IMPACT Olimpiad халықаралық ашық байқауы осымен бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Оған Қазақстан, Ресей, Моңғолия, Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерінен ұзын саны 250-ден астам мұғалім қатысқан.
Білім жарысының қорытындысы бойынша, физика пәнінің мұғалімі Сәлия Түктібаева 2-орынға ие болса, математика мұғалімі Станислав Козловский мен информатика пәнінің мұғалімі Борис Зеленов жүлделі 3-орынды иеленді.
– Байқау талаптары бойынша 7 тапсырма орындап шықтық. Оның төртеуі олимпиадалық тапсырмаға жатады, ал үшеуі – шешімі бар есептерден тұратын әдістемелік блок. Бұл жерде біз қате тауып, есепті дұрыс шешудің әдістемелік жолдарын түсіндіріп бердік. Тапсырмаларды орындауға 4 сағат уақыт берілген, бірақ мен осының бәрін сәл ертерек 3 сағаттың ішінде орындап, тапсырдым. Нәтиже бар, ең бастысы, өзіме пайдалы тәжірибе алдым, – дейді физика пәнінің мұғалімі Сәлия Түктібаева.
Информатика пәнінің мұғалімі Борис Зеленов әртүрлі деңгейдегі тапсырмаларды жеңілден күрделіге қарай орындап шығыпты.
– Тапсырмалар өте қызықты болды. Олимпиаданың алғашқы күні пәндік секциялар бойынша семинарлар өтті. Онда біз өз тәжірибемізбен, пәнді оқытудағы лайфхактармен бөлістік. Келесі күні өткен төрт сағаттық марафон барысында олимпиада деңгейіндегі 10 тапсырманы шештік, – дейді мұғалім.
Қостанай облысы