Сұхбат • 16 Ақпан, 2023

Батырлан Амангелдиев: Батыр тұлғасын әлі толық таныған жоқпыз

1242 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Егемендік алғаннан кейін өткен тарихымызға үңіліп, жаңаша көзқараспен тану басталғанымен, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс туралы түрлі пікір айтылады. Алайда бұл көтерілістің астарында тәуелсіздікті аңсаған ұлттың арманы бар. Биыл Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісінің бас сардары, ұйымдастырушысы Амангелді Имановтың туғанына 150 жыл толады. Осы орайда біз халық батырының немересі Батырлан Рамазанұлы Амангелдиевпен кездесіп, азаттық жолында құрбан болған арғы бабасы Иманнан бастап, атасы Амангелдінің өскен ортасы мен күрескерлік жолы туралы әңгімелестік.
Енді кейіпкеріміз туралы айта кетейік. Ол 1939 жылы Алматы қаласында туған. 1957 жылы орта мектепті күміс медальмен бітіріп, Н.Э.Бауман атындағы Мәскеу жоғары техникалық университетінің автоматты басқару жүйесі мен элементтері факультетіне түседі. Оны ойдағыдай тәмамдағаннан кейін 1963-1970 жылдары аралығында Қазақ политехникалық институтында ғылыми зерттеу жұмысымен айналысады. 1970-1975 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Математика және механика институтында бас инженер, аға ғылыми қызметкер болды. Одан соң Қазақстан стратегиялық зерт­теулер институтында жетекші ғылыми қызметкер, кейін Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті Қаржы-банк менеджменті ғылыми-зерттеу институтында істеді. Техника ғылымдарының кандидаты. Бірқатар ғылыми еңбектің авторы.

Батырлан Амангелдиев: Батыр тұлғасын әлі толық таныған жоқпыз

ыв

Кеңес дәуіріндегі кейбір дерек­терде Амангелді Иманов кедей шаруа отбасы­нан шыққан деп жазылды да, оның Кенесары көтерілісінің айбынды батыр­ларының бірі Иманның немересі екені мүлде айтылмады. Сондықтан батырдың ата-тегі мен өскен ортасына қысқаша тоқталсаңыз.

– Шындығын айтқанда, сол кездегі кеңес идеологтары Амангелді кедей от­басынан шықты деген ұғымды қоғамға таңып тастады. Өйткені таптық көзқарас тұрғысынан солай айту қажет болған секілді. Әйтпесе, батыр әулеті мыңғырған мал айдаған бай да емес, тақыр кедей де болмаған. Тіршілік етуге лайықты дөңгеленген дәулеті болған. Атам 1873 жылы 3 сәуірде Торғай уезі Қайдауыл бо­лысына қарайтын №3 ауылда өмірге келген. Әкесі Үдербай (1829-1879) егін­шілікті, аңшылықты кәсіп етіпті. Анасы Қалампыр Қақуқызы (1848-1926) Торғай және Ұлытау өңіріне танымал Бердікей руының ішіндегі Сары ишан әулетінен тараған. Әжеміз медреседе оқыған, көзі ашық, білімді болған. Атам өзі жазған шежіресінде ата-тегін былай өрбітеді. Қара қыпшақ Қобыланды батырдың екінші әйелі Қарлығадан Бұлтың, Торы, Ұзын, Көлденең, Қарабалық есімді бес ұл туады. Ұзыннан Алтыс, одан Бөкей, Бө­кей­ден – Кедел – Мәмбет – Сары – Әлібек – Сатыбалды. Сатыбалдыдан Бегімбет пен Әбдірахман туады. Амангелді – Бегім­беттен тараса, Әбдіғапар – Әбдірах­манның ұлы Тілеулі батырдың ұрпағы.

Бегімбеттің 8 ұлы болған, ең үлкені – Қақай. Қақайдан – Дулат, Дулаттан – Иман. Атақты академик Қаныш Сәтбаев 1944 жылы жазған бір мақаласында Иман батырды Кенесарының сенімді серіктерінің бірі болғанын айтады. Иманнан – Бердәлі, Ержан, Балық және Үдербай есімді төрт ұл туады, осы төртеуі де Кенесарының соңына еріп, көптеген шайқаста ерлік көрсеткен. Бердәлі мен Ержан әкесі Иманмен бірге хан Кененің қырғызға жасаған жорығында қаза болса, Балық пен Үдербай ретін тауып, елге аман оралған. Бір жағынан, батыр бала күнінен әкесі мен оның ағасы Балықтан Хан Кене мен атасы Иманның ерліктері туралы айтқан әңгімесін тыңдап, солар секілді ер мінезді болып өсті.

Амангелді – орта бойлы, дене біті­мі мығым, қайратты, қайсар адам бол­ған. Көзкөргендердің жазып қалдыр­ған естеліктерінде батырдың мінезі көп­шіл, ақкөңіл және тез шешім қабыл­дай­тын­дығын айтады. Сондай-ақ айтқан сөзінен тайқып көрмеген, ешкімнің алдында иіліп, бүгілмеген. Он бес жасынан аңшылық құрып, мергендігімен аты шыққан. Бұған әкесі Үдербайдың әйгілі аңшы болғандығы да себеп болса керек.

Атамның үш бауыры болған, үлкен ағасы Бектепберген (1870-1921) және екі інісі – Амантай (1876-1931) мен Есен­тай (1884-1933). Бектепберген ұста болғанымен, ел ісіне де араласқан. Ауыл биі болған. Аңшылық құрып, мерген­дігімен көзге түскен. Алматыдағы Орта­лық музейде Бектепберген жасаған мыл­тық пен ұңғысы сақталған. Сондай за­ман­да мылтық оқпанын жасауды білген ұстаның шеберлігіне таңғаласыз.

Батырдың өткен ғасыр басында ел ісіне араласып, патша билігі тара­пынан біраз қуғын көргені бар. Осы оқиғалар жайында айта кетсеңіз?

– Атам жасынан елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, қолынан келгенше қара­пайым жұртқа қамқор, қорған болған. Сол үшін де жергілікті жердегі патша би­лігінің өкілдерімен, ел ішінде солардың сөзін сөйлеген байлармен арасы жиі шие­ленісіп қалған. Батырдың жақын інісі Байе­гіздің жары Рыстының естелігінде: «Біз ол кісінің ешқашан алдынан кесіп өткен емеспіз. Оны біз ғана емес, барлық жұрт жақсы көріп, аяғынан тік тұрып сыйлайтын. Шын мәнінде, өте жақсы адам еді», деп жазған. Амангелді – көзі тірісінде батырлығымен, батылдығымен, ержүрек мінезімен аңызға айналған адам. Ол туралы қаруластарының бірі: «Ол – тумысынан батыр еді. Оның бойында көшбасшылық, талапшылдық, өткірлік секілді қасиеттер мол болатын. Сардар­ды 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне дейін халық батыр деп танып, мергендігі мен шешендігін мойындаған. Ерік жігері мол, қайратты тұлға еді» деп айтыпты.

Намысты ер көтеріліске дейін бірне­ше рет қамауға алынған. Осыған байланыс­ты бір оқиғаны айтайын. 1908 жылы мамыр айында Торғай ауданында үлкен жәрмеңке болып, сонда патша әскерінің солдаттары өзенге шомылуға барған Есім Әуелбаев есімді қарияны соққы­ға жығады. Соны көзімен көріп тұрған Амангелді баста­ған бір топ адам әлгі кісіге жақтасып, солдаттармен төбелесе кетеді. Оның соңы өлім­ге әкеліп, бір солдат мерт болады. Арты үлкен дауға ұласады. Төбелеске қатысқан деген же­леумен қырық адам түрмеге қамалады. Оның оншақтысы кінәсіз деп танылып, ал Амангелді Иманов, Хакімбек Токин және тағы басқаларды он сегіз жылға бас бостандығынан айыру туралы сот бір жылдан кейін үкім шығарады. Сот шешімімен келіспеген ел ағасы Смағұл Токин жоғары жаққа арыз жазып, ақыры материалдық шығын төлеп, олардың бас бостандығынан айыру мерзімін үш жылға дейін қысқартып, босатып алған.

Екінші оқиға. 1915 жылы маусым айында патшаның билігіне арқа сүйе­ген жергілікті байлардың бірі батырдың туыстарын, яғни Бегімбет руының 50 отбасын суы, нуы жоқ, шөл далаға қоныс аударуға шешім қабылдайды. Оны іске асыру үшін Майдамтал деген жерге 60 киіз үй тігіп, Торғай уезінің ықпалды деген 13 болысын жинайды. Осында туыс­тарына жаны ашып, қарсылық көр­сеткен Амангелді қамауға алынады.

Сондай-ақ бірқатар деректе Аман­гел­дінің барымташы болғаны айтылады. Жалпы, барымташылық мықтылық пен ептілікті қажет етеді. Оған да батырлық керек. Бірақ сол құжаттардың мазмұнын саралағанда сардар барымтаға туыстары үшін ғана емес, ел ішіндегі кедей-кепшік пен жарлы-жақыбайдың ақысын оларға тізесі батқан байлардан алып беру үшін барған деген тұжырымға келеміз. Батыр барымтаны ешқашан жеке мүддесіне пай­даланбаған. Бұл ойымыз америка­лық тарихшы Вирджиния Мартиннің XIX ға­сырдағы Ресей империясының құ­рамындағы Орта жүз қазақтарының құқық­тық тарихы туралы зерттеулерінің нә­ти­же­лерімен сәйкес келеді.

– 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азат­тық көтеріліске 6 болыс арғын, ­6 болыс қыпшақ, 1 болыс найман жұрты қа­тысса да, сарбаздардың саны туралы әртүрлі дерек айтылады...

– Торғай уезіндегі патшаның жазалау­шы отряд басшылары көтеріліске 50 мың сарбаз қатысқан деп бағалаған. Өйткені Амангелді бастаған көтерілісшілердің саны алғашында 8 мың, одан кейін 15 мың­ға жеткен. Яғни бұл екі сан көтеріліс­тің бастапқы кезеңіне қатысты болса, ал 50 мыңға көтерілістің ең қызған шағын­да, өңірдің барлық аумағын қамты­ған­да қол жеткізген болуы мүмкін. Сар­дар сарбаздарына әскери тәртіп енгізіп, қару-жарақты қолдану мен соғыс тәсілін үйретеді. Соның нәтижесінде көтері­ліс­шілер мұздай қаруланған жазалаушы әскерге бірнеше рет қарсылық көрсетті.

Жалпы, патшаның майданның қара жұмысына қазақ жастарын алу туралы жарлығы ел ішінде үлкен дүмпу туғызды. Оған жалғыз Торғай жұрты ғана емес, басқа өңірдің де тұрғындары қарсы шықты. Алайда бұл көтеріліс Торғай мен Жетісуда кең көлемде болғанымен, ол қазақ даласын жаппай қамтыған жоқ. Басшылық пен ұйымдастыру болмады. Мұндай бытыраңқылық патша өкіметіне көтерілісті басуға жеңіл тиді.

Бүгінге дейін осы оқиға жан-жақ­ты зерттеліп, тарихи бағасын алды деп ойлайсыз ба?

– Еліміз егемендік алғаннан кейін де Қазақстандағы және соның ішіндегі 1916 жылы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісі толық зерттелді дей алмаймын. Тереңдете зерттейтін тұстары жетеді. Әлі күнге дейін ҰҚК мұрағаттарындағы құжаттарға еркін қолжетімділік жоқ.

Біз Амангелді тұлғасын толық таныдық па?

– Қоғам батыр тұлғасын толық таныды деп айта алмаймын. Амангелдінің өзі жүргізген күнделікті зерттеу соңына дейін жетпеді. Кезінде бұл жұмыстың бір бөлігін дайындауды Ұлттық ғылым ака­демиясы бастаған. Орталық мұрағат пен Президент архивінің қорлары да біраз зерттелді. Алайда Ақтөбе, Омбы, Орск т.б. қалалардағы архивтердің деректері зерттеушісін күтіп жатқаны анық.

Мұстафа Шоқайдың батырға жаз­ған хаты туралы не айтасыз?

– Мұстафа Шоқайдың мақаласы 1936 жылы жазылып, жарияланды. Ол аса күрделі кез болатын. Алғашқы сөй­лемнен-ақ Торғайдағы ұлт-азаттық кө­­терілісінің бас сардары Амангелді Има­нов­қа шүйілу басталады. Кім біледі, М.Шо­қай газет-журналда айрықша дәріп­телген батыр­ды емес, саяси жүйені сы­наған шығар. Жалпы, біз тұлғаларды өз заманына сай тарихи тұрғыдан бағалай білуіміз керек.

Мұстафаға алашордашылар мен ­Аман­­­гелді жасағы арасындағы шай­қас­тар туралы деректер ауызша және бір­жақты жет­кен секілді. Өйткені батыр қаты­гез­дікпен жазаланғанға дейін Торғай ­қала­сындағы түрмеде отырған.

Мұстафа Шоқай Амангелді Има­нов­­тың төңірегіндегі іс-әрекеттің бәрі – сауат­­сыз, Торғайдан басқа ешнәрсе көр­ме­ген, өз жерінен басқа елдің адам­дары­­мен араласпаған, большевик – интер­­националист, діннің хас жауы се­кіл­ді қа­раңғы адамға арналғанын алға тар­­тады. Егер біз М.Шоқайды әділдік кү­рес­кері деп санасақ, бар деректі қатар қояйық. Ол өзінің сыни мақалаларын кеңестік газет-журналға сүйеніп отырып жаз­ғаны белгілі. Ендеше халық Амангелді Имановты көтерілістің бас сардары етіп бірауыздан сайлағаны өтірік пе? Бірақ таңдау барысында оған лайықты басқа батырлар да болғанын ұмытпайық.

М.Шоқай мақаласында «большевик» деген сөзге жағымсыз сипат беріп, оны бір­ыңғай Амангелдінің есімімен байла­ныс­тырады. Шындығында, А.Иманов большевиктер партиясына кірмеген. Қазақстан Орталық архиві мен Прези­дент архивінен сардардың большевик­тер партиясына мүше болып қабылдан­ғаны туралы бірде-бір ресми құжат табылған жоқ. Әйгілі В.Владимиров Торғай көтерілісшілерінің ішінде РСДРП-ға мүше жалғыз Ә.Жангелдинді атайды. Сондай-ақ Алаш көсемінің бірі Х.Досмұхамедов: «1917 жылға де­йін қазақтар арасында бірде-бір нағыз социал-демократ немесе социалистік-революционер болған емес, ал большевиктер туралы айтатын ештеңе жоқ» деп жазған жоқ па?

Енді М.Шоқайдың батырды «әліпті таяқ деп білмеген» деген дәйегіне ке­лейік. Кеңес кезеңіндегі тарихта таптық көзқараспен Амангелді Иманов секілді батырларды «кедейден шыққан сауат­сыз» деп көрсетуі сол кездегі идеологтар­дың танымына байланысты.

Ал жалпы халық аз білетін тарих не дейді?.. Амангелдінің анасы Қалам­пырдың ағалары Бірмағанбет, Әбді­райым, Құл­мағамбет ишандар Бұқарада білім алып, кейін Дулығалы деген жер­ден мешіт салып, медресе ұстаған, білім­ді, өз заман­ының зиялылары болған. Батырдың анасы да осы медреседе оқы­ған. Атамыз сауатын алдымен ауыл молдасынан ашып, 1881-1885 жылдары осы медреседе білім алған.

Ол кісінің сауаттылығына тағы бір дәлел – өзі жазған шежіре. Бұл қолжазба екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөліміне Бегімбет руының шежіресі енсе, екінші бөлімі «Патша мен қазақтардың тарихы» деп аталады. Атам Ресей патшасының әулетін 1914 жылы Петерборға барған сапарынан бастап зерттеген. Оны патша түп-тұқияны ғана емес, империяның экономикалық мәселелері қызықтырған. Сонымен қатар мұнда еліміздің Ресей патшасы бодандығына өтуі туралы тың деректер кездеседі.

Амангелді Имановтың дінге көзқара­сын журналист-зерттеуші Бекен Қайрат­ұлы былайша әдемі жеткізген: «1918 жыл­­дың аяғында Торғайда кеңес өкіметі орнап, Амангелді әскери комиссар болып таға­йындалады. Батыр уезге бара жат­қан жолда Байғабылдағы Шора Нұр­жан қарияның үйіне тоқтайды. Сол кезде Нұр­жанның 16 жастағы баласы Қамза: «Аман­гелдіні құрақ ұшып қарсы алдық. Ол әкем­мен көп сөйлесті. Әсіресе мұсыл­манның парызы мен мінез-құлық ережесі туралы біраз әңгімеледі. Мен батырды молда деп ойладым деп есіне алған...»

Амангелді Иманов туралы Ғабит Мүсіреповтің «Батырдың биік тұлға­сы», Мақан Жұмағұловтың «Қыран қазасы қияда», украин жазушысы Олекс Десняктің «Торғай сұңқа­ры», Бақыт Имановтың «Амангелді», ­Қо­ғабай Сәрсекеевтің «Заманақыр» се­кілді кө­лемді шығармалары бар. Осын­да ерен ер­дің болмысы шынайы сурет­телді деп ойлайсыз ба?

– Бірден айтайық, бұлардың бәрі – көркем туындылар. Қанша дегенмен, шы­ғарма мазмұнынан автордың сол кездегі оқиғаға көзқарасы байқалып тұрады. Тарихи шығармаларда нақты деректер әдетте ойдан шығарылған көркем дүниемен араласып кетеді. Сон­дықтан көркем туындылардағы оқиғалар мен тұлғалар бейнесін тарихи тұрғыдан бағалауда мұқият болған дұрыс. Ақиқатын айтсам, қазіргі көп еңбекте Амангелді Имановтың шынайы тұлғасы емес, аңыз аралас көркем бейнесі жүр. Батырдың нағыз болмысы,тарихи тұлға­сы туралы көтеріліс сарбаздарының естеліктері­нен оқи ала­сыздар. Ал көркем бейнесі­не келсек, жазушы Бақыт Имановтың «Амангелді» романын оқуға кеңес бе­рер едім. Мәселе – бұл қаламгердің ба­тырға жақын туыс болғанында емес, оның бала күнінен көтері­ліске қатысқан сарбаздарды көзімен көріп, әңгімелерін естіп өскенінде. Мен, әрине, басқа ақын-жазушылар еңбегін төмендетпеймін.

Жаңа атаңыз жазған шежіре кітап­шасы туралы айттыңыз. Қазір ол ­қай­да сақталған?

– Ол кісі шамамен алғанда 20 жасы­нан төте жазумен есеп кітапшасын қат­тап отырған. Жоғарыда ол жинақтың екі бөлімнен тұратынын айттым. Көрнек­ті жазушы Ғабит Мүсірепов батырдың қол­жазбасы туралы былай дейді: «Аман­гелдінің тұлғасына осы уақытқа дейін үстірт баға беріп келе жатқанымыз анық. Ол – өз заманының айтулы тұлғасы болды. Оның мүддесі қашанда халқы­ның өзекті мәселелерімен үндесіп тұр­ды. Батыр 1916 жылдан да бұрын патша билігіне қарсы болған екен».

Атам есеп кітапшасын қаза болған­ша жаңалап отырған. Оның түпнұсқа­сын сардардың кенже ұлы Шәріп ағам Қазақстан Орталық музейіне тапсырған.

Батырдың ұлдары да әке даң­қы­на сай болды. Солар туралы да айта кетсеңіз?

– Амангелді Имановтың Рамазан (1911-1941) және Шәріп (1914-2000) есім­­ді екі ұлы болды. Рамазан – менің әкем. Екін­ші дүниежүзілік соғысқа дейін ауылда ал­дымен малшы, одан кейін мили­цияда қызмет істеген. Әкемнің Алматыға келуіне інісі Шәріптің көмегі тиеді. Ол кісі отызыншы жылдардың басында сол кездегі Алматыдағы Қазақ ұлттық атты әскер полкіне қызметке шақырыла­ды. Алматыға келгесін ағасын қалаға алдыр­тады. Бірақ әкем сол жылы жоғары оқу орнына түсе алмай, әскер қатарына алын­ды. Әскерден оралғаннан кейін Қазақ уни­верситетінің журналистика факуль­тетіне оқуға түседі. Дәл соғыстың алдын­да Қазақстан комсомолы орталық коми­тетінің мүшелігіне қабылданады. Соғыс басталысымен өз еркімен майданға ат­та­нып, Мәскеу түбінде ерлікпен қаза тапты.

Әкем соғысқа дейін атам туралы «Ба­тыр­­дың балалық шағы» атты повесть жаз­ды. Кейін 70-жылдары әкемнің осы шы­ғармасы мен артында қалған басқа да мұрасын жинақтап, анам Нәзира Бө­кенбаева мен ақын Мәриям Хакімжанова кітап етіп шығарды. Академик Манаш Қо­зыбаев: «Амангелді Имановтың бола­шағынан үлкен үміт күттірген талантты баласы Рамазан Мәскеу түбіндегі шайқас­та ерлікпен қаза болды. Ал соғыста батыр­дың екінші ұлы Шәріп те ерлік көрсет­ті. Бірақ кейін түрмеге қамалды. Яғни Шәріп тағдыры – халық тағдырының бір көрінісі» деп айтыпты.

Шәріп ағамды Қазақ ұлттық әскери полкіндегі қызметінен кейін Моңғолия­ға маңызды операциямен жібереді. 1938 жылы Мәскеуде Қызыл Жұлдыз ордені­мен марапатталған. Екінші дүниежүзі­лік соғыста атты әскердің барлау отря­дын басқарған. 1945 жылы Жеңісті Мажар­стан жерінде гвардия майоры шенімен ­қар­сы алып, елге 1949 жылы оралған. Ұзақ жыл­дар Алматыдағы құрылыс мекемесінде есепші болып, зейнеткерлікке шықты. Елге де жиі барып тұрды. Әкесі туралы біраз мәлімет жинақтап, деректі фильм тү­сіруге ұйытқы болды.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Азамат ЕСЕНЖОЛ,

«Egemen Qazaqstan»