Президент • 10 Ақпан, 2023

Президент бірнеше облыс әкімін қабылдады

314 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау, Түркістан, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарының әкімдерін қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Президент бірнеше облыс әкімін қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірлердің былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы кезеңге арналған жоспарлары жөнінде баяндалды.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың мәліметіне сәйкес өткен жылы өңірде құны 25 миллиард теңгені құрайтын 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Маңғыстау экономикасына тартылған инвестиция көлемі 15,8 пайызға артып, 762 миллиард теңгеге жеткен. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 75,3 мың бірлікке жетіп, былтырғы жылмен салыстырғанда 33,3 пайызға өскен. Туризм саласында көрсетілген қызметтер көлемі 1,6 есеге ұлғайды. 2022 жылы Маңғыстау өңіріне шетелдер мен ел аймақтарынан 231 мың турист келді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысына ауызсу мәселесін шешу жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы мәлімет берілді. Атап айтқанда, былтыр 12 ауылға су құбыры тартылды. Облыстағы ауызсу тапшылығын кезең-кезеңімен шешу үшін 2025 жылға дейін  жалпы су тұшыту қуаты 286 мың текше метр болатын 9 жоба жүзеге асырылады.

Сонымен қатар Президентке өңір басшысы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласын жетілдіру, Ақтау қаласының инженерлік инфрақұрылымын қалыпқа келтіру, МАЭК кәсіпорнын қайта жаңғырту мәселелері жөнінде баяндалды.

1676030123_KZ1_3455.jpg_2.jpg

Президенттің қабылдауында болған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды былтыр жалпы өңірлік өнім көлемі 3 триллион теңгені құрағанын, ал ауыл шаруашылығындағы өнім көлемі алғаш рет 1 триллион теңгеден асқанын айтты. Салаға 75 миллиард теңге инвестиция тартылды. Сонымен қатар шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 184 579-ға жеткен.

Мемлекет басшысына су құбыры бұрын-соңды болмаған жеті елді мекеннің ауызсумен қамтамасыз етілгені жөнінде мәлімет берілді. Биыл 25 елді мекенге ауызсу құбырын тартып, тозығы жеткен сумен қамтамасыз ету желісін жаңарту жоспарланып отыр. Сондай-ақ 56 елді мекен табиғи газ құбырына қосылып, 47 елді мекеннің электр желілері жаңартылады. 

Облыс әкімі өткен жылы 54 мектептің құрылысы жүргізіліп, оның 21-і пайдалануға берілгенін жеткізді. Биыл тағы 20 мектептің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде  63 білім мекемесінің құрылысы мақұлданды. Бұдан бөлек, биыл ауылдық жерлерде 49 медицина нысаны салынады.

Президентке Сырдария өзені бойындағы елді мекендерді су басу қаупінің алдын алу үшін жүргізілген жұмыстар жөнінде баяндалды. Алдын ала қамданғанның нәтижесінде бес аудандағы 43 елді мекенді су басу қаупі жойылған. Толассыз жауған нөсер жауын салдарынан бірқатар ауданда жекелеген үй аулаларын су басып қалғандықтан, 200-ге жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді. Қазір жағдай тұрақтанып, тұрғындар үйлеріне оралды.  Арнайы комиссия шығын көлемін анықтап жатыр.