Халық • 16 Ақпан, 2023

Маң даладағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

412 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қаратөбе аудандық архивін­дегі құжаттарды ақтарып отырған­мын. Кеңес жылдарын­дағы аудан­ның үздік жетістіктері таңба­ланған альбомнан түрлі-түсті бояу­­мен салынған жас жігіт­тің суреті шыға келді. «Бірім­жан Ақдөңов – БЛКЖО ХХ съез­інің делегаты. Қазақ КСР Мем­­ле­кеттік сыйлығының 1987 жылғы лауреаты» деп жазылыпты. Осыдан ширек ғасыр бұрын кездескен кейіпкерім бірден ойыма түсті.

Маң даладағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

...Ол кезде Бірімжан ағамен мені таныстырған – жергілікті өлкетанушы Қайыр­­жан Хасанов болатын. Қаратөбе­нің қиян қырында жатқан Жанбақ атты қонысқа арнайы келіп, Кеңестік Қазақ­станның ең жоғарғы сыйлығын алған озат малшының шаңырағында болғанбыз.

Жанбақ – Ақдөңовтердің байырғы қонысы. Атасы Ақдөң ұжымшардың 500 қойын баққан екен. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда майданға шақырту келіп, 1942 жылы дәл осы жерден соғысқа аттанған. Екі жыл от кешіп жүріп, 1944 жылы Латвия жерінде қаза тауыпты. Елде қалған 13 жасар баласы Құрмет еңбекке ерте араласып, кейін әке жолын жалғастырған. Қалдығайты кеңшарының мақтаулы аға шопаны атанып, «Құрмет белгісі» орденін өңіріне тағыпты.

Бірімжан аға аяулы әкесін сағына еске алады. Осы Жанбақ қыстағының әр пұшпағында әке ізі әлі сайрап жатыр. Еңбекқор еді жарықтық. Биязы жүнді қой өсіруден 1979 жылы Қаратөбе ауданының чемпионы болған. Сол жылы әр жүз саулыққа 145 қозыдан ілестіріп, 771 қойдан 1 148 төл алған екен.

– Мына қыстау – кезінде әкеме арнап совхоздың салып берген үйі еді. Сыртынан силикат кірпішпен қаптап, шатырын ауыстырғаным болмаса, сол күйінде сақтап отырмын. Мына терек – әкемнің өз қолымен еккен ағашы, – дейді кейіпкеріміз аспанмен таласқан жалғыз бәйтеректі көрсетіп.

42 жыл өмірін кеңшар малын бағып өткізген Құрмет Ақдөңов 1985 жылы 56 жасында дүние салыпты. Жастай көрген жетімдік, арқаға батқан ауыр бейнет соңы жазылмас дертке ұласыпты. Қиын-қыстау жылдары сабанның арасынан бір уыс дән тауып алғандағы қуанышын балаларына егіліп отырып айтатын. Еңбекқор әке ұрпағының санасына адал еңбектің дәмі тәтті болатынын әбден сіңіріп кетіпті.

Әке таяғын ұстап, Жанбақты жайлаған Бірімжан Ақдөңовтің де үздік атағы көп кешікпей дүркіреп шықты. Кеңес одағы деп аталатын кең-байтақ өлкеде «қайта құру» атты науқан басталып, сірескен сең сөгілгендей, саңылаудан жарық көрінгендей кезең еді ол. Бірімжан да 1987 жылы 27 жасында мердігерлік отбасылық әдіске көшіп, қазіргі жеке шаруашылықтың алғашқы қадамдарын жасай бастаған. Сол жылы әр 100 саулықтан 155 қозы алып, әр қойдан 4 кило жүн қырқып, әрі мал азығын үнемдеп, мақтаулы малшы атанды. Аты-жөні газет бетінен түспеді. Атағы аспандап, Мәскеуге, ВЛКСМ-ның ХХ съезіне делегат болып барды. Өзі облыстық партия комитетінің бюро мүшесі, комсомол комитетінің пленум мүшесі, аудандық кеңестің депутаты...

.

1987 жылы сәуір айының 15-і мен 18-і аралығында өткен бүкілодақтық комсо­мол съезі кеңес жастарының кеуде­сіне жаңаша от жағып, ертеңінен ерекше өзгеріс күттіріп еді-ау! БЛКЖО Орта­лық комитетінің бірінші хатшысы В.Ми­роненко биік мінберде тұрып: «жастардың жаңалыққа ұмтылысы қанша жылдан бері қатып қалған қасаң қағидалардан шаршады, демократиялық жастар ұйымы мен бюрократшыл басшылықтың арасында терең ор пайда болды» деген еді.

Жастық жалын, жастық жігер алмайтын асу бар ма? Бірімжан Ақдөңовтің атақ-даңқы алысқа кеткені – сол жылдар.

«Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының және Ми­нистрлер Кеңесінің қаулысы бойын­ша бесжылдықтың тапсырмаларын орын­­даудағы аса көрнекті табыс­тары үшін Бі­рім­жан Ақдөңов жолдас Қазақ КСР-нің Алтын Құрмет кітабына жазылды».

Ал мынау Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының №579 нөмірлі дипломы: «Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1987 жылғы 17 қыркүйктегі қаулысы бойынша Бірімжан Құрметұлы Ақдөңовке – Орал об­лысы Қаратөбе ауданы Қалдығайты кеңшарының аға шопаны – социалистік жарыстағы жоғары өндірістік көрсеткіш­тері, мал санын көбейтіп аман сақтағаны, ғылым жетістіктерін, озық практиканы, коллективтік мердігерлікті және еңбекті ұйымдастырудың басқа да прогрессивтік формаларын тиімді пайдалану негізінде мал өнімділігін арттырғаны үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы беріледі».

– Мемлекеттік сыйлық деген сол кезде 500 сом ақша екен. Әжептәуір қаражат. Алматы қаласына арнайы шақырып, сән-салтанатпен берді,  деп еске алады Бірімжан аға.

Қанша жерден «қайта құрғанмен» де кеңес мемлекетінің керегесі сөгіліп, уығы сықырлап тұрған еді сол кезде. Алып ел аласапыран күйге түсті. Кеңшарлар тарады, қоғамдық мүлік пайға айналып, талан-таражға түсті. 1997 жылы желтоқсан айында Қалдығайты кеңшары да «құлады». Шаруашылық басшылары Бірімжан бағып отырған бір отар қойды санап алды. Бір қызығы, малшыға өзі бағып жүрген қойдан бір тоқты да тимепті. Үлеске тигені – мал қорасы. 1995 жылы «еңбегі үшін» деп берілген ескі трактор әжетке жарады. Інісі Бауыржан екеуі бірігіп, атақоныста жеке малын бағып отыра берген.

2000 жылы көргенімде Бірімжан ағаның қолында 200-дей қой, 20-30 сиыр, аздаған жылқы болған еді.

«Ата кәсіп – мал бағудан зиян көрген жоқпыз. Бір саулық он жылда мыңға жетеді деген рас. Малды бұдан да көбейтуге болар еді, күш-қуатымызға қарап отырмыз. Мал бағудың азабы да көп. Қыс қатты болып, қой үш ай қолға қарап қалар болса, оның өзі үлкен сынақ. Бірақ осы мал бүкіл әулетіміздің күнкөрісіне жарап тұр. Жылына 15-20 мың теңге түрлі салыққа кетеді. Ел кезген коммерсанттар бір қойды 3,5-4 мың теңгеге бағалайды. Тай өгіз, баспақтар – 15 мың теңге. Оралдың өзінде қанттың килосы 75 теңге болыпты. Трактордың, орақтың бір бөлшегі, подшипнигі бір қой тұрады. Жазда Оралдан «жүн алам» деп бір коммерсант келді. Қара қойдың жүнін әр килосын 10 теңгеден алмақшы. Арзансынып бермей қалдым» деп әңгімесін айтқан еді Бірімжан аға.

Арада өткен ширек ғасырдың биігінен қарасақ, талай өзгеріс болып­ты-ау. Бүгінде Бірімжан Ақдөңов басқаратын «Құрмет» шаруа қожалығы 2 500 га жерді жайлап отыр. Қолда 700-дей саулық, 200 сиыр, 120-дай жылқы бар. Ақшасын санап беріп, су жаңа қос «МТЗ-82» тракторын зауыттан сатып алыпты. Баяғы көне тракторы ол да тұр.

– Биыл тамыз айында «Күбілей» зауытына алты айлық қозыларды тапсырдық. Шүкір, орта есеппен 18 килодан шықты. 23-26 килограмм тартқандары да бар. Тоқты ерте ет жинауы үшін саулықты ертерек – ақпан-наурыз айларында қоздатамыз. Ауылдағы шаруаның жұмысы конвейер сияқты, бірінен соң бірі келіп тұрады ғой. Бір тәуірі, биыл жер жағдайы жақсы. Көктемде су мол болып, Қалдығайты тасыды, жаз жаңбырлы болды. Табиғаттың төл баласы секілді, біз де күннің қас-қабағына қарап отырамыз, – дейді Бірімжан аға.

Бізді малшы қыстағына бастап барған ауыл әкімі Бағдат Зайнуллин Бірімжан аға әулетінің татулығын тамсана айтқан еді. Қазір ауылда мал бағатын бақташы тапшы. Өйткені жастар қой соңында жүргісі келмейді. Фермерлер амалсыздан қаладан үй-күйі жоқ қаңғыбастарды тауып алып, мал баққызады. Ал «Құрмет» шаруа қожалығында мұндай әдет жоқ. Бірімжан ағаның өз қолында екі ұлы келінімен, немерелерімен бірге тұрады. Науқандық жұмыс кезінде қаладағы ұл-қызы жабылып келіп, жұмысты жапырып істеп кетеді. 

– Балаларым «қала» деп қыңқылдап тұрған жоқ. Екі балам бар, келін мұғалім, Үшанада 11 жылдық мектепте қызмет етеді. Ауылымыз жақсы, көркейіп келеді. 2008 жылы Үшанада типтік жобамен жаңа мектеп салынды. Халық көшпеді, табиғи газ да, Тышқантайдың таза суы да келіп тұр. Ендігі бір жоспарым, осы Жанбаққа табиғи газ құбырын тар­тып алғым келеді. 2,5 шақырым жер­ден құбыр өтіп жатыр, үйге дейін жеткізу­ге 6 млн теңге сұрап отыр. Аз ақша емес, әрине. Бірақ қи жағып, күл шы­­ғарған да оңай емес. Бейнеттің зейне­тін де көру керек қой, – дейді Бірімжан ағамыз болашақ жоспарларынан хабар беріп.

Еңбекқор жандардың арқасында айдаладағы Жанбақ берекелі бекетке айналған. Биыл зейнет жасына жеткелі отырған Бірімжан Ақдөңов қолындағы үш немересін, қаладағы төрт немересін кезек қызықтап, ұл-қызына ұлағатын таратып отырған ақсақал болыпты. «2000 жылы сен келгенде дүниеге келіп жатқан Мағжаным да жақында үйленді. Құдайға шүкір!», деп қояды.

Ауыл шаруасын алаң қылатын мәселе де баршаға ортақ. Ол малдың терісі мен жүні еш кәдеге аспай, далада қалып жатқанына қынжылады. Ойлап қараңызшы: 700 қойды жылына екі мәрте қайшы қырықтықпен қырқып, жүнін далаға тастайды! Мұнан асқан сорақылық бар ма?!

Біз отағасымен әңгіме-дүкен құрып тұр­ған­да қарашаңырақтың төрін­де құс­тың сүт­і­нен басқаның бәрі бар бере­келі дас­тар­қан да жайылып қалған екен. Ас соңы­нан сапарласымыз, Қара­төбе аудан­дық ішкі саясат бөлімінің бас­­шы­­сы Нұртас Сафуллин қонақкәде жа­­сап, Мұ­хит­тың «Айнамкөзін» әуелет­ті. Бірім­­­жан аға ерекше әсерленіп, «Әй, өз­­де­­рің бірер күн қона жатып әңгімеле­се­тін қадір­­лі қонақ екенсіңдер», деп бізді жі­бер­­­­меуге әрекет жасап бақты. Ша­руа­­ның көп­­ті­гін, уақыттың жоқтығын ай­тып, әрең көн­дірдік. Жанбақтың жанға сая өз­ге­­­ше­лігін айтып, бақ-берекесі арта беруін тіледік.

– Әкемнің қара қонысы ғой. Осы жерден табан аударғаным жоқ. Бұл – құтты қоныс, берекелі шаңырақ. Қазір бір тәуірі интернет ұстайды, уатсаппен сөйлесеміз. Біз туралы газетіңе жазып жатсаң, сілтемесін уатсапқа жіберерсің,   дейді қоштасарда маң далада жүрген мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

.

 

Батыс Қазақстан облысы