01 Маусым, 2010

ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ ШАРАЛАР

601 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Саяси қуғын-сүргін құрбан­да­рын еске алуға арналған тағылым бе­рер шаралар Астанада апта бойы жүрді. “АЛЖИР” музей-мемориал­дық кешені­нің базасында “Тарих пен тағдырлар ортақтығы Еуразия кеңістігі халықтарын ұйыстыру факторы” атты халықаралық “дөң­гелек үстел” отырысы өткізілді. Талай арулардың көз жасымен суа­рыл­ған, олардың басынан кеш­кен қасі­ретінің куәсі “АЛЖИР” ма­ңа­йы үнсіз жатыр. Еске алу қа­быр­ғасына гүл шоқта­рын қоюға келе жатып, қаншама жылдар өтсе де маңайыңа сескене көз тастайсың. Құрбандарды еске алған митингте, үнсіздік минуты кезінде жазықсыз жапа шеккен аналарымыз бен апа­ларымыздың рухы сезіп жатыр ма екен деп толғана­сың. Ақмола же­рін­де, Қарлагтың 26-шы нүктесінде 62 ұлт өкілдерінің 146-сы грузин, 44-і әзірбайжан, 393-і еврей, 173-і поляк ұлтының әйелдері, не керек, 20 мыңға жуық әйелдің көзінің жа­сы там­ған топырақ зілмауыр қайғы салма­ғын қалай көтерген десеңіз­ші!? “Дөңгелек үстел” барысында ТМД-ға қатысушы елдердің мем­ле­кет­аралық гу­манитарлық әріптестік қорының қол­дауымен Қазақстан хал­қы Ассамблеясы және “АЛЖИР” музейі дайындаған “Тағ­дырларды бі­ріктірген Қазақстан” атты кітаптың тұ­саукесері өткізілді. Шараға қаты­су­шы­лар мен қонақтар музей-мемо­риал­дық кешенді аралады. Жалпы, “АЛЖИР” мұра­жайы “Қасі­рет қақ­па­сы мону­мен­ті­нен”, “Күрес және үміт”, “Түңілу мен әлсіздік” деп ата­ла­­тын мүсін ком­позициялардан, со­ны­мен бірге, “Еске алу қабырға­сы­нан” және ста­линдік вагоннан тұ­ра­ды. Мұндағы жинақталған шежіре шындығы жа­ны­ңыз­ды тітіркендіреді. “Тергеуші бөл­ме­сі”, “Тұтқындар барағы”, “Ті­гіншілер жата­ғы” жадау, жабырқау тұтқындар тірлігінен мол хабар береді. Ал 30 мамырда “дөңгелек үс­телге” қатысу­шы­лар саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған Қарағанды облысы Спасск ауы­лын­дағы мемориалдық кешенге барып, онда жазықсыздан жазықсыз жастық ғұмырларын темір тордың ар жағында өткізіп, жазалау мен куғынның құрбандары болған аға буын рухына тағзым етті. Жиналғандар назарына ұсы­ныл­ған қуғын-сүргінге ұшыраған және Қазақ­станға жер аударылған азаматтардың ұрпақтары айтқан ес­теліктер мен отандық және шетел­дік ғалымдар мен зерттеушілердің пайымдаулары жиналған жұртқа ой тастады. Соңынан қатысу­шы­лар мен қонақтарға арналып, мемо­риал­­дық кешенмен танысқаннан кейін “АЛЖИРДІҢ” ызғарлы суығы” атты фильмнің көрсетілімі ұйымдасты­рыл­ды. Ауыр ой құшағында отырып фильмді көрген көпшілік осыдан кейін Ақмол ауылындағы Мәдениет сарайында “Ниет байланыстырған тағдырлар” тақыры­бында қуғын-сүргін құрбан­дарымен кездесуге барды. Көпшілігі лагерьдің ауыр аза­бы­нан, аурудан сол жылдары-ақ ба­қиға аттанса, “Жылымық” соққанда олардың біразы бостандыққа шықты. Бірақ, бәрібір “ха­лық жауы” деген жаманат жамылған жан­дардың на­зарлары пәс болатын. Соң­дарындағы аңду мен үнемі көрсе­тіле­тін сенім­сіздік олардың өздеріне ғана емес, ұрпақтарына да тиесілі еді. Кез­десуде 1937 жылы қуғын-сүргінге ұшы­раған Төреқұл Айт­матовтың қызы Розет­та Төре­құл­қызы Айтмато­ва (Қырғыз­стан), қуғын-сүргін құрбаны Унден Хван­ның қызы Раиса Ундеевна Хван, “АЛЖИР” тұтқыны Френкель Лидия Михайловнаның немересі, “РИСК” ки­нокомпания­сы­ның кре­атив­тік продюсері Дарья Вио­лина (Ресей) сөз сөйледі. Сон­дай-ақ шараға қатысушыларға “Оқиға қа­лай болды” тақырыбын­дағы театр­ландырылған қойылым көр­сетіліп, жанарлар жасқа шыланды. Форум барысында журналдар мен кітаптардың тұсаукесерлері өт­кізіліп, көпшілікке түрлі ұлттардың Қазақстанға жер аударылу тарихы туралы деректі фильмдер көрсе­ті­ліп, ғылыми қауымдас­тық өкілдері және қуғын-сүргін құрбан­дарымен тағы­лы­мы мен сабағы мол кез­де­су­лер өтіп, сонымен қатар, Дос­тас­тық ел­де­рі тарихшылары мен зерттеу­ші­ле­рінің ғылыми еңбектерінің және қу­ғын-сүргінге ұшыраған су­ретшілердің көрмелері ұйымдас­ты­рылып, ауқым­ды мәдени бағдар­лама жоспарлан­ға­ны, осы шараға мұрындық болып жүрген Қазақ­стан халқы Ассам­блея­сы мен Білім және ғы­лым министр­лігінің, оның құрамын­дағы Мемлекет тарихы институтының біраз еңбек­тен­генін көрсетті. Қай ша­раның да көтерер жүгі, беретін ғибраты мол. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.