Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Мектептерде қауіпсіздікті күшейту шаралары қабылданады
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтың хабарлауынша, 13 ақпанда таңертең Петропавл қаласының полиция басқармасына №4 орта мектептің оқушыларына дене жарақатын келтіру туралы хабарлама түсті. Оқиға болған орынға жылдам жедел-тергеу тобы аттанды.
Тексеру барысында күдікті (9 сынып оқушысы) 2-ші қабатта орналасқан дәретханада маскасын киіп, балтамен дәлізге жүгіріп шығып, үш оқушыға шабуылдаған. Шабуыл жасаған оқушыны жоғары сынып оқушылары мен мұғалімдер ұстаған.
Қазіргі кезде 2 жәбірленуші қалалық емхананың стационарында жатыр, жағдайлары бірқалыпты. Бір оқушы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне қайтарылды.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Әлихан Смайылов Петропавлда орын алған оқыс жағдай халық арасында үлкен алаңдаушылық тудырғанын атап өтті.
«Балаларының қауіпсіздігіне алаңдамайтын отбасы жоқ. Мектептің ішінде де қауіптің барын көріп отырмыз. Сондықтан бұл мәселені қайта қарап, оқу орындарына тексеру жүргізу қажет. Бейнекамералардың санын көбейтіп, мектепке кіреберіс жерлерде бақылауды күшейту мәселесін қарау керек», деді Премьер-министр.
Бұл ретте Үкімет басшысы Ішкі істер министрлігіне балалардың қауіпсіздігін арттыру бойынша келісілген ұсыныстар енгізуді, Денсаулық сақтау министрлігіне зардап шеккен балаларды емдеуді ерекше бақылауға алуды, Оқу-ағарту министрлігіне Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп, қауіпсіздік сабақтарын әзірлеуді тапсырды.
Экономика қаңтарда 5,6%-ға өсті
Мұнан кейін Үкімет отырысында күн тәртібіне сәйкес 2023 жылғы қаңтардағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды.
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықовтың хабарлауынша, есептік кезеңде Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 5,6%-ды құрады. Нақты сектордағы өсім – 2,3%, ал қызмет көрсету саласында 7,6% болды. Барлық негізгі сала бойынша оң динамика байқалады, бұл ретте сауда (+19,4%), ақпарат және байланыс (+18,1%), сондай-ақ құрылыс (+12,5%, 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді) ең жоғарғы өсуді көрсетті.
Вице-министрдің айтуынша, негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 18,3%-ды құрады. Инвестициялар ағыны өнеркәсіпте – 9,2%-ға, ауыл шаруашылығында – 33,7%-ға, жылжымайтын мүлікпен операцияларда – 33,7%-ға, көлікте және қоймалауда 31,8%-ға өсті.
Алдын ала қорытынды бойынша 2022 жылы сыртқы сауда тауар айналымы 32,1%-ға өсіп, 134,4 млрд долларды құрады. Экспорт бойынша көрсеткіш 39,9%-ға өсіп, 84,4 млрд долларға дейін жетті. Тауарлар импорты 50 млрд долларға теңелді. Жалпы, оң сауда балансы 34,4 млрд долларды құрады.
Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың хабарлауынша, есептік кезеңде мемлекеттік бюджетке 1,5 трлн теңге шамасында кірістер түсті (жоспар 144,0%-ға орындалды), оның ішінде республикалық бюджетке 1,1 трлн теңге, жергілікті бюджеттерге 394 млрд теңге кірістер түсті. Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 93,5%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары – 94,7%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 96,3%-ға атқарылды.
Мәселені қорытындылаған Премьер-министр Әлихан Смайылов нақты сектор тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз еткенін атап өтті. Өңдеуші өнеркәсіп, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларының даму қарқыны жақсы. Өнеркәсіп секторы өндірістің 1,5%-ға, оның ішінде өңдеу саласының 1,6%-ға өскенін көрсетіп отыр. Фармацевтика (+51%), жеңіл өнеркәсіп (+11%), тоқыма бұйымдары өндірісі (+25%), мұнай өңдеу (+11%), химия өнеркәсібі (+11%), сусындар өндірісі (+33%), тамақ өнімдерінің өндірісі (+10%), машина жасау (+12%) салаларында өсім байқалады.
Үкімет басшысының айтуынша, тұрақты инвестициялық белсенділік, оның ішінде шикізаттық емес секторларға инвестициялар тарту жедел экономикалық өсудің негізгі факторы болып табылады.
Қаңтар айының қорытындысы бойынша барлық негізгі макрокөрсеткіштің өсуі Қостанай облысы мен Алматы қаласында тіркеліп отыр. Ең төмен көрсеткіштер – Абай және Қарағанды облыстарында.
«Биылғы жылдың басы ел экономикасының серпінді дамуға бағыт алғанын көрсетіп отыр. Экономиканың осы өсу қарқынын сақтап қалуымыз керек. Бұл бүгінгі геосаяси жағдайда оңай шаруа емес. Үйлесімді жұмыс пен тиімді үйлестіруді экономиканың барлық саласында қамтамасыз ету керек», деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыруға және шикізаттық емес өнім көлемін ұлғайтуға басымдық берілуге тиіс.
«Шағын және орта бизнестің әлеуетін кеңейтіп, дамуға жағдай жасауымыз керек. Тартымды инвестициялық климат құрып, инвесторлармен белсенді диалог жүргізу қажет», деді Премьер-министр.
Үкімет басшысының пікірінше, инвестициялардың құрылымын қосылған құны жоғары тауарларды өндіру жағына қарай ұлғайту керек, соның ішінде жоғары технологиялық өндірістерде де. Сонымен қатар «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясатын сапалы енгізуді қамтамасыз ету маңызды.
«Әрбір министр, өңір әкімдері және ұлттық холдингтер мен компаниялардың басшылары азаматтардың табысын арттырып, сапалы жұмыс орындарын құру үшін жүйелі шаралар қабылдауға тиіс. Қоғамды толғандырып отырған әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша тиімді шешімдер табу қажет», деді Ә.Смайылов.
Үкімет басшысы өңір әкімдері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға ерекше назар аударуға тиіс екенін атап өтті. Алда тұрған басты міндет – жыл қорытындысы бойынша инфляцияны 2 есеге – яғни 9,5% дейін төмендету. Оның айтуынша, бұл үшін барлық күш-жігерді Инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындауға жұмылдыру керек.
«Біз экономиканың өсу қарқынын сақтап қалу үшін бар күшімізді салуымыз керек», деп түйіндеді Премьер-министр.
Ғылыми жобалар экономикаға бағытталады
Үкімет отырысында ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру мәселелері қаралды.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Сайлауалды бағдарламасында ғылым елдің бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік беретін өндірістің жаңа технологияларына бағытталатынын атап өтті. Бұл экономиканың нақты секторында қазақстандық әзірлемелерді қолдануға және ғылымға бағытталған ұлттық жүйені кезең-кезеңімен қайта құруға жол ашады.
Министрдің айтуынша, коммерцияландыру туралы заңның қабылдануымен 2016, 2017 және 2018 жылдары Ғылым қоры грант алуға үш конкурс өткізді, оған 1 270 өтінім түсті. Іріктеу және сараптама нәтижесінде, 150-ден астам жоба мемлекеттік қолдауға ие болды. Оларды іске асыру 140 ғылымды қажет ететін өндірістің құрылуына әкелді, бұл ретте 15 жоба экспортқа шықты, ал тағы бес жоба 1 млрд теңгеден астам сатылым жасайтын деңгейге жетті.
Өткен жылы жаңа конкурс өткізіліп, оған 152 өтінім түсті. Бүгінгі таңда 72 жоба қаржыландыру мақұлданды, грант алушылармен 68 шарт жасалды. Салалар бойынша жобалар портфелі негізінен ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және химия өнеркәсібі салаларындағы бастамалардан тұрады.
Министр 2023-2025 жылдары ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды қаржыландыру сомасы екі есе өскенін айтты. Сонымен қатар ЖОО жанындағы ғылыми-технологиялық парктерді дамытуға конкурстық негізде қаражат бөлу жоспарланып отыр.
Осы тақырып бойынша Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры Аманкелді Саданов баяндама жасады.
Баяндамашыларды тыңдап болғаннан кейін Премьер-министр отандық ғылымның әлеуеті мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін оны республикалық бюджеттен қаржыландыру соңғы екі жылда екі есеге жуық өскенін атап өтті.
«Жетекші ғалымдарға еңбекақы төлеу базалық қаржыландыруға қосылған. Іргелі ғылыми зерттеулерге қаражат бөлінеді. Әзірленіп жатқан ғылыми жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыру ұзақтығы 5 жылға дейін ұлғайтылды. Жас ғалымдарды қолдау үшін гранттар мен стипендиялар бөлінеді, олардың ғылыми еңбектерін жариялау белсенділігі артып келеді», деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, соңғы жылдары ғылым туралы заңнамаға елеулі өзгерістер енгізілді, ғылымды дамыту тұжырымдамасы бүкіл ғылыми қоғамдастықпен бірге іске асырылады.
«Қоғам ғылыми-технологиялық саладан нақты өзгерістерді, ғылыми жаңалықтардың нақты экономикада қолданылуын күтіп отыр. Осыған байланысты ғылыми зерттеулердің нәтижесін арттыру, оның ел экономикасының дамуына қосатын үлесін ұлғайту үшін ауқымды жұмыс қажет», деді Премьер-министр.
Үкімет басшысы ғылыми ұйымдар мен кәсіпорындардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз етіп, өзара іс-қимылдың белсенді алаңдары мен механизмдерін құруы қажеттігін атап өтті. Одан бөлек, ең перспективалы ғылыми бағыттардағы тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың үлесін арттыру қажет. Бұлардың қатарында атом және сутегі энергетикасы, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, биотехнология, биоқауіпсіздік, нейроғылым сияқты салаларды атап көрсетуге болады.
«Ғылымның инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында Парламентпен жеке инвестициялар үшін қосымша преференциялар енгізуді пысықтау жұмыстарын жеделдету қажет. Бұл ғылым саласының заңнамалық базасын қайта қарауды талап етеді», деді Ә.Смайылов.
Сөзін қорытындылай келе, Үкімет басшысы «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң жобасын әзірлеп, оны маусым айында Парламентке енгізу, ғылыми зерттеулердің нәтижелерін коммерцияландырудың жаңа механизмдерін ескере отырып, ғылымды дамытудың қолданыстағы тұжырымдамасын өзектендіру, «Атамекен» палатасымен бірлесіп, еліміздің жетекші университеттері мен ірі кәсіпорындарының жанынан мамандандырылған инжинирингтік орталықтар мен технологиялық парктерді құру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру қажеттігін атап өтті.
«Ғылыми институттардың, университеттердің және өндірістің тиімді өзара іс-қимылы ғылымның дамуына және жаңа ғылыми жобаларды өндіріске енгізуге оң серпін береді», деп түйіндеді Ә.Смайылов.