
Ұлы баба
Сондай ұлы қолбасшының бірі – Мұқали. Ол Байырғы түркілердің Онон өзенінің бойында туған. Оның ұлы әкесі Күлегүт Баян деген кісі. Жас кезінде әкесі Хорынхоуа Темүжінге ілесіп, меркіттер мен наймандардың қосынына қарсы соғысқа қатысады. Сол соғыстардың бірінде ол Темүжінді қорғаймын деп жүріп жазым болады. Ел аузында айтылып жүргендей, Мұқали туғанда үйдің ішін аппақ тұман басып, Көкше бақсы оның айрықша болмысын байқап, бұл бір нысаналы бала екен деп жорыған. Оның бойы қазіргі тілмен айтқанда 2 метр 30 сантиметр, «жолбарыс бетті, айдағар сақалды, жүзі өрт өшіргендей түнерген, амал-айлаға жетік, садақ тартуға шебер, күш-қайраты мығым кісі» болған. Бір кезде Темүжін Жоршы тайпасымен соғысып жүрген кезінде Мұқалидың атасы Күлегүт Баян оның әкесі Хорынхоуаға Мұқалиды інісі Ботаймен бірге Темүжінге ертіп барып сәлемдесіп қайтуға бұйырады. Шыңғыс хан оны көрген жерден ұнатып қасына алып қалады. Осыдан бастап, Мұқали өмір бойы Шыңғыс ханның және оның ұлдарының қызметінде болады. Қиын күнде Хорынхоуа Темүжінді түйесін сойып күтеді.
Бір жолы Темүжін татарлармен соғысқан кезінде аяқ астынан қалың қар жауып, қиын-қыспаққа түседі. Қостарынан айырылып, далада қонады. Сонда Мұқали мен Боршы түні бойы қағанның үстіне қалтқы ұстап қарап тұрады. Тағы бір жолы Темүжін оннан астам сарбазымен бір сайдан өтіп бара жатып Мұқалидан: осында жол торыған қарақшыларға кездесіп қалсақ қайтеміз деп сұрайды. Сонда Мұқали мен өз денеммен сізді қорғаймын деп жауап береді. Ауыз жиып алғанша қарақшылар тұс-тұстан тап беріп, садақтың оғы жаңбырдай жауып кетеді. Мұқали садағын құлаштай бірінен соң бірі үш рет тартқанда қарақшылардың үшеуін жамсатып тастайды әрі аттан түсе қалып тасты қалқалап тұрып жебесін атып жаудың бетін қайтарады.
1203 жылы Темүжін Тұғырыл ханмен ат кекілін кесіседі. Қос тарап шеп тартып шайқасқан кезде Темүжін алдымен жеңіліп, артынан қайта жеңіске жетеді. Темүжін қолы Керей қолына қайтарма шабуылға өткен кезде, Мұқали маңдай қолды бастап, Тұғырыл Оң ханның бекінісіне шабуыл жасап, ақыр аяғында Оң хан қашып құтылады.
Темүжіннің даладағы ру-тайпаларды бағындыру шайқасында Мұқалидың сіңірген еңбегі айрықша. 1206 жылы Ұлы Моңғол ұлысы құрылған кезде Мұқали мыңдық түтіннің басы әрі сол қанат түмендік қосынның бас қолбасшысы болады. Темүжін өз ордасынан шығыста Қарағұн (Үлкен Шинанлин) тауына дейінгі байтақ қонысты оған еншіге беріп, Боршы екеуін моңғол қосындарының тең қолбасшысы етеді.
Мұқали Боршы, Бөріқұл, Шылауындармен бірге соғысқа аянбай кірісіп, Темүжіннің қасында жүріп, қыр даладағы барша көшпелі тайпаларды бір тудың астына біріктіріп, ханның «төрт күлік» баһадүрі деген атаққа ие болды. Кейін ол қағанның қорғаушы қосыны кешіктеннің бас қолбасшысы болып, Моңғол империясының айрықша еңбек сіңірген «он жампозының» біріне айналды.
Мұқалидың ерліктері Шыңғыс ханның көзі тірісінде, әсіресе, оның оңтүстіктегі Алтын (Цзинь-жүржіт) патшалығына қарсы соғыстары кезінде жасалды. Шыңғыс хан осы соғыстағы ерлігіне қарай Боршы екеуін, «арбаның қос доңғалағындай, адамның қос қолындай ерлерім» деп мақтады.
1211 жылы ол Темүжінге ілесіп Жүржіт патшалығына шабуыл жасады. Ұлы қорған маңындағы Ұша қамалында жүржіттердің әскербасы Дужисыны ойсырата жеңді. Одан соң бұл елдің көптеген қаласын басып алды. Жүржіттердің бас қолбасшысы Хуса 400 мың адамдық ауыр қолымен кейін шегініп, Түлкі тауына (Иехулин) барып бекінді. Сол жерде Хусаға көмекке тағы да 150 мың сарбаз келді. Шыңғыс қолы небәрі 100 мың атты сарбаздан тұратын. Олардың ара салмағы бес жарым есе еді. Мұқалилар бас болған бұл шайқаста жүржіттер майдан даласында 200 мыңнан астам сарбазынан айырылып, қалғаны жараланып, тоз-тоз болып қашып кетті. Олар Темүжіннің темірдей тегеурінді қолына төтеп бере алмады. Бұл қанды шайқас дүние жүзі тарихында сирек кездесетін аса үлкен шешуші шайқас болды. Осы шайқастан кейін, Алтын (жүржіт) мемлекетінің негізі шайқалып, үрей ішінде өмір сүрді. Мемлекеттің ішкі бөлігінде, ордада елдің болашағына деген күдік күшейді. Бұл оның келешекте түбегейлі жойылуына әрі тұтас Қытай топырағының Шыңғыс хан тарапынан жаулап алынуына негіз болды. Бұл жеңістер толық Мұқалидың еңбегі деуге болады.
1214 жылы Мұқали Шыңғыс қолын бастап Бейжіңге (ол кезде Жоңду деп аталған) шабуылдады. Сол соғыста үрейленген жүржіттер өз тарапынан қыз беріп құдаласуды өтінді. Артынша Мұқали қағанның әмірімен Ляодунға және Шифың қалаларына шабуылдап мол олжаға кенелді. 1215 жылы жүржіттердің 200 мың қолымен Қытай қамалы төңірегінде шайқасып, 80 мың адамын тағы да жойды. Бұдан соң Мұқалидың жорықтары тікелей Қытайдың кіндік жұрты – Орта жазық өңіріне бағытталды.
1217 жыл Темүжін оған тайшы (императордың тәлімгері), гован (ел сұлтаны) деген атақ беріп, Жүржіт мемлекетін талқандауда бас қолбасшылыққа тағайындады. Осыдан соң ол өзіне берілген арнайы мөрмен империяның Қытайдағы істерін тікелей басқарды. Өмірінің көбі Қытайдың Орта жазық өңіріндегі көптеген қалаға шабуыл жасаумен өтті. Бұл жағынан ол Шыңғыс ханның қамал бұзар бас атойшысы, сенімді сардары бола білді және үмітін абыроймен ақтады. 1223 жылы көктемде Хуанхэ дариясынан өтіп Вэнси деген жерге келді. Бірақ осы сапарында аурудан қайтыс болды. Сол кезде ол небәрі 54 жаста ғана еді. Қайтыс боларында інісі Дайсүнге: «Мен он бес жасымнан бастап қағанның қасында болып, қырық жыл ел үшін еңбек еттім. Талай кескілескен ауыр шайқастарды бастан кешіп бәрінде жеңіске жеттім. Бір өкінішім, Сун патшалығының астанасы Кайфыңды ала алмай өмірден өтіп барамын. Енді саған айтар бір өтінішім араға көп уақыт кетірмей, Кайфыңды сөзсіз алатын бол!» деді. Бұл кезде Шыңғыс хан Орталық Азия мен Қазақ даласын бағындыру жорықтарында жүр еді. Оның қосынының көбі Сыр және Әму дарияларының бойы мен Қыпшақ даласында болатын. Шығыста Қытай бағытындағы тапсырманың барлығы Мұқалидың мойнына жүктелген-ді. Ол бар ерік-жігерімен аса күшті Алтын (жүржіт) мемлекетінің әскери қосындарын бір-бірден жойып, қалаларын бір-бірден алып, мемлекет қуатын зор дәрежеде әлсіретті. Бұл Шыңғыс ханның және оның балаларының қайта айналып келіп Қытайды алуына тамаша шарт-жағдай әзірледі. Мұқали қайтыс болғанда оның ұлы Болат та әкесінің лауазымына мұрагерлік етіп, оның өсиеті бойынша Жүржіт еліне жалғасты соққы берді. Кейін Шыңғыс хан батыстағы жорықтан қайта оралып, Қытай қамалынан өтіп, Фэнсян деген қалаға соққы берген кезде: «Әттең, Мұқали тірі болса менің мұнда келуімнің еш қажеті жоқ еді ғой!» дейді. Бұдан Шыңғыс ханның Мұқалиға қаншалықты сенім артқанын көруге болады. Мұқалидың алдын ала орындап кеткен істерінің арқасында Қытайды алу қиынға түспеді. Жүржіт елі мен Сун патшалығы талқандалды. 1257 жылы Мөңке хан Қытайдағы басып алынған ел-жұртты өз нояндарына еншіге бөлгенде, Мұқалидың отбасына Шаньдун өлкесінен 39 131 түтінді бөліп берді. Кейін Құбылай хан оңтүстіктен тағы да 41 019 түтінді Мұқали әулетінің басқаруына берді.
Моңғол Юань мемлекетінің тарихында оның әулетінен гован шенін алған 12 адам болды. Олардың ішінен «Мемлекет құрушы бек байрағын» ұстағандар 7 адам еді. Сөйтіп, Мұқалидың мөрі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасты. Тарихи деректерде жазылғандай, Мұқалидың Бұқа, Дайсүн деген екі інісі болған. Ұлдарының ішінде бірнеше тілді білетін, мергендігімен аты шыққан Болаттың аты ерекше аталады. Сондай-ақ Рашид ад-Дин Құбылай әмірлерінің ішіндегі шоқтығы биігі Хантұн ноянды, сондай-ақ Қулағу мемлекетінің мыңғары Жауқырды ұлы қолбасшының балалары деп атап өтеді. Әкесінің лауазымына мұрагерлік еткен Болат Қытайдың Орта жазық өңірінің әскери-әкімшілік істеріне жауапты болып, айрықша еңбек сіңірді. Өкінішке қарай, ғұмыры ұзаққа бармады. Небәрі 32 жасында дүниеден өтті. Бірақ артында арыстай алты ұлы қалды. Олардың ең үлкені – Тас. Ұлы атасының говандық лауазымын осы немересі жалғастырды. Мұқали тірі кезінде менің үмітім осы немеремде дейді екен. Ол Жүржіт патшалығын құлатып, Оңтүстік Сун патшалығын жоюда айрықша еңбек сіңірді. 28 жасында дүниеден өтті. Екінші ұлы Сорхунсар Тас қайтыс болған соң, говандық лауазым оған беріледі. Ол Юань империясының орталық аппаратында моңғолдар мен қытайлардан ұйымдасқан қосынға жауапты болды. Үшінші ұлы Байнан, төртінші ұлы Емеген, бесінші ұлы Ембеген, алтыншы ұлы Алшаш. Мұқалидың шөберелерінен ең аты шыққаны Құбылайдың сенімді адамы әрі алдыңғы шеп қолбасшысы болған Батұр. «Юаньши» дерегінде оны Тастың інісі деп көрсетеді. Бірақ көпшілік тарихшылар оны Тастың екінші ұлы дейді. Шөпшегінен Батұрдың қоңырат әйелінен туған Антоң Моңғол Юань империясының әйгілі саясаткері әрі орда уәзірі болды. Тағы бір шөпшегі Наймантай да гован және тайшы лауазымын алды.
Баба кесенесіне зиярат
Мұқалидың қабірі Қытайдың Шанси өлкесінің Юйлинь қаласының солтүстік-батысындағы Кіші Жихан қыстағының маңында. Бұл қабірді жергілікті моңғолдар Жинкен Батыр қабірі деп атайды екен. Мағынасы – нағыз батыр деген сөз. Қабірдің солтүстігінде 13 оба бар. Олардың жалпы орналасқан аумағы 2500 шаршы метрді құрайды. Бұл қасиетті кесенеге 2018 жылы Алматы облысы әкімдігі басшылығының қолдауымен құрылған халықаралық «Мұқали» тарихи-танымдық экспедициясы құрамында барып қайттық. Сол жолы бізді Қазақстанның Қытайдағы елшілігі күтіп алды. Төтенше және өкілетті елшіміз Шахрат Нұрышев бауырымыз Мұқали бабамыздың қазақ халқының ғана емес, барша түркі жұртының мақтанышы екенін, Қытай халқы да баһадүрімізді айрықша қастерлейтінін, соның белгісіндей кесене тұрғызылып, көңілдегідей күтімделіп отырғанын сөз етті. Осы орайда Мұқали бабамыздың жерленген жерін іздеп тапқан, қытайлық деректерге негізделген «Мұқали» атты тарихи роман жазған, «Қытай жазушылары» журналының бас редакторы, Қытай жазушылар одағының және Мемлекеттік саяси кеңестің мүшесі, қандасымыз, жазушы Ақбар Мәжитұлына айрықша алғыс білдіргіміз келеді. Ол қызметінің қарбаластығына қарамай, апта бойы бізбен бірге жүріп, сапарымыздың сәнін де, мәнін де кіргізді.
Бізді алты жүз мыңнан астам тұрғыны бар Юйлинь қаласы құшақ жая қарсы алды. Алдымыздан Юйлинь қаласының басшысы Ли Шинлин мырза нөкерлерімен шығып күтіп алды. Аудармашымыз – Ақбар бауырымыз. Кездесуде қала басшысы Ли Шинлин мырза: «Мұқали – қазақтардың ата-бабасы. Біздің еліміздің біртұтас, іргелі мемлекет болуына атсалысқан айтулы тұлға. Құрмет тұтамыз. Қазақстаннан арнайы делегация келгендігін құптаймыз», деді.
Делегациямыздың құрметіне Мәдениет сарайында арнайы концерт берілді. Бұдан соң өнер мұражайын, тарихи орындарды араладық. Ертемен Юлинь шаһарынан қырық шақырымдай жердегі Мұқали бабамыздың зиратына беттеп келеміз. Бұйрат-бұйрат қоңыр құмдарды қақ жара төселген тасжолда көліктің жүргені сезілмейді де. Қос қапталыңыз ну орман... Кесене көмір шахтасының үстіндегі жотаға орналасыпты. Алыстан көз тартатын әрі биік, әрі аумақты мекен. Қонақтарды күткен жергілікті халықта есеп жоқ. Кеше өзіміз жүздескен қала мен осындағы аудан басшылары қолымызды алып мәз-мейрам амандасып жатыр. Олар моңғолдардың байырғы дәстүріне сай алдымен дастарқанға шақырып, дәм татқызды. Алдымызға тары мен қойдың құйрық майы, жас ірімшік қойылды. Тарыны майға былғап, шай ішіп жайланып қалдық.
Ендігі кезекте ақ мәрмәр тас төселген көлемді алаңқайға көтерілдік. Осы тұста табалдырықтың қос қанатындағы үш метрдей биіктегі бағаналардың ұшар басына орнатылған күміс жалатылған жалайыр тайпасының ежелгі қос тарақ таңбасы көзімізге оттай басылды. Бұл жақта жүрек жұтқан бабаларымыздың ізі жарқырап жатқанының басты белгісінің өзі осы болса керек, түйсінген жанға! Оның үстіне биік зиратхананың төбесі қызыл түсті қазақтың қошқар мүйіз өрнегімен көмкеріліпті. Мұны көріп ішіміз жылып сала берді.
Тас басқыштармен жоғары өрлеп төбеге шықсаңыз, оң қанатта аралары 2-2,5 метр жерде орналасқан, таспен өрілген адам бойындай шағын қорымдарды көресіз. Бұлар Мұқалидың жолын қуып ерлік көрсеткен және ұлық билікке араласқан ұрпақтарына арналыпты. Қорымның үстінен көкке ұмтылып тұрған шоқ-шоқ тал шыбықтарды байқайсыз. Бұл аталған әулеттің одан әрі өсіп-өніп жатқанының белгісі десті. Осыдан-ақ қытайлардың көңіл қоя қолға алған дүниесін барынша мән-мағыналы ете білетіндігіне таңдай қағасыз. Осында біздің келуімізге орай үлкен ғылыми семинар ұйымдастырылды. Жиынның ресми бөлігінде ұлы қолбасшы Мұқалиға бір топ бауырымыз бұған дейін әзірлеп орнатқан еңселі тас-белгінің ашылу салтанаты өтті. Одан соң жергілікті басшылармен бірге осы жолдардың авторы, жазушылар Бексұлтан Нұржекеұлы мен Ақбар Мәжитұлы бауырымыз тебірене сөз сөйледі. Мұндайда Ұлы даланың шайқаста маңдайы тасқа тиіп көрмеген арда перзенті сегіз жүз жылдан кейін туған халқын тауып, жаһанға жария жайылған есімі елдігімізді әуелетіп жатса, қалай толқымассыз!
Ақбар бауырымыз күні бұрын семіз қой алдырып қойыпты. Бабамыздың аруағына арнап арамыздағы Жанұзақ Керімбекұлы Құран оқып, дұға-тілегін бағыштады. Басы құбылаға бұрылған құрбандық қойды қазақы қалыпта меценат Мықтыбек Рахымбек бауыздап берді. Осылайша, ұлы бабамыздың басында оның кейінгі ұрпақтары ретінде тәу етіп, құрмет білдіріп, өз жоралғымызды жасадық.
Аудан басшысы бізге Мұқали кесенесінің шырақшысы деп қағілез келген орта бойлы Чжао Цзышэн деген азаматты таныстырды. Көп шаруаның мәніне осы кісінің әсерлі әңгімесі барысында қанықтық. Оның осы кесененің нағыз жанашыр екені әр сөзінен жібектей есіп тұрды.
– Бес атамыздан бермен осы кесененің шырақшысы болып келеміз. Өткен ғасырдың басында Мұқалидың ұрпақтары биліктің келісімімен осы араға қайта жерлеген екен. Менің арғы аталарым алғашқы күннен-ақ бұл зиратты күтімге алыпты. Әкемнен көрген үлгім бойынша жасымнан ел тарихын, кейіннен белгілі тұлғалардың өмір жолын зерттеуге ден қойдым. Қытай мемлекетінің бірігіп дамуына бар өмірін арнаған Мұқали батырдың өткен даңқты жолы мені бірден қызықтырды. Содан несін айтасыз, 1985 жылы бухгалтерлік қызметімді тастап шырақшылыққа кірістім. 1990 жылы Мұқали жерленген орынның ресми құжатын алдық. Биыл жыл аяғына дейін осы қызметімді үлкен балама тапсырайын деп отырған жайым бар. Өйткені қартайған соң жүріп-тұруым қиындап кетті. Оның үстіне мұндай жауапты да сауапты іске жастарды ертерек баулуымыз қажет. Біз де Мұқалиды өзіміздің батырымызға, әулиемізге балаймыз. Неге десеңіз, бұрын бұл арада үнемі қуаңшылық болушы еді. Мұқали қайта жерленгелі бері ауа райы күрт өзгерді. Жауын-шашын көбейді. Қамбамыз дәнге, өміріміз сәнге толды. Өңіріміз қайта түледі. Жыл өткен сайын өз ішімізден де, сырт мемлекеттерден де бұл араға келіп, тәу етушілердің саны артып келеді. Біз осыған, шын мәнінде, қатты қуанамыз!
Ойтүрткі
Иә, ертеден ауқатты да айбарлы әулеттің бір қауым жалайырлармен бірге Темүжін жағына шығуы заңды да еді. Бәрінің көксегені – кешегі қауқарлы ұлысты қайталай қалпына келтіру. Бұған бекем бел буар кез келген белді қандасты құптауға әзір еді. Жалайыр Күлегүт Баянның ұлы Хорынхоуа төрт бірдей баласын Теміршіге телуінің де мәні осында. Олардың ішінде Шіреген мыңдықты басқарса, Бұқа кешіктен гвардиясының мыңғары еді. Ал Тайсұн Мұқали қарамағына берілген екі мың жалайырдың басшылығына бекітілген. Оның ұрпағынан Татартайдың есімі кеңінен белгілі. Мұқалидың өмірден өткендігін баласы Болаттың өзі Шыңғыс ханға жеткізеді. Әдетте уайым-қайғыға тастай берік Ұлы қаған қабырғасы қайыса мүжіліп, көзіне жас алады.
Мұқалидың батырлығымен қоса білім-білігі, шешендігі ұрпағына дарыған. Шыңғыс хан аманатына сай Үгедей, Мөңке, Арықбұқа, Құбылай хандар да Мұқали ұрпағынан шыққан уәзірлер мен кеңесшілер пікірімен санасып, олардың адалдығын, ақыл-парасатын жоғары бағалап отырған.
1260 жылы Кайфинде Құбылай хан сайланып, Янцзинге қайтып, сол араны астана етіп бекіткенде: «Менің бұл жерге ірге теуіп, жалпақ әлемге ие болуыма Мұқали батырдың да бір кісілік үлесі бар!» деген екен.
Елдің бетін жасампаздыққа бұрған Мұқалидың Қытай елінің өркендеуіне сіңірген еңбегі Юань империясы тұсында да, Мин империясы кезінде де ескерусіз қалмапты. 1347 доңыз жылы Дұңпиннен Мұқалиға арналған ғибадатхана салу жөнінде екі рет жарлық жарияланып, құлпытас орнатылады. Жүз жыл өмір сүрген Юань хандығын 1368 жылы құлатып, Мин хандығын құрған генерал Чжу Юаньчжан елінің өткен жолын әділдік тұрғысынан бағалаған император. Оның 1388 жылы наурыз айының он жетінші жұлдызында орда бұтханасында ертеде өмір сүрген ардагерлерге тасаттық беру жөніндегі жарлығын жариялауы қарсаңында Мұқалиды ерекше атап өткені бүгінгі Қытай тарихшылары мен жазушыларының туындысында орын алған. Чжу Юаньчжан Мұқалиды Юань хандығының әйгілі ұлықтарының алдыңғы қатарына шығарып, үш патша, бес ханмен бірге оған арнап тасаттық беруінің өзі Мұқалидың тарихи орнының қандай екенін көрсетеді.
Ақбар бауырымыздың айтуынша, Мұқали баһадүрдің ұрпақтары Юань хандығы жойылғанға дейін Шыңғыс ханнан бастау алған көне дәстүрге сай, ордадағы биік лауазымға тағайындалып келсе, келесі Миң патшалығының алғашқы кезеңінде де осы үрдіс жалғасып отырған. Сондықтан да:
Ардагерлер тек Жалайыр әулетінен шығады,
Олар ерен еңбек, ұлы жоспар жасады,
Хандықтың ғұмырымен бірге тыныстап,
Жұрттан асып, уәзірлікке мұрагер болды, – деген дәуір ақиқаты тасқа басылған қалпында бүгінгі күнге жеткен!
Демек Мұқали бүгінгі таңда қазақтың ғана емес, тұтас түркі-моңғол халықтарының, тіпті алып көршіміз Қытайдың мақтан тұтар тарихи тұлғасына айналған. Сондықтан ол – Шыңғыс хан секілді біздің халықтарымызды біріктіріп тұратын мызғымас негіз. Ұлы бабамыз жанкештілікпен қалыптастырып кеткен айбынды әулеттің алтын арайы кешегі Алаш арыстарын нұрландырып, бүгінгі Азатты күнімізге шапақ шашып тұрғаны қандай ғанибет! Құйын ойнаған құба жонда құрыштай құйылған алып тұлғалар – ұлттық мәртебеміздің мәңгілік тұғыры. Өшкенімізді жандырып, өткенімізді ұлықтауға арналған бұл жолғы сапарымыз осылайша нәтижелі болды. Біз үшін ұлы бабамыздың өзге елде ұлықталып, тарихынан ойып тұрып орын алып жатқаны үлкен мерей. Десе де ол туралы біздің елімізде жүйелі зерттеулер жасалмай, ескерткіштер қойылмай жатқаны жанға батады. Егер біз қазақтан шыққан осындай тарихи тұлғаны өз тұғырына қондырып, оның ерлік жолы мен ел билеген талантын жас ұрпаққа лайықты үгіттей алсақ, нұр үстіне нұр болар еді.
Өмірәлі ЖАЛАИРИ,
Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері,
заң ғылымдарының докторы, профессор