
«Абай» журналы туралы алғашқы деректі «Сарыарқа» газеті берді. Көп кешікпей бұл мақаланы Ташкенттегі «Бірлік туы» газеті «Қазақша журнал» деген атпен басып таратады. «Журнал» январдың 15-сінен қалмай шығу керек» дей келе, «әр уақыт жазып тұратын мына азаматтар: Мәнән Тұрғанбаев, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұд Торайғыров, Мұқтар Әуезов, Сабит Дөнентаев һәм Сейтбаттал Мұстафин». Осы күнде нағыз таза қазақ тілінде шығып тұрған 5 газет бар екенін атап көрсетеді. Бұл кезде шығып тұрды деген бес газет мыналар: «Қазақ» (1913-1918), «Сарыарқа» (1917-1918), «Бірлік туы» (1917-1918), «Ұран» (1917-1918), «Тіршілік» (1918). Бұлардың қатарына «Абай» журналының қосылғанын айта келіп, соңында: «Жалғыз-ақ бір кемшілік жеріміз болса – қазақша бір журналымыздың жоқтығы еді; осы «Абай» журналы бұл кемшілікті өтесе, жарады. Әдебиетіміздің көркейіп көгеруіне қызмет етуін тілеп қаламыз», деп сүйіншілеп хабарлайды. Соңында газет бағасы мен әдресін ескертеді. Газеттің осы санында «Семейде қазақша әдебиет кеші» атты мақала басылып, «Семейде 18-ші декабрде «Абай» атына арналып шығаратын журнал пайдасына жастар әдебиет кешін жасағаны» туралы «Сарыарқа» газетінен алған хабарды басып, жиылған жұрттың көптігінен даярланған мыңнан артық орын жетпей қалғанын айтады. Шарада «ойдағыдай ойындар жасалып тұрса, жастардың жақсы шығаруы, халықтың барып тұрулары һәм жаңа талап жастардың жігерін қайырып қолдан келген жәрдемдерін етулері, мұның арқасында «Абай» журналының да аяққа басып көтеріліп кетуі анық екенін» баяндайды («Бірлік туы», №20, 1918).
Көп кешікпей журнал да жарық көреді. Жүсіпбек Аймауытұлы «Журнал туралы» бас мақаласында былай дейді: «Өнер, ғылым қаражатпен табылады. Өнер, ғылым қаражат табады. Қаражат жан асырайды. ...ғылым білімге қонады, білімсіз ғылым сыңаржақ. Ғылым білімді ұлғайтады, ғылымсыз білім тым құрғақ. «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, замандасың жазықты» деп Абай айтқан» («Абай», №1, 1918). Осылайша, «Абай» журналы арқылы халықты өнер-білім игеруге шақырып, ағарту жұмысымен айналысты.
«Бірлік туы» газеті «Абай» журналы» деген тақырыппен журналдың алғашқы саны редакцияға келгенін, кешігіп шығу себебі мен сапасы туралы және журналда не жазылғанын хабарлайды. «Семей жанындағы Алаш қаласында жаңадан шыға бастаған қазақша «Абай» журналының бірінші нөмірі басқармамызға тапсырылды. Мұның бірінші нөмірі бастап 15 январда шықпақ болса да, басқармадан болмаған себеппен 4 февралда шығыпты. Һәм ақ қағаз табылмағандықтан журнал сары қағазға басылған. Жаңа жолдасымызға тілектеспіз. Алдырушыларға әдірісі: г.Алаш. (Семип. об.) Редакция журналы «Абай» («Бірлік туы», №20, 1918).
«Сарыарқа» газетінің №77 санында журналдың алушылары мен уақытша жабылғаны туралы айтылады. «Абайда» 900-дей алушы бар. «Абай» бір жола жабылған жоқ. Есебі біткенше, жалпы жиылысы болғанша тағы сол сиақты себептермен уақытша тоқтап тұр. Бастырушы уақ қарыз қауымы «Абайды» тоқтатпас. Шығарар. Шығармаған күнде де «Абай» жабылмас. Жалғыз журналын жауып қойып тыныш отыруға оқыған жастардың талапты азаматтардың намысы, ұжданы жібермес. Қайтсе де шығарар деген үмітіміз күшті. Сондықтан оқушылар «Абайдың» аз күн тоқтап қалғанына ренжімеуін, күдіктенбеуін, күдер үзбеуін, шыдап қалуын өтінеміз. «Абай» шығарушы: Юсупбек Аймауытов». Семейден «Абай» журналын өзі арқылы алдыруға болатыны туралы хабарлама басылды.
Көп ұзамай журнал жабылып, «Абай» қалай жабылды?» мақала жарияланды. Онда былай дейді: «Өткен 1918 жылдың февралынан бастап «Абай» журналы дүниеге шығып, 12 номері басылып, он ай өмір сүріп, тоқтады. Журналдың қалай һәм не себепті тоқтағанын жұртқа баяндап, анықтама қылуды шығарушы болғандықтан, өзіме борыш көремін» («Сарыарқа», № 81, 1919) деп, журналдың жабылу себебі қаржы-қаражат себебінен екенін айтқан. Төменде «Абай» журналының бас шығарушысы Жүсіпбек Аймауытұлының осы мақаласын бүгінгі оқырман назарына ұсынамыз.
«Абай» қалай жабылды?
Өткен 1918 жылдың февралынан бастап «Абай» журналы дүниеге шығып, 12 номері басылып, он ай өмір сүріп тоқтады. Журналдың қалай һәм не себепті тоқтағанын жұртқа байандап, анықтама қылуды шығарушы болғандықтан, өзіме борыш көремін.
Семейдегі оқытушы, оқушылар болып «Жанар» деген ұйым ашып, ұйымның зор мақсатының бірі – журнал шығармақ болған. Сол мақсатпен «Жанар» ұйымы квитанция дәптерлер бастырып, арнап әдәбиет кешін жасап, журналға ақша табуға кіріскен қолына 2 мыңнан аса ақша түскен соң, «Абай» журналын шығара бастаған. Бірінші номер шыққаннан кейін Алаш қаласындағы уақ қарыз серіктігінің (кедейлер банкесі) адамдары жомарттығы ұстады ма, жастарға жаны ашыды ма: жұртқа игілік іс қылғысы келді ме, болмаса пайда-мақтан көздеді ме, – әйтеуір, «журналды біз бастырайық, біздің де мақсатымыз: игілік іс еді» деген соң, «ондай жақсы ниетің болса, саған берелік. Барлықпен емес, нарлықпен шығармақ едік» деді де, жастар банкесінің жалпы жилысына салып, қаулы қылдырып, журналды банкеге берді. Журналдың дүние (мәді) күші банкеден, мағнауи күші жастардан болатын болды.
Журнал қызметіне банке жігіттері 5 кісі сайлады (бас жазушыға 250, одан кейінгі екеуіне 200-ден, енді екеуіне 150 сомнан ақы кесіп).
Екі номері шыққанан кейін, банке адамдары 5 кісіге ақы беруді ұрлай бастады. Ақша алмасақ та, журнал тоқтамасын дедік: көндік. Екі-ақ кісіге жалуаниа беретін болды (шығарушының айы 250, хатшыға 150 сом); бұрынғы «шығарушы басқарма ұйымының орнына «шығарушы Юсупбек Аймауытов» болды. 1 майға шейін журналдың 5 номері шықты да, болшевик сүргініне ұшырап оқығандар қашып, бір айдай журнал шыға алмай қалды. Мұнан былай журнал шығып жатты. Банке адамдары алғашқыдай емес, қызуы басылған іспетті: «осыған қайдан ұшырадық» дегендей сырдаң тартып, сырт беріп, қыжыңдай бастады, мысалы: «кооператив жәйін жазбайсыңдар, банкенің ережесін баспайсыңдар, подписчикті көбейте алмайсыңдар, бұл қалыпда журналды шығаруға болмайды жауып тастармын...» деген сықылды қожайының қолға айтатын қоқағы естіле береді.
«Пайда бар ма? Ақша қайда? Банкеге неге салып қоймайсыңдар...?»-ды берген соң, ақшаны өздерің ұста деп, журналдың есебін бердім. Сейтбаттал мұғалім мен есепші Шангин деген орыс реуизиа қылды, банкеге түсе қойарлық қаурт ақша болмады. Банкешілер: «есеп дұрыс емес, қайта алу керек» деді. Мақұл көрдік. Ақша жұмысы банкеге көшкенін 9-ші номерде жариа қылдық.
Қайта есепті алмастан, банкенің қызметшілері, член савет дегені бар 18-ші ноябрде қаулы қылысып, «журналды уақытша тоқтаттық» деп «Сарыарқаға» ығлан айтады. Жапқан себебі һәм қаулысы мынау: «Журнал шығарушы (редактор) неше қабат шақырғанда, журналдың есеп-хисабын бермеген себепті һәм ұстаған расхотдары, документтері болмаған себепті, және қымбатшылық тақырыпты журналды жалпы жиылыс болғанша, есебі алынғанша тоқтатуға һәм журналдың қызметшілерін қызметтен шығаруға қаулы қылынды» деген. Қайта реуизиа қылуды банкенің бір орысы мен Темірғали Ғаббасовқа тапсырған.
Сол күйінше журнал жабылып жатты, 24-нші апрелде (өткен) банкенің жалпы жиылысы болып, банкешілердің доклады бойынша журналды мүлде тоқтатуға қаулы қылған. Қаулысы:
«Журналды жаптық. Жақын арада редактор есеп берсін, әйтпесе сотқа тартылады» деген.
Бұл жолы журналды жабуға тапқан дәлелдері қағаз бетінде жоқ, бірақ дәлел сымақтары: «редактор есеп бермеді, расходный документі жоқ, книгені дұрыстап жүргізбеді» деген. Сөйтіп, уақ қарыз серіктігі бірінші журналды жауып, екінші редакторды қаралап отыр. Осы туралы ауызша жұрт алдында, қалса, сот алдында айтатын сөздерімді жазбақпын.
Әуелі банкешілер заңға симайтын істерін айтып, содан кейін өзімді қаралаған туралы жауап берейін:
1) Журналды алғашқы тоқтатқанына банке қызметшілері мен саветтің правасы жоқ: жалпы жиылыстың қаулысын жалпы жиылыс өзі бұза алады. Журнал туралы серіктікке зиян келіп бара жатса, жалпы жиылысты тығыз шақыру лайық еді. Азы 20 кісі мен жалпы жиылысы ашылады. Бұл – серіктіктің законы.
2) Журналды шығармақ болғанда жалпы жиылыс журналға 3 кісі жалдауға бекіткен: шығарушы, оған көмекші, хатшы. Банке жігіттері әуелі 5 кісі жалдауы, одан кейін екі кісі жалдауы, қайтсе де жалпы жиылыстың қаулысы емес.
3) Журнал қызметшілеріне ақы кірісу, қызметке алу һәм шығару жалпы жиылыстың жұмысы. Мұнда ақша кесуші, қызметтен шығарушы банке қызметшілері.
Журнал туралы істе банке адамдарына толық права беріп: «не қылсаң, мейлің» деген жалпы жиылыстың қаулысы, сенімі бар ма екен? ...Шығарушыны қаралағаны туралы:
1-ші дәлелі: есеп бермеді дегенмен неше қабат алған есепке көңіл дараламады, қайта есеп алмады. Журналдың не есебін алмастан, не пайда-зиянын білместен жауып қойды. Тоқтатқаннан кейін Темірғали Ғаббасов есеп бер деп шақырды (телефон-мен). Келдім. «Жоламаннан тірі көреміз, қолымыз тимейді, жаңа жылда кел» деп бір қайырды. Жаңа жылда келдім: «Кірім жоқ» деп қайырды. Жазға салым келдім: «жалпы жиылыс тайанып қалды» деп қайырды. Неше келіп есеп алдыра алмағанымды уақ қарыздың ішіндегі қазақтары жылмиа таныса, ұрысы айтар, және есепке қағаздарымды құшақтап талай келгенімді Ахмедбек, Мұқтар, Сұлтан, Ғалымжан деген жігіттер де біледі.
2-ші дәлелі: ұстаған расхотына документі жоқ дейді. Бұл өтірікті айтқаны тіпті ұят. Бар расхотым документім бар. Барлық расхот 5075 сом 98 тиын еді; соның 53 сом 50 тиыны ғана документсіз. Бұл журналды баспаханаға, почтаға арлы-берлі тасығандағы бірде байға шыққан ұсақ расхот, одан басқа документсіз 1 тиынын ұстасам, түбінде білінер.
3-ші дәлелі: книгені дұрыс жүргізбеді деген. Мұның мәнісі бар: банкенің есебі, книгесі мен редаксианың книгесі бір емес. Банкенің книгесі көп болса, оған сайлаулы кісі де көп. Банкенің құныттағаны алғы есебі, книгесі. Редаксианың жұмысы жалғыз сипыр жазып, шот қағу емес: екі кісінің бірі шығарушы, бірі хатшы. Оның үстіне редактор әрі жазушы, әрі қазынашы, әрі есепші, әрі сөз түзуші (коректор) һәм әрі хатшы болғанда күні болды. Бухалтерия жәйін білмейді. Есебі, книгені самдай қылу үшін не банкеші жігіттер есепші кісі қою керек еді, не мынадай тәртібі бар деп көрсетіп беру керек еді. Молда білгенін оқиды, мен «Сарыарқада» қызмет қылдым, «Сарыарқа» книгелері қандай болса, менікі де сондай. Газет-журналды былай қойайық, уақ қарыздың есебі, документі, книгесі иман-таразы болғаны былтыр қысқы реуизиадан кейін емес пе, одан бұрын кісіге өнеге айтатын уақ қарыздың не жәйі бар еді. Книге туралы сотқа берілетін болса, әуелі уақ қарыз берілер, содан кейін «Абай» берілер.
Журналды тоқтатуға тапқан ең күшті дәлелдері осы. Бұлар – дәлел емес. Ұят. Қымбатшылық тақырыбы тоқтаттық десе, журналдан не пайда, не зиан барын білмейді. Себебі есеп қылған жоқ. Және банкешілер ту басында журналды шығармақ болғанда жылына мың сом зианына шыдайым деген. Менің шамалауымша мың түгілі, ...зиан болған жоқ деп ойлаймын. Қымбатшылық сылтау болса, журналдың бағасын көтеруге де болар еді. Жоқ олай емес, мақсаттары: жаппақ.
Жалпы жиылысқа қаулы жасатқан болып журналды тоқтатып, шығарушыны басымен әлек қып сотқа бермек болып, жұрттың ақшасын қалтасына тығып, банкешілер үндемей ғана жылмырайып қойып отыр. Бұл тағы масқаралық! Журнал тоқтаса, дереу газет бетінде жарнама қылып, жұрттың ақшасын қайырамыз деп білдіру керек еді, үндемей қою көлбайшылағаны болады.
Байқайсыздар: журналды жабуға табатын уақ қарыз серіктігінің ешбір толық себебі, дәлелі жоқ. Айналасы шалалықтың салдары. Газет-журналды шығынға шыдап шығара алатын қандай кісі? Ақылды білімі зор, адамдық, ұлтшылдық сезімі зор, мақсаты биік. Әділдікке ақтыққа шөлдеген, жан-тәнімен жұрт ісіне берілген кісі шығара алады. Түркі оқып, жазбаға түсе алмаған шала молда сиақты білімі, жұрттан басының, ішінен сыртының жылтырлығын іздейтін, «ар-ұйат», «адамдық», «ұлт», «қызмет» деген нәрселерден бір тартым шылымды тәуір көретін кісілер журнал шығара алар ма? Қараңғылыққа өкпе де жоқ.
Байқап жүрміз: «ұйым», «серіктік», «жиылыс» деген боламыз бұлардың аты бар, ісі, пікірі жоқ. Неге десеңіз соқыр; жалғыз-жарымы сыңар езу, фанатик серіктер банкенің қызметшілерін тексермек түгілі өздерінің правасын білмейді, (уақ қарыздың законы былай тұрсын). Өздері сайлап қойған жұмысшыларына өздері төредей жалынып, сыбағасына құлдық ұрады. Надан көпке қабағыңды түкситсең, бопыразыңды бұрқылдатсаң, екі-үш сөз шүлдіресең, машықтаған 5-6 шүлдіріңді ирекдесең болғаны: «шіркін бәленшенің баласы жиылтып кетіпті» деп, не айтса, бас иеді. Сөйткен шлендердің жалпы жиылысынан не үміт, не хайыр? Шындап айтқанда: журналды алғанда, тоқтатқан да, жапқан да екі-үш жігіт, әйтпесе жалпы жиылыс істі тексерер еді, не айтса да, соған көзсіз сенбес еді, оларды төре деп білмес еді. Әлеумет іс басқаруға не ар керек, не законмен жүру керек. Бұл екеуі болмаса, іс қашан да болса осылай шала, шатақ болмақ.
Журналды жапқан туралы уақ қарыз серіктігі үш түрлі сұраққа ұшырайды: 1) шығарғалы отырған жастардың журналын, ақшасын алып, шығара алмай жарым жолға тастады, сондықтан бүкіл жастар, ұйымдар алдында сұраулы; 2) ақшасын алып, журналды жауып қойғандықтан халық алдында оқушыларға сұраулы; 3) законсыз қызметтен шығарып 5 айлық ақысын бермегендіктен журналдың қызметшілеріне борышты. Бұл үш сұраққа банкешілер дәлелін табар, құтылар, не тергелер, тұтылар.
Кім қай жолмен сұрарын өзі білер. Өзін айыптаған банкеге шығарушы сеніп есеп бере алмайды. Тергелетін жерде сөйлесерміз.
Міне, халық! Журналдың жабылған мәні осы.
Юсупбек Аймауытов.
«Сарыарқа» газеті, № 81, 1919 жыл.
Алғысөзін жазып, әзірлеген
Абай Мырза