басы ашаға көлденең мұрындықталады. Бұл мұрындық ағашты тиек немесе бастырық деп атайды. Аша ағаштың беткі жақ тілінде керілген тістері (қы­шыры) болады.

Осындай бір ұзындығы 159 см, ашасының айыры 40 см, тілі 141 см болатын талқы Алматы қаласындағы Мем­лекеттік орталық музей (КП 27334/1) қорында сақтаулы тұр (1-сурет).

ыра

Сондай-ақ 2014 жылы жа­­рық көрген «Қазақтың эт­но­графиялық категориялар, ұғым­дар мен атауларының дәс­түрлі жүйесі» атты энцикло­педиялық анықтамалықтың 5-ші томының 335 бетінде талқы басып, тері илеп жат­қан адамдардың жұмыс үстін­дегі фотосы жарияланыпты (2-сурет).

ыарыя

Ертеде талқымен жұмыс істеу ауыр еңбек түріне жататын болған. Сондықтан атам қазақ «құрулы тұрған талқыдан, құр өтпе» деп қатаң ескерткен. Яғни талқы жасап жатқан адамды көрген кім болса да, оған көмек қолын созуы керек. Бұл көшпелілердің бұлжымас қағидаты.