Аймақтар • 09 Ақпан, 2023

Қолайын тапсаң...

507 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қостанай ауданына қарасты Еңбек ауылының тұрғыны қорасындағы қойын қыстай жылы үйдің ішінде өсетін жем-шөппен бағып отыр. Ерхан Жетенбай мал азығын гидропоника әдісімен дайындайды. Мамандардың айтуынша, мұндай әдіспен өскен мал азығы анағұрлым арзан әрі түліктің тез көтеріліп, семіруіне септігін тигізеді.

Қолайын тапсаң...

Қалада біраз жыл пәтер жалдап тұрып, бірнеше жерде жұмыс істеп, әр нәрсенің басын шалып көрген Ерхан осыдан үш жыл бұрын коронавирус індеті өршіген тұста бала-шаға­сын алып Қостанайдан 25 ша­қырым жердегі Еңбекке кө­шіп келген. Еті тірі, еңбекқор жігіт екі жылдың ішінде ауыл әкім­дігінен бөлінген жерге екі қабат үй тұрғызып алды. Былтыр күз­де келіншегі екеуі азын-аулақ ақшаның басын құрап, 15 қой сатып алған.

– Алғаш қаладан апта сайын жем сатып әкеп беріп жүрдім. Есеп­теп көрсем, қой малына шы­ғын көп кетеді екен. Қомағай жануар жемді де, шөпті де қоймайды, не тоймайды, содан біраз ізденіп гидропоника әдісімен жемшөп дайындап бере бастадым. Қазір 15 қойға тәулігіне 10 кг азық беремін. Жем берсем, жемейді. Ақырындап осыған үйреніп алды. Шөпке де көп үнем. Ең алғаш 20 кг гидропониканы турап-турап бердім. Бәрін жеп болған соң, шөп салып көрдім. Таңертең келсем, шөпті иіскепті, бірақ жемеген, – дейді Ерхан Жетенбай.

Ерханның айтуына қарағанда, 20 кг гидропоникалық өсімдік екі сиырға немесе 15 қойға, иә болмаса 400 тауыққа, 40-50 шақты қоянға бір күндік азық болуға жарап жатыр. Осыншама дәрумені көп, құнары мол мал азығының үй жағдайында қалай дайындалатынын сұрап көріп едік, оның түрлі тәсілі бар екенін айтқан Ерхан соның тек біреуімен ғана бөлісті. Өзі гидропоникалық өсімдікті бидай, арпа, сұлымен де өсіре береді екен.

– 4 мың теңгеге 30 килолық бір қап жем сатып аламын. 15 бас қой мұны 3 күннің ішінде жеп қояды. Мен осы 30 килодан 300 кг шығарамын. Ол маған бір айға жетеді. Негізі, бір айға жем сатып алу үшін 20-30 мың теңгедей кетіп қалады. Ал мен 4 мыңды бір айға жеткіземін. Қойға шөпті бір-ақ мезгіл беремін. Бұрын 15 басқа 3 шелек кебек беретін едім, қазір жарты-ақ шелек беремін, сол жетеді. 700 грамм жемнен 10 кг гидропоника шығаруға болады. Қой оны тамырымен қосып, түгел жеп қояды. 700 грамм таза жемді алып, жылы сумен әбден тазартып, бірнеше қайтара жуамын. Жем аппақ болып шығады. Оны су толтырылған ыдысқа батырып қоямын. Алдымен ол суға инемен бір-екі түйір марганец ерітіндісін салу керек. Су қып-қызыл болады. Жем 15 минуттан 30 минутқа дейін сол суда тұрады. Одан кейін жемді сүзіп алып, тағы бір ыдысқа толтырып жылы су құямын. Енді жаңа ғана маргонцовка қосқан судан шыққан жемді осы суға саламын. Бұл бір тәулік тұрады. Мысалы, бүгін таңғы сағат 8-де салған жемді ертең таңертең 8-де аламын. Алдын ала дайындап қойған жайпақ ыдыстарым бар. Жан-жағына 2 сантиметрдей бос орын қалдырамын да, биіктігін 2 см етіп жаймалап шығамын. Жемнің бетін дәкемен жауып, қараңғы бөлмеге апарып қоямын. Дәкенің бетін ауық-ауық сулап отыру қажет. Үш күннен кейін ашамын. Енді оған жарық керек. Таңертең, кешке екі мезгіл суару керек. Ауа температурасы 15-18 градус жылы болу керек. Осылайша, 7 күн ішінде гидропоникалық мал азығы өсіп шығады. Әу баста 2 см болып тұрған жұп-жұқа жем қабаты, бір жетінің ішінде өсіп, 20 см-ге дейін қалыңдайды. Көк шөптің биіктігі де 20 см-ге дейін жетеді. Одан кейін малға бере беруге болады, – дейді Ерхан.

Ерхан Жетенбайұлы гидропониканы жан-жақты меңгеру мақсатында Шымкент, Алматы өңірлеріне арнайы барып келіп­ті. Айтуынша, оңтүстік өңірде Германияда мұны малға береді, ал тамырынан салат жасайды. Оны қан қысымы бар адамдар пайдаланатын көрінеді.

– Спортшыларға протеин іс­тейді. Түйіршіктеп қоянға бере­ді. Мұның құрамында В9 деген дәрумен бар. Жемнің ішіндегі дәрумен сыртқа өсіп шығады. Мал тез көтеріледі, тез салмақ жинайды. Әдетте сауын сиырлар екі жарым жылға дейін ғана бір қалыпты сүт береді. Мәселен, бір сиыр 15 литр сүт беретін болса, екі жарым жылдан кейін сүті азайып кетеді, 5 жылдан кейін оны етке жібереді. Ал мұны жеген сауын сиыр, керісінше, 20 пайыз көп сүт береді. Жемде тұрған жылқы малы екі айда семіретін болса, мұнымен бір айдың ішінде семіртуге болады. Жазда беретін дәруменді қыста осы өсімдік арқылы беруге болады, – дейді гидропоника өсіруші.

Гидропоникалық өсімдікке қазірдің өзінде қызығушылық танытып жатқандар бар. Таяуда Ерханға қоян, жылқы ұстайтын бірнеше азаматтан тапсырыс түсіпті. Бірақ олар үй жағдайында өсетін мал азығын тонналап да­йындап беруді сұраған көрінеді. Оған мүмкіндігі жетпейтіндіктен, Ерхан мұндай көлемді тапсырыс­тан бас тартыпты. «Мұны сатып алғаннан гөрі, үйреніп алған дұрыс. Келісімді ақысын төлесе, кез келген адамға үйрете аламын», дейді Ерхан.

Ерхан Жетенбай гидропониканы келешекте тұрақты табыс көзіне айналдырғысы келеді. Алдағы уақытта өзіне серіктес немесе демеуші тауып, арнайы жылыжай салып, гидропоника әдісімен мал азығынан бөлек, қысы-жазы өсетін көкөніс, салат, саңырауқұлақ өсіруді көздеп отыр.

 

Қостанай облысы