Кеше Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Таяу Шығыс және Орталық Азия елдері департаменті директорының орынбасары Дэвид Оуэн бастаған Халықаралық валюта қорының миссиясымен кездесті, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының бірқатар мәселелері талқыланды.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ
Қазақстан Жерорта теңізінің Газа секторына таяу жерде орын алған оқиғаны терең қайғыра отырып қабылдады, және қаза тапқандар мен жарақаттанғандардың отбасыларына көңіл айтады.
Біз Газа секторының тұрғындарына халықаралық гуманитарлық көмек көрсетілуі қажет деп есептейміз.
Қазақстан Республикасы қайғылы оқиғаның жағдайын тез арада жан-жақты тергеу қажет деп біледі және барлық мүдделі тараптарды шиеленісті жағдайдың одан әрі ушығуына жол бермей, ұстамдылық танытуға шақырады.
ТАРАТУ ШЫҒЫНДАРЫ 10 ПАЙЫЗҒА ТӨМЕНДЕЙДІ
Сенбі күні Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев Бас редакторлар клубының мүшелерімен кездесті. Кездесу барысында министр басылым басшыларын саланы дамыту жоспарларымен және осы бағытта қол жеткізілген табыстармен таныстырды.
Сонымен бірге, Асқар Жұмағалиев осыдан бұрын болған кездесуді еске алып, оның еліміздің ақпарат рыногындағы нақты жағдайды бағалауға үлкен көмек бергенін ауызға алды. Осындай кездесулер болашақта да болып тұратын болады, деді министр. “Меніңше, Байланыс және ақпарат министрлігінің жұмысы медиа-рыноктағы нақты қатысушылардың пікірлерін есепке ала отырып ұйымдастырылуы керек”.
Кездесу барысында шараға қатысушылар рыноктағы барлық субъектілерге бірдей бәсекелестік жасау мәселелерін көтерді, сондай-ақ баспасөз құралдарын таратудың проблемалары туралы айтты. Осы мәселеге байланысты министр соңғы ай бойы өзінің ведомствосы аталған мәселені шешумен белсенді түрде айналысып жатқанын айтты. Қазіргі кезде дайын өнімдерді тарату шығындары барлық шығыстың 40 пайызын, кейде тіпті 50 пайызын құрайды. Осы мәселеге байланысты министр жиынға қатысушыларға жағымды жаңалық жеткізді. “Қазпошта” АҚ жасалған келіссөздерден кейін министрлік осы компания қызметін 10 пайызға арзандатуға қол жеткізіпті. Бұл баспа өнімдерін шығаратын БАҚ басшыларын бейжай қалдырмаған үлкен қуаныш еді.
Кездесу барысында министр сандық телевизияға көшу жөніндегі жұмыстарға да тоқталып, “Телерадио хабарларын тарату туралы” заң жобасын жасау жөніндегі жұмыс тобы әрекетінің қорытындылары туралы айтты. Осыған байланысты А.Жұмағалиев қазақстандық телерадио құралдары өнімдерінің сапасын көтеруге тоқталып, мемлекеттік БАҚ деңгейін арттыру қажеттігін атап көрсетті.
Жақсыбай САМРАТ.
ҚЫРҒЫЗ КӘСІПКЕРЛЕРІНІҢ РИЗАШЫЛЫҒЫН ЖЕТКІЗДІ
“Атамекен” одағы” ұлттық экономикалық палатасының төрағасы А.Перуашев Қырғызстан Бизнес-ассоциациясы ұлттық альянсының мүшесі, Бішкек іскерлік клубының атқарушы директоры У.Қыдырбаеваны қабылдады.
Кездесу барысында У.Қыдырбаева Қазақстан-Қырғызстан кедендік шекарасындағы жағдайдың шешімін табуға өзіндік үлес қосқан “Атамекен” одағына қырғыз кәсіпкерлерінің ризашылығын жеткізді.
Бұдан бұрын хабарланғанындай, қырғыз кәсіпкерлері біздің елдеріміз арасындағы кедендік шекараның ашылуына ықпал ету жөнінде өз әріптестері – қазақстандық “Атамекен” одағына өтініш жасаған болатын. Ұлттық экономикалық палата осы мәселеге байланысты бірқатар өкілетті мемлекеттік органдарға, атап айтқанда, Қаржы министрлігінің Кеден комитетіне, ҚР ҰҚБ Шекара қызметіне өтініш жасаған болатын.
20 мамырдан бастап кедендік шекараның өткізу пункттері қалыпты жұмыс режіміне көшірілді.
Кездесу барысында екі ел кәсіпкерлерінің ынтымақтастығына қатысты басқа да мәселелер қаралды, деп хабарлайды “Атамекен” одағы” ұлттық экономикалық палатасының баспасөз қызметі.