Өнер • 08 Ақпан, 2023

Орны бөлек оркестр

437 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осынау жер бетіндегі әрбір халықтың ұлт болып қалыптасуының қайнар көзі тағылымға толы дәстүр-ғұрпы, салт-санасы, ұлттық мәдениетінен бастау алары сөзсіз. Ал қазақ руханиятының бір шыңында атадан балаға мирас болып, бүгінге жеткен халық аспаптық, ұлттық музыка өнері тұр. Ұлттық аспаптар арқылы халқымыздың саналуан мәдениетін, асқан даралығын көрерменге паш етіп, танытып келе жатқан өнер ордалары аз емес.

Орны бөлек оркестр

Соның бірі һәм бірегейі – асыл өнердің киелі қара шаңырағына айналған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің құрылғанына биыл тоқсан жыл толып отыр. Ғасырға жуық жасаған қазақтың тұңғыш оркестрі бабадан қалған аманат – дала дарындарының әуелеген сазы мен күмбірлеген күйін көздің қарашығындай сақтап, тыңдаушының жүрегіне жеткізіп, ұлт жадында сақтап келеді.

Аталған өнер ұжымын қазақ музыкасының майталманы, оркестрдің негізін қалаушы, алғашқы көркемдік жетекшісі және дирижері Ахмет Жұбановтың жарқын бейнесінсіз елестету мүмкін емес. Сонау 1933 жылы Алматы музыкалық-драма техникумында Жұбановтың жетекшілігімен 11 адамнан ғана құралған шағын ансамбльдің ұлттық музыкалық аспаптарды жетілдіріп, халқымыздың бай музыка мәдениетін дамытуда мақсаттары айқын, армандары асқақ болды. Бастапқыда шағын ансамбль болған шығармашыл топтың мақсаты халықтық музыканы танытып, домбыра, қобыз аспаптарының дыбыс ерекшелігін зерттеу еді. Бұл туралы Ахмет Жұбанов өзінің естелігінде: «Алғашқы кезеңдерде халық шығармашылығы мен музыкалық халық аспаптарын зерттеп, оларды дамытуда түрлі қиындықтар болды. Домбыра, қобыз аспаптарының дыбыстық ерекшеліктерін акустика заңдылықтарына сай ретке келтіретін заманауи музыкалық шеберлер тапшы еді. Орыс музыкалық аспаптарын жетілдірген ағайынды Борис және Эмануил Романенколар халық аспаптарын зерделеуде аянбай қажырлы еңбек етті», деп жазады.

Ұлттық өнер шаңырағының қазығын қағып, іргесін қалаған ұлы ұстаздың ізін әр жылдарда Л.Хамиди, Л.Шаргородский, Н.Тілендиев, Ф.Мансұров, Ш.Қажығалиев, А.Мырзабеков, М.Әубәкіров сынды өнер майталмандары жалғады. Әсіресе ғұмырының 42 жылын оркестр­ге арнап, өнер ордасын әлемдік мәдениеттің төріне шығарған КСРО және Қазақстанның Халық әртісі Шамғон Қажығалиевтің еңбегі орасан. Нар тұлғаның атұстары Нарын Қажығалиев бүгінде әке жолын жалғап, оркестрде дирижерлік етіп келеді. Былтыр өнер ұжымы тау-тұлғаның 95 жылдық мерейтойын «Серпін» атты еске алу кешімен жоғары деңгейде атап өтті. Сонымен қатар дарабоз дирижердің есімін ұлықтау мақсатында Алматы қаласында тұрған үйінің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды. 

Дана халқымыз қашанда «жас келсе, іске» деп жастың бойындағы қайрат, жігерді танып-біліп отырған. Бүгінде оркестрдің дирижерлік тізгінін «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, жалынды да жігерлі Абылай Тілепберген ұстап келеді. Ол көптеген республикалық және халықаралық байқауларда қазақтың қара домбырасының бабадан қалған қоңыр үнін әуелетіп, топ жарып жүр. Жас дирижердің репертуарындағы тың туындылар ұлттық оркестрді әуезді әуенімен әрлей түсіп, ұлттық өнерді жоғары бағалайтын көзі қарақты қалың көрерменнің ізгі ілтипаты мен зор ықыласына бөленіп келеді. Маэстро оркестр­де өнер көрсететін талант иелерінің сан түрлі аспаптың тілімен үн берген әрбір ырғағына аса ыждағаттылық танытып, сырлы саздың сырын ашқан таяқшасымен қалың көрерменді күйге бөлейді.  Көркемдік жетекші Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші Батыржан Мықтыбаев та түрлі өнер додаларында оза шауып жүр.

Өткен жылы Құрманғазы оркестрінің тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылған республикалық «Шертпе күй» дәстүрлі музыка фестивалі өтті. Фестивальге республиканың әр аймағынан қатысқан жас күйшілер үш күн бойы шертпе күйдің сырымен бөлісті. Мәдени маңызы жоғары жоба алдағы уақытта да жалғаса береді.

Әр қазақ үшін бабадан қалған асыл мұрамыз – домбыраның қадірі алтынмен тең. Ұлттық аспапқа құрмет көрсету де қанға сіңген қасиет. Мерейтой қарсаңында Мәдениет және спорт министрлігі мен «Freedom Holding Corp» компаниясының демеушілігімен оркестрге су жаңа жиырма домбыра табысталғанын да айта кетейік. Бұл игі іс-шара, ең алдымен, халқымыздың ұлттық өнеріне көрсетілген қызмет.

Әлемдік мәдениеттің төрінен орын алған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі қай уақытта да ұлт руханиятының көшбасшысы болып қала береді. Осы оркестрдің үні арқылы ұлттық мәдениетіміз әлемге танылып жатқаны мәлім. Халқымыздың құнды мұрасы – ән-күй өнері, ұлылардың ұлы есімдері де осы оркестр сахнасында жаңғырып келеді. Ұлттың мәдениеті мен өнері дамыған елдің жаһандағы болашағы жарқын, келешегі кемел болып қала бермек. Өнердің өміршеңдігі осы емес пе?

 

Алмат НҰРҒАЛИЕВ,

Құрманғазы атындағы

Қазақ ұлттық халық аспаптар

оркестрінің концерттік бөлім қызметкері