Білім • 13 Ақпан, 2023

Қаңтардағы қорытынды

339 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлттық тестілеу орталығы қаңтардағы ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысын жариялады. Өткен айда тест тапсыр­ған 123 мың талапкердің арасында тіркелген жоғары балл – 139. Ал орташа көрсеткіш 76 балды құрады.

Қаңтардағы қорытынды

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бұл жолы жоғары оқу орын­да­рына шартты негізде қабыл­данғандар, шығар­машылықтан басқа дайындық бағыт­тарына, педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер мен мектепті тәмамдайтын түлек­тер және ерекше оқу қажет­тілік­тері бар балалар бақ сынады. Талапкерлердің 95 мыңы (77 пайызы) қазақ тілінде, 28 мыңы (23 пайыз) орыс тілінде, 91 адам ағылшын тілінде тап­сырған.

– Тестілеу қорытындысында 102 мыңға жуық талапкер шекті ұпай жинады. Ол қаты­сушы­лардың жалпы санының 83 пайы­зына тең. Талапкерлердің 21 мыңнан астамы (17 пайызы) шекті ұпайды жинай алма­ды. Дегенмен біз барлық бейне­жазбаға 31 желтоқсанға дейін талдау жасаймыз. Егер тыйым салынған заттар­ды пайда­лану фактісі анықталса, серти­фи­каттың күші жойылады, – дейді Ұлттық тестілеу орталы­ғының директоры Руслан Емелбаев.

Талапкерлердің 19 пайызы математика-физиканы таңдаса, одан кейінгі кезекте биология-химияны қалаған үміткерлер тұр. Олардың үлесі 18 пайызға тең. Соны­мен бірге 10 пайыз қатысушы шығар­машылықты ұнатса, жаңадан қосылған мате­­ма­тика-информатикаға талап­кер­лердің 10 пайызы тапсырған.

Р.Емелбаев бірыңғай тес­тілеу­ге тыйым салынған заттарды кіргізу әрекеттері мен ҰБТ ере­желерін бұзу саны біршама азайғанын жеткізді. Тестілеу кезінде ереже бұзған 98 адам аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылған. Тестілеуге тыйым салынған заттарды кір­гіз­бекші болған 62 талапкер сынақты тапсыру мүмкіндігінен айырылыпты.

– Тестілеу «1 компьютер – 2 камера – 1 тес­тіленуші» қа­ғи­дасы бойынша өткізілді. Оқуға түсушінің тест тапсыру орнында негізгі камерадан бас­­қа, тестіленушінің дыбысын жазу және қозғалысын тіркеу үшін алдына веб-камера орна­тылады. Фронталды веб-каме­ра талапкердің жеке басын сәйкестендіруге және ҰБТ кезінде бөгде адамдардың кіруін болдырмауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл қағидат емтихан тапсыру барысына бақылау жүргізу және тестілеудің ашық­тығын қамтамасыз ету үшін қажет. Қаңтардағы бірыңғай тес­тілеудің қорытындысы бойынша бөгде адамдарды кіргізу фактісі анықталған жоқ, – деді ол.

Еске сала кетейік, жоғары оқу орнына түсуге бақ сынайтын биылғы талапкерлер бірыңғай тестілеуді бес рет тапсырады. Яғни қаңтар, наурыз және тамыз айларында ақылы негізде оқу үшін, мамыр-маусым айларында өтетін негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең жақсы нәтижемен грант конкурсына қатыса алады.

Бірыңғай тестілеудің форматы сол қалпында сақталғанымен, «Қазақстан тарихы» (20 сұрақ) және «Оқу сауаттылығы» (15 сұрақ) пәндерінің тест тап­сырмала­ры санына өзгерістер енгізілді. Мысалы, «Қазақстан тари­хы» – 20, «Оқу сауатты­лығы» – 15, «Математикалық сауаттылық» – 15 және екі бейін­дік пән бойынша 35 тест тапсырмасы ұсынылады. Бар­лығы – 120 тапсырма. Ең жоғары ұпай – 140. Тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат (240 минут). Сонымен қатар ерекше бі­лім беру қажеттіліктері бар бала­ларға қосымша 40 минут беріледі. Жауап нұсқаларының да саны кеміген. Мәселен, бір дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында нұсқалар саны 5-тен 4-ке дейін, бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында (үш дұрыс жауаптан көп емес) нұсқалар саны 8-ден 6-ға дейін азайыпты.

– Саладағы басты жаңалық­тардың бірі – биылғы қаңтар­дан бастап «информатика мұ­ғалімдерін даярлау», «ақ­па­рат­тық технологиялар», «ақпа­рат­тық қауіпсіздік» білім беру бағ­дарламалары топтарына түсу­шілер ҰБТ-ны «математика-информатика» комбинациясы бойынша тапсырады. Тестілеуге дайындықты жақ­сарту мақсатында біз оқу жылының басында информатика бойынша ҰБТ-да кездесетін терминдер тізімін жарияладық. Тестілеу барысында қазақ тілінде тапсырушылар үшін терминдердің орысша және ағылшынша, орыс тілінде тапсырушыларға қазақша және ағылшынша, ағылшынша тапсырушыларға қазақша және орысша аудармасы ұсынылады. Барлық талапкер үшін тестілеуде компьютер экрандарында калькулятор, Менделеев кестесі және ерігіштік кестесі қолжетімді, – деді Р.Емелбаев.

ҰБТ-ға дайындықты күшейту мақса­тын­да Ұлттық тестілеу орта­лығы оқу жылының басында тестілеу пәнінің специфика­цияларын, тест жоспарын, «Қа­зақстан тарихы» және «Дүние­жүзі тарихынан» 100 дата, «Ин­форматикадан» терминдер тізімін, «Қазақ әдебиеті» және «Орыс әде­биеті» пәндерінен шығармалар тізімін өз сайты мен әлеуметтік желілерде жариялады.

Сонымен бірге Ғылым және жоғары білім министрінің тап­сыр­масымен 2022-2023 оқу жылының басынан бас­тап Ұлттық тестілеу орталы­ғы отандық жоғары оқу орын­да­­рымен бірлесіп мектеп түлек­теріне ақпараттық-түсін­діру жұмыстарын жүргі­зуде. Қазір Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Маң­ғыс­тау, Ұлытау, Түркістан облыс­тары мен Алматы, Шым­кент және Астана қалала­ры­ның оқушылары ақпараттық-түсін­діру жұмыстарымен қамтылған.