Субсидия • 14 Ақпан, 2023

Субсидия салқыны

218 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Үкімет мал өсіремін деген фермерге балық емес, қолына қармақ беруге шешім қабылдады. Өйткені елдегі ірілі-ұсақты малдың 4 пайызы ғана ірі шаруашылықтардың еншісінде болса, 96 пайызы шағын және орта шаруашылықтардың қорасында байлаулы тұр. Мал шаруашылығын дамытудың стратегиялық жоспарында Қазақстанға тірі мал емес, ет экспортына баса назар аудару маңызды екені айтылған. Мал шаруашылығын субсидиялау туралы шешімнің күрт өзгеруіне осы себеп болса керек.

Субсидия салқыны

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Саладағы жағдай көңіл қуантар­лық­тай емес: ел ішінен мал сатып алу шамамен 5 есе төмендеген, кәсіпорындардың үштен бірі тоқтап тұр. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар сатып алынатын мал басының көлемін едәуір азайтып тас­таған. Ем комбинаттары көбіне бос тұр. Негізгі себеп – мал мен ет экспортына енгізілген шектеулер. Экспорттың шектелуі нарықтағы сыртқы қысымды күшейтіп жіберген. «Мәселені түбегейлі шешетін кез келді. Егер тұрақты экспорт пен валюталық кіріс болса, біз субсидиясыз жұмыс істеуге дайынбыз», деп атап өтті Ет одағының басшысы Мақсұт Бақтыбаев.

2022 жылдың қаңтар-қарашасында Қа­зақстаннан басқа елдерге барлық түр­дегі жаңа, салқындатылған немесе мұз­датылған ет жеткізілімі 38,6 мың тонна болған. 2021 жылмен салыстырғанда 6,5 пайыз, «коронадағдарыс» алдындағы 2019 жылға қарағанда бірден 66,9 па­йыз­ға артқан. Кейінгі екі жылда ет экспорты тұрақты өсіп, импорт азайып келе жатқанымен, Қазақстанның ет импорты экспорттан 4 есе көп. Жақында мал шаруашылығы, соның ішінде ет мәселесі Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жиында да қаралды. Оның айтуынша, келер жылдан бастап мал шаруашылығы бойынша жобалар басталады.

М.Бақтыбаевтың айтуынша, биыл сиыр етінің тірі салмақтағы көтерме ба­ға­сы келісіне 1,9 мың теңге шамасында болады және жыл аяғына дейін бұл баға өзгермейді. Ал бөлшек сауда бағасы инфляциядан кейін көтерілуі мүмкін. Бұған дейін Ұлттық банк 2023 жылы бұл көр­сет­кіш 11-13 пайыздың айналасында бо­лады деген еді.

Сарапшы бағаның арзандауына байланысты фермерлер мал басын азайта бастағанын айтты. Кейбіреулері мал басын 25 пайызға дейін қысқартса, біразы шаруашылықты тоқтатуды ойластыруға көшкен. «Жағдай осы бағытта жалғаса берсе, сұраныс ұсыныстан асып түседі және ел импортқа тәуелді болып қалады. Өн­діру­шілерге қысымды төмендету үшін артық экспортты ұлғайту қажет», дейді сарапшы.

Сарапшының айтуынша, бізге борда­қылау алаңы үшін бөлінетін квота неме­се субсидиядан бұрын аусыл мен бру­целлезге қарсы міндетті егу бағдар­ла­масын енгізуді мемлекеттік деңгейде жүргізу керек. Ірілі-ұсақты мал арасында жиі кездесетін аурудың аса қауіпті түрлері бойынша зерттеу мәселесі де ұмыт қалып барады. Осы себепті ет ар­тық өндіріледі, ал экспорт аз. Ет көп бол­ған соң баға төмендеп, өзін-өзі ақта­майды. Осылайша, нарыққа қысым жасалып отыр. Соның әсерінен сала­да­ғы экономикалық белсенділік 80 пайызға дейін төмендеп, инвестициялық тартым­ды­лыққа да кері әсер ете бастапты.

Оның сөзінше, ет өңдеу саласынан инвесторлардың шықпағаны саланың дамуын тежеп отыр. Мұның басты себебі – жайылымдық жерлердің тапшылығы. Жайылымдық жер тапшы болған соң мал басы да көбеймейді. Аграрлық сая­сат­тың тұрақсыздығынан Tyson Foods (АҚШ) және Grand Farm Meats Group (ҚХР), Danbia (Ирландия) және басқа да көптеген ұсақ компаниялар Қазақстан нарығынан кетіп қалды.

Кезінде мүйізді ірі қара малдың экс­порт­тық әлеуетін дамыту мақсатында «Сы­баға» бағдарламасының қабылдан­ғанын ұмытқан жоқпыз. «Ірі қара малдың аналық мал басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстарды жүргізу» ба­ғыты бойынша жалпы сомасы 18,1 млрд теңгеге 12 682 шаруашылық субсидия алған. Мал басының саны 50-ден 100-ге дейінгі 6 565 ұсақ шаруашылық, 100-ден 300-ге дейінгі 4 771 орта шар­уа­шылық және 300-ден жоғары 1 346 ірі шаруашылыққа мемлекет тарапынан субсидия арқылы қолдау көр­се­тілді. Алайда нәтижесі аз болды. Са­рап­­шылар мұның себебін экспортты ын­та­ландыру шарттарының орын­дал­мағанымен түсіндіреді. Себебі алыс-жақын елдер бізден ет алуды күрт азайтты. 2022 жылдың басында Ресей де Қазақстандағы ветеринарлық қауіпсіздік мә­селелеріне назар аударып, ет өткізуге тыйым салды.

Мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаржы ет экспорттаушыларының қата­рын көбейте алмады. Сарапшының па­йым­­дауынша, қазір экспортты ын­та­лан­дыруды субсидиялаудың мәні жоқ. Ке­рі­сінше, сыртқы нарықтарды ашуға күш салу маңызды.

«Бұл біз үшін ең жақсы қолдау болар еді. Ресейді ашыңыз, Қытайды ашыңыз. Біз сол кезде сауданы субсидиясыз-ақ жол­ға қоямыз. Бұл ұсақ фермерлердің күш алып, ірілердің қатарына қосылуына жол ашады», дейді М.Бақтыбаев.

Мамандар сөзіне ден қойсақ, мемле­кеттің өбектеуі, демеу қаржыны үстеме­леп беруі нарықта жасанды бәсекелестік туды­рады. Мұндай жолмен құрылған бизнес сіріңкеден құрастырылған үйшік сияқты шашылып түседі.

Қазақстанның ет өңдеуші кәсіп­орындар қауымдастығының өкілі Азамат Орымбаевтың айтуынша, страте­гиялық тұрғыда мал емес, ет экспортына назар аудару маңызды. Үйреншікті болып қалған экспорттық каналдарға деген тәуелділік те нарық заңына қайшы. Мұн­дай жағдайда азық-түлік қауіпсіздігі туралы сөз қозғау мүмкін емес. «Бізге мал-құс етін, еттен дайындалатын ет өнім­дерін өткізетін каналдарды әрта­рап­тандыру керек» деген ой айтады А.Орымбаев.

Субсидияланған, мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражатқа өсірілген малдардың шетелге сатылып келгені осы­ған дейін де айтылып қалатын. Бұл ретте тірі мал көбіне Өзбекстанға сау­да­ланған. Сарапшы Сергей Буянов­тың айтуынша, біздің ел бір ірі қара малды сатудан көп болса 1 мың доллар көлемінде пайда табады. Ал өзбек кәсіпкерлері бізден алған ірі қара малдың субөнімдерін өңдеп, қосымша 20 доллар, терісінен тағы 20 доллар табыс табады екен. Ал сүйегін ұнға тартқызып, мүйізі мен тұяғын кәдесый жасайтындарға өткізсе, табыстылығы 15 пайызға артады.

А.Орымбаев айтып өткендей, Қазақ­станда етті қайта өңдеуге мүмкіндік туған­да, фермерлер мен ет сатып алушы­лар, ет өнімдерін өңдейтін зауыттар арасында логистикалық тізбек орнаған кез­де субсидияға деген қажеттілік жоға­лады.

«Тәулігіне 2 мың мал соя алатын ет комбинаттары ғана нарыққа оң әсе­рін тигізе алады. Мұндай жағдайда ең төменгі маржаның өзін айналымға шығаруға болады. Осындай жобаны жүзеге асыруға шамасы жететін инвесторлар экспорттық-импорттық арналарын әлдеқашан әртараптандырып қойған. Осыған дейін Американың Tyson Foods компаниясымен кездестік. Олар Қазақстандағы ірі қара малды Чикаго биржасындағы бағамен әлемдік нарыққа шығаруға дайын», дейді сарапшы.

Ет нарығындағы ендігі беталыс бұ­рынғы саясаттан өзгешерек болып тұр. Ел ішінде субсидияны шектеу арқылы тағы да ірілендірілген шаруашылықтарға басымдық беріп отыр ма деген қауіп бар. Осы саланың сарапшылары «балықтан – қармаққа» жүйесіне көшпесек, осы деңгейде тағы 30 жыл отыратынымызды айтады. Біз өз тарапымыздан «96 пайыздық» «армияны» қорасында байлап отырған ұсақ фермерлер шаршап қалмаса екен, «арба сынбайтын, өгіз өлмейтін» алтын аралықты нарықтың өзі реттеп алса дейміз...

 

АЛМАТЫ