Таяуда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2022 жылғы осы байқаудың жеңімпаздарын марапаттады. Солардың ішінде ғылым жолында жаңаша ізденіспен еңбек етіп жүрген Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бір топ ғалымы үздіктер қатарынан көрінді.
Бұл байқауға елордадағы бірегей оқу орнынан қатысып, топ жарған ғалымдардың осалы жоқ. Бәрі де ғылымда мойындалып, еңбектерімен елге мәлім азаматтар. Есімдерін де айтайық. Сонымен «Жаратылыстану ғылымдары» бағыты бойынша Рысқұл Ойнаров, Елбек Өтепов, Қасым Жұмаділов секілді ғалымдардың мерейі үстем болса, «Техника мен технологиядан» – Алма Дәулетбекова, «Гуманитарлық ғылымдар және өнерден» – Жанат Аймұхамбет, «Қоғамдық ғылымдардан» – Жанарыс Райымбеков пен Ғайни Ділімбетованың жұлдызы жанды.
Айта кетейік, аталған байқауда бақ сынауға жеті бағыт бойынша 468 өтінім түскен. Өтінімдер конкурсқа арнайы әзірленіп, тоғыз өлшеммен ұпайларды автоматты түрде санайтын ақпараттық жүйе арқылы қабылданды. Нәтижесінде, отандық ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының 50 ғалымы жеңіске жетті. Жеңімпаздардың бәрі қомақты қаржылай сыйлықпен марапатталды.