Мектеп • 09 Ақпан, 2023

Мақсат – «Абай мектебін» танымал ету

463 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Хакім Абайдың 175 жылдығы қарсаңында абайтанушылармен жүздескен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз ана тіліміз бен төл әдебиетіміздің қадір-қасиетін балаларға мектеп жасынан бастап сіңіруіміз керек. Бұл бағытта бірыңғай ұстаным қажет. Осыған орай Алматыдағы Абай атындағы мектеп-интернаттың мүмкіндіктерін толық пайдаланған жөн. Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын бұл мектептің оқу үдерісі басқа мектептерге үлгі болады деп ойлаймын. Оны заманауи талапқа сай жан-жақты жетілдіріп, «Абай мектебі» деп аталатын ең үздік білім ордасына айналдыру қажет» деген еді. Газетіміздің 11 қаңтар күнгі санына «Абай мектебі желісін дамытуға не кедергі?» деген мақала жарияланып, авторды тарихы терең білім ошағының болашағына қатысты кейбір мәселелер алаңдатқанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Мәселенің мән-жайына үңілу үшін Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының директоры Ержан ӨМІРХАНОВТЫ әңгімеге тартқан едік.

Мақсат – «Абай мектебін» танымал ету

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

– Республикалық мәртебесі бар дарынды оқушыларға арналған мектепке жаңадан басшы болып тағайын­далыпсыз, құтты болсын. Талай танымал тұлғаларды тәрбиелеп түлеткен білім ұясына қандай жоспармен, нендей жаңашылдықпен келдіңіз? Бұл меке­менің бағы­ты өзгеруі мүмкін деген пікір­лерді оқып-естіп қалдық, ол қанша­лықты рас?

– Еліміздегі жалғыз қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқы­татын мектепке жетекшілік ету мәртебесі бұйырғаны – мен үшін үлкен құрмет. Талай жыл­дық тарихы бар бұл мектептен қоғам белсенділері мен өнер иелері шыққаны баршаға мә­­лім. Оның барлығы мектеп бағытының дұрыс жолға қойыл­­­ғандығынан. Мектепті ма­ған дейін басқарғандар да ми­нистр­ліктің қолдауымен дұрыс бағытта жақсы жұмыс істеді. Ал менің мақсатым – бағытты түбегейлі өзгерту емес, оны дамыта отырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу. Бұл жолда біздің алға қойып отырған бірнеше жоспарымыз бар және оларды орындауды бастап та кеттік. Осы орайда «жаңа басшы мектептің бағытын өзгертпекші» деген алып қашпа әңгімелердің де нүктесін қоюды жөн көр­дім. Бұл мәселе қарапайым тү­сі­ніс­пеушіліктің салдарынан туындап отыр. Сондықтан еліміз­дегі ұлттық құндылықтарды дәріп­тейтін білім ордасының бо­ла­ша­ғына алаңдаудың қажеті жоқ. Қазақ тілінің өркендеуі мен өрістеуіне немқұрайды қара­майтын ұлтжанды тұлға ретінде бұл білім ордасына мен де өз жоспарыммен келіп отырмын. Алдымен жас ұрпаққа берер білімнің сапалы әрі жүйелі болуы үшін мектептегі білім беру үдерісін жақсартып жатырмыз. Ол үшін педагогтердің біліктілігі мен мектептегі техникалық жаб­дықта­р заман талабына сай болуы керек. Осы мақсатта істен шыққан құрылғыларды қайта іске қосып, техникалық құрал-жабдықтары жоқ кабинеттерді жаңа үлгіде жасақтау жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар ұстаздарға арналған әдістемелік кеңестер өткізіліп, Lesson Study және Action Research әдістері бойынша сабақтар жүргізіліп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік берілді. Бұл мұғалімдердің ақпа­раттық инновациялық технологияларды қолданып, сабақты сапалы әрі нәтижелі өткізуіне мүмкіндік жасайды. Біздің мектепте тәжірибелі, білікті, білімді мамандар жеткілікті. Біз олардың қатарын талантты жас мамандармен толтыра түспекпіз.

– Президент ұсынысымен Абайдың 175 жылдығына орай желілік Абай мектептері құрылғанынан хабардармыз. Жұмыс жүйеленіп, нақты іске кірістіңіздер ме? Бұл бағытта не істеп жатырсыздар? Биылғы жоспарларыңыз қандай?

– Басшылық қызметке келгенде желілік Абай мектептері жұмысының тоқырап қалғанын байқадым. Бұған мектеп әкімшілігі мүшелерінің ауысуы және өзге де жағдайлар әсер етуі мүмкін. Абай атындағы мектеп-интернатымыз желілік мектептердің негізгі базасы болғандықтан, бұл мәселеге көз жұма қарауға болмайды. Сондықтан желілік Абай мектептерінің жарғысын қайта қарап, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мамандарымен бірлесе отырып, жаңа жұмыс жоспарын жасадық. Желілік Абай мектептері басшыларымен бірнеше рет талқылау жиналыстарын өткізіп, желілік «Абай мектептерінің» брендін құру, ортақ білім сапасын көтеру мақсатында білім сынағын жүйелеу, ұлттық құнды­лықтарға негізделген бірыңғай желілік мектептерде болуға тиіс құрылым жүйесіне қатысты жұ­мыстарды бастадық. Алдағы уақытта желілік мектептермен тек білім беру үдерісінде ғана емес, әртүрлі бағытта, оның ішінде басқарудағы менедж­мент және тәрбие жұмыстары бойынша тәжірибе алмасуды көздейміз. Сонымен қатар желілік мектептер арасында спорттық жарыстар ұйымдастырып, оның ауқымын кеңейтуді жоспарлап отырмыз.

– Желілік Абай мектептеріне арнал­ған оқулық шығарып, оны пайдалануға байланысты шешілмеген мәселелердің барын газетімізде жарық көрген мақа­ладан оқыдық. Сол рас па? Оқулық бойын­ша не істеп жатырсыздар?

– Оқулыққа қатысты мәселе­лердің басын ашып алайық. Қазір­гі сәтте «Қазақ тілі», «Қазақ әде­биеті» және «Абайтану» оқу­лықтарын әзірлеу жұмыстары қызу талқылануда. Бірнеше жыл­дан бері жүр­гізіліп келе жат­қан жұмыстар жинақ­талып, ғалымдармен, атап өтсек, «Қазақ тілі» пәні бағдарламасының авторлары Б.Қапалбек, Т.Ермекова, М.Жолшаева, Ш.Ерғожинамен кездесу ұйымдастырылды. Же­лілік Абай мектептерінің мұға­лімдері өз ұсыныстарын онлайн кездесуде ортаға салып, бағ­дарламаның артықшылықтары мен кемшіліктерін талқылады. Авторлар мен практик мұға­лімдердің алдағы жұмыстарының жоспары құрылды. Ендігі кезекте дәл солай «Қазақ әдебиеті» және «Абайтану» пәндерінің бағдарлама авторларымен кездесу өткізілетін болады. Бұл оқулықтар тереңдетілген бағдарламаға және мектептің бағытына сәйкес дайын­далады. Демек жалпы білім беру ұйым­дарына қарағанда біздің оқулықтар ғылыми-теориялық жағынан ауқымды әрі практикалық тапсырмалардың көптігімен ерекшеленеді. Мұндай оқулықтар білім алушылардың жалпы орта білімді меңгеріп қана қоймай, ғылыми көзқарастарының қалыптасуына ықпал етеді.

– Әйгілі мектептің қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқы­татын басты бағытын сақ­тай отырып, ұлттық мек­теп үлгісінде, заманауи мүм­кін­діктерді қолдана оты­рып дамуы үшін нендей жұмыс­тар жа­салуда?

– Мектеп-интернатымызда оқушылар­дың шығармашылық қабілеттерін дамыту және бос уақыттарын тиімді пайдалану үшін жаңадан үйірмелер мен клубтар құрылды. «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында құрылған «Оқырмандар» клубы бар. Клубтың мақсаты – оқушыларды көркем шығарма оқуға дағдыландыру, сыни ойлау арқылы функционалдық сауаттылықтарын арттыру. Клуб үш бағыт­та жұмыс істейді – оқушылар, педагогтер және ата-аналар арасында ай сайын берілген шығармалар талданып, оқырмандар арасынан «Ең үздік оқырман оқушыны», «Ең үздік оқырман педагогті», «Ең үздік оқырман ата-ананы» анықтап, арнайы грамотамен марапаттаймыз. Сонымен қатар оқырмандарға арнайы кітаптар табысталады. Әр айда іріктелген үздік оқырмандардан «Жыл оқырманы» анықталады. Қазіргі уақытта клуб жұмысы қарқынды жүріп жатыр.

Осы жылы ашылған үйір­мелердің бірі ретінде «Би» үйірмесін айтуға болады. Мұн­да оқушылар әртүрлі би түрле­рін үйреніп, өз өнерлерін ұш­тай алады. Оқушылардың актер­лік шеберлігін шыңдау, сах­на мәдениетін үйрету мақса­тында мектебімізде Досхан Жыл­қыбайдың жетекшілігімен «Театр» үйірмесі ашылды. Үйір­меде актерлік қабілеті бар балаларды іріктеуден өткізіп, олармен бірге шағын қойылым қою жоспарланып отыр. Әр оқушының өлеңге деген ынтасын ашу, сөз саптауын жүйелеу, бәсекеге қабілетін одан әрі дамыту мақсатында ақындар үйірмесі құрылып, алғашқы іріктеуін де өткізіп үлгерді.

9-11-сынып оқушыларына арналған «Speaking club» ұйым­дастырылып, ағылшын тілін меңгеру деңгейлерін арттыруға мүмкіндік жасалды. Бұл клуб жұ­мысы арқылы оқушылар ағылшын тілінде еркін қарым-қатынас жасауға дағдыланады. Балаларды дене тәрбиесіне баулу мақсатында таэквандо, шахмат секілді спорт үйірмелерінің жұмыстары қайта жанданып жатыр.

Мектебіміздің оқушылары Рес­пуб­ликалық физика-мате­мати­ка мектебін­де өткен «Жас көшбасшылар» форумына қаты­сып, өзара идея алмасып қайтты. Оқушылардың «Өзін-өзі басқару» ұйымының жоспарына сәйкес, желілік Абай мектептерінің жас көшбасшылары арасында тәжірибе мен идея алмасу, оқушылардың мектепті басқа­руға қатысу құқықтарын жүзеге асыруға бағытталған шаралар жү­зе­ге аспақ. Қазан айында оқу­шылар мектепте жәрмеңке өткі­зіп, қаражатты мектеп өмі­ріне қажетті дүниелерді алуға жұмсады. Оқушылардың «Өзін-өзі басқару» жұмысында белсен­ділік байқалуда.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педаго­гикалық университетімен меморандумға қол қойып, Бауыржан Сейітбекұлының жетек­шілігімен «Педагогикалық сынып» құрылды. Аталған жоба аясында «Педагогикалық сынып» мүшелері ұстаздық жолмен танысып, педагогика саласының қыр-сырын үйренеді. Осы салада еңбек сіңірген тұлғалармен кездесулер ұйымдастырылып, тағылымы мол сұхбаттар өткізі­леді. Мектебімізде «Абай ізімен» таңғы жиыны дәстүрлі түрде жалғасын тауып келеді. Жиында ақын-жыраулардың апталығы ұйымдастырылып, 8-9-сынып оқушыларының арасынан дарындылар іріктеліп, алдағы уақытта өтетін оқуларға даярланады.

Д.А.Қонаев мұражайымен өзара меморандумға қол қойыл­ды. Меморан­думға сәй­кес, ал­дағы уақытта мектеп оқушы­ла­рына жылжымалы көрме ұйым­дастырылып, Дінмұхамед Ахметұлының қолданған заттары туралы ақпараттар беріледі, ол туралы бейнефильм көрсе­тіледі. Сонымен қатар конференциялар мен дөңгелек үстелдер өткізу жоспарланып отыр. Жас ұрпақты тіл тазалығын сақтауға, жүйелі сөз саптау шарттарын меңгертуге, бабалар мұрасын насихаттауға бағытталған «Ділмар» шешендік өнер үйірмесінің жұмысы биыл жоғары оқу орны деңгейіне көтеріліп, студенттер арасында шешендік өнер сайысы өткізілді.

Абай атындағы маманданды­рылған дарынды балаларға ар­налған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының атын сақтау, сол атқа лайық болу – біздің басты мақсат. Осы орайда жылдағы дәстүр бойынша бірінші жарты­жылдықта республикалық дең­гейде «Ділмар» шешендік өнер сайысы, оқушылар айтысы, желілік мектептер арасында эссе жазу байқауы өткізілді. Ендігі кезекте республикалық «Абай әлемі» эссе байқауы, «Абайтану» олимпиадасы және «Мен Қазақстанды не үшін сүйемін?..» шығармалар байқауы ұйымдастырылуда. Аталған байқаулар нағыз қазақ болмысын дәріптеуге, ұлттық құндылықтарды, тарихты баға­лауға үйретеді.

Сонымен қатар «Абайды әлемге таныту» жобасын іске асыру мақсатында шетелдермен байланыс орнату, шет тілдерінде насихаттау жұмыстарын қолға алу және шетелде оқитын студенттермен байланыс орнату көзделіп отыр. «Өмірдің екі тірегі бар: үйренуден жалықпау, үйретуден аянбау» деп Дінмұхамед Қонаев айтқандай, шамам келгенше әлі де талай жұмыстар атқарылады деген ойдамын. Бәлкім, мектептің бағытын өзгерту туралы ой-пікірлер осы жұмыстардың мақсатын дұрыс түсінбегендіктен туындаған болар.

 

Әңгімелескен

Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ