Жастар • 16 Ақпан, 2023

Жастарды әлеуметтендіру – әрдайым назарда

314 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жастарды әлеуметтендіруге арналған форум өтті. Екі күнге созылған іс-шараға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және жоғары оқу орындарының өкілдері мен студенттер қатысып, салаға қатысты өзекті мәселелерді талқылады.

Жастарды әлеуметтендіру – әрдайым назарда

Министр өзі басқарып отырған ведомство алдында тұрған білім берудің қолжетімділігі, жоғары оқу орындарының инфрақұрылымы, инклюзивті білім беру, цифрландыру секілді негізгі тақырыптарға тоқталды.

– Министрліктің басты бағытта­рының бірі – жоғары білімге деген қолжетімділікті сақтау. Бұл мәселе неге өзекті? Өйткені еліміздегі де­мог­рафиялық өсімнің қарқыны жоға­ры. Мәселен, студенттер саны 2025 жылға қарай 626 мыңнан 800 мыңға дейін өссе, 2030 жылы олардың саны 1 млн-нан асады. Грант саны жыл сайын 10 мыңға артып келеді. 2030 жылға қарай шәкіртақы мөлшері 100 пайызға ұлғаяды. Сондай-ақ демографиялық өсімге байланысты қосымша қолдау тетіктерін қарастыру көзде­ліп отыр. Бүгінде студенттік жатақ­ханалардың жетіспеушілігі де өзекті мәселенің бірі. Жоғары оқу орындарында 87 мың төсектік орын тапшылығы байқалады. Былтыр біз бұл көрсеткішті 75 мыңға дейін төмендете алдық. Қазір құрылыс салушылар үшін мемлекеттік тапсырыс шарттарын қайта қарадық. Енді білім берудегі үлкен құрылыс дәуірі басталады, – деді С.Нұрбек.

Сонымен қатар министр инклю­зивті білім беруді дамыту жөніндегі тұжырымдама мен жол картасын дайындау туралы айта келіп, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарында инклюзивті білім берудің қолжетімділігі төмен екенін айтты.

– Жоғары оқу орындарының инфрақұрылымын кеңейту қажет. Осы бағытта шетелдік университеттер, елдегі кампус филиал­дарын салу үшін инвесторлар тар­тылуда. Мұндай жоғары оқу орындарының өңірлердегі филиалдары еліміздің түкпір-түкпірінен ғана емес, сонымен бірге Ресейдің жақын аймақтарынан да студенттер тартады. Алдағы жеті жыл ішінде Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарының 12-13 филиалы ашылады, – деді министр.

Ведомство басшысы өңірлерде жаңа кәсіптер атласын енгізу туралы да сөз қозғады. «Біз қазір атластарды өңірлік етіп жатырмыз, өйткені өңірлік экономиканың өзіндік ерек­шеліктері бар. Бес облыс­та мұндай атластар іске қосылды. Біз аймақтық университеттердің қызметкерлерін сертификаттауға үйретеміз», деп нақтылады ол.

Министрлік ғылымның дамуы­на ерекше назар аударып отыр. С.Нұрбектің айтуынша, алдағы үш жылда ғылымды қаржыландыру 3,5 есе артпақ.

Форум аясында Ғылым және жоғары білім министрінің инклю­зивті білім беру мәселелері жө­ніндегі кеңесшісі Таңсәуле Се­ріков инклюзивті білім берудің ерек­шеліктеріне тоқталса, Батырхан Бейсембеков, Олег Шишацкий секілді студенттер өздерін толған­дырған ой-пікірлерін ортаға салды. Денсаулық сақтау министрлігі Республикалық психикалық ден­саулық ғылыми-практикалық орталығының басқарма басшысы Айгүлім Әбетова студенттердің психикалық денсаулығын сақтау және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Ләззат Нұрқатова студенттердің дарындылығын басқарудың ұлттық моделі тақырыбында баяндама жасады. Іс-шарада студенттік стартаптар, жоғары оқу орындарында нашақорлықтың алдын алу және жастар арасында саламатты өмір салтын дамыту секілді мәселелер де сөз болды.