Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Қайсыбір іс-шараларда көріп қалғанда әңгімелесе кетпесең, композитор өздігінен шешіліп көп әңгіме айта бермейді. Оқшау жүргенді жаны қалайтын секілді. Әйтеуір кездесіп қалған кезде шығармашылығы туралы аз-кем сұрап қалатынымыз бар. Бір белгілісі, бірнеше жыл бедерінде есеп беру кештерін өткізді. Ал 2014 жылы Алматыда «Соғады сен деп жүрегім» атты шығармашылық кешін ұсынды.
Сәрсенбек Бәкір алғашқы әнін Жамбыл мәдени ағарту училищесінде оқып жүрген кезде жазыпты. Ерболат Сейдахметовтың сөзіне жазған «Махаббат назы» деген әнінен кейін Тынышбай Рахым, Сұлтан Қалиевтің өлеңдерін әнге айналдыра бастаған болатын. Уақыт өте келе Асылхан Сапаевтың шығармасына жазылған «Не пайда?» әні «Нұр-Мұқасан» дуэтінің орындауында хитке айналғаны мәлім.
Қалай десек те Сәрсенбектің жұлдызын жаққан әндердің біразы айтулы ақын Серік Томановтың өлеңдерімен сабақтасып жатқаны айдай ақиқат. Әсіресе «Сезімді қайтем тулаған?», «Аузынан айдың түскен қыз» шығармалары халық арасында хитке айналғаны мәлім. Композитордың айтуынша, ақын Серік Томановпен 1997 жылы танысып, шығармашылық байланыс орнатыпты.
«Серік Томановтың мені тануына бірнеше шығармашылық кешім әсер еткен көрінеді. 1997 жылы Секеңмен базарда кездесіп қалдық. Осылайша, таныстығымыз кездейсоқ жағдайда басталды. Кейін екеуміз қалада тұратын жездемнің үйіне келдік. Сол кезде арқалы ақын шабыттанып отырып, бірнеше өлеңін оқыған болатын. Алайда сол өлеңдердің ішінен ән жазуға ыңғайлысын таппадым...
Бір кезде Секең сиясы кеппеген жаңа өлеңі бар екенін айтты. Ол өлең расында да әнге сұранып тұр екен.
«Дертімді қалай емдермін,
Не амал оған не істерміз?!
Арманым болдың сен менің,
Аузынан айдың түскен қыз»,
деп келетін жырдың бір шумағын қағазға жазды да қалдырып кетті.
Осы бір жүрекке жылы тиген шумақты жиі қайталай бердім. Ақыры бір әуен келді. Содан не керек, ақырын ғана осы бір шумақты әннің әуеніне сала бастадым. Арада тәулік өткеннен кейін Серік аға маған өлеңнің толық мәтінін әкеп берді. Әннің сазы мен өлеңнің мәтіні бір-біріне құйып қойғандай болып шықты. Осы бір оқиға естен кетпейді. Расында да өлеңнің әніме сай келе қалғаны мені қатты таң қалдырды.
«Аузынан айдың түскен қыз» әнінен кейін Серік ағамен байланысымыз нығая түсті. Ақын менің әндерімнің табиғатын түсінген секілді. Арада жыл өткен соң «Сезімді қайтем тулаған?» әні дүниеге келді. Кейіннен «Соғады сен деп жүрегім», «Әкені аңсау» секілді өлеңдерге тапсырыспен мәтін жаздырдым. Жалпы алғанда айтулы ақынмен шығармашылық байланыс орната жүріп, бес ән жазыппыз», дейді композитордың өзі сол бір мөлдір шақты еске алып.
Күллі қазақтың құлақ құрышын қандырған есті ән әлі күнге ескірген жоқ. Әннің әрбір шумағы тыңдарманды бейжай қалдырмайтыны белгілі. Жылдар бойы тыңдарманын жоғалтпаған туындының әлі күнге дейін өміршең болуы шын өнердің ешқашан өлмейтінін айқындап тұр емес пе? Расында солай.
«Жолымыз құрбым бір болсын,
Жақын боп кеттің досымдай.
Бұрын сен қайда жүргенсің,
Бұрымдыларға қосылмай.
Көрдім де сені өзгердім,
Басқа адам болдым бір демде.
Періштелерін өзге елдің,
Көзге де ілмей жүргенде»,
деп басталатын ғажап әнді Тоқтар Серіковтен кейін қазақ өнерінің шоқ жұлдызы Мейрамбек Беспаевтың нәшіне келтіре орындағаны жұрттың жадында.
Иә, Сәкең өнерге деген адалдығынан ешқашан айныған емес. Жаратқан бойына дарытқан талантты Тәңірдің сыйы деп қабылдайды. Содан да болса керек, қарапайым ғұмыр кешкенімен, қарабайыр тірліктерге бара бермейді. Талғамы бөлек, таңдауы басқа азамат.
«Кез келген азамат кәсіби мансабында сатылап көтерілуі мүмкін. Ол әкім болады, басқа қызметті атқара алады. Оған дау жоқ. Алайда қасиетті өнер кез келген адамның бойына дари бермейді. Өйткені өнер – адамға Алланың берген сыйы.
Қазіргі композиторлардың әнді қандай тәсілмен жазатынынан бейхабармын. Бір анығы, өзім ешқашан жоба-жоспармен қолыма домбыра алып немесе фортепиано тартып отырып, ән жазған емеспін. Бәрі де адамның көңіл күйіне байланысты ғой.
Кейде қайсыбір шығармамды екі айда, тіпті бір жылда жазатын кездерім де болады. Оның өзінде сол әуенді әрмен қарай дамытуға тура келеді. Өйткені әннің бәрі бірден құйылып түспейді. Оны ретке келтіруің керек. Қазіргі композиторлардың ішінде әнді құрап жазатындар бар екенін естіп жүрміз», дейді Сәрсенбек Бәкір өнер туралы ойымен бөлісіп.
Расында да Сәрсенбек Бәкірдің қай әнін тыңдасаңыз да жүрек қылын шертеді. Ол өнерін өмірім деп түсінетін азамат. Содан да болса керек, жеңіл дүниелермен әуестене бермейді. Әйтпесе, жеңіл ырғақты той әуендерін ермек қылуына ешкім де кедергі емес қой. Алайда оның жүрегі шынайы шығармашылықты, шын өнерді қалайды. Сәрсенбек сонысымен де басқалардан биік тұратыны даусыз.
Жамбыл облысы