Спортқа аңсары ауған ол мектепте денешынықтыру сабағын жақсы көрді. Әсіресе дзюдоны жанына серік еткісі келді.
– Спорттың қай түрі де оңайлықпен бағындыра бермейді. Ал дзюдо – ең қиын түрі. Бес минуттық белдесу кезінде бір секундқа ғана қателік жіберсең, орны толмайтын опық жеп қаласың. Сондықтан халықаралық сайыстарға барғанда, өзімнің емес, алдымен елдің абыройын ойлаймын. Өйткені әлем назары ауған сайыстарда жеңіске жетсең, елдің Көк байрағы көтеріліп, Әнұраны шырқалады. Сол кезде еліңе, Отаныңа деген құрметің арта түседі. Алайда қазақтың «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» дегеніндей, спортта үнемі жеңістің биік тұғырына көтерілу мүмкін емес. Бірде жеңіске жетіп, мерейленіп тұрасың, ал кейде жеңілістің кермек дәмін татуға тура келеді. Жеңілген сәтте «Өзімнен үміт күткен бапкерімді, барша жанкүйерімді, елімді ұятқа қалдырдым-ау» деген ойға берілесің. Әрине, жеңіс те, жеңіліс те спортшының көңіл күйіне әсер етеді, – дейді Токио Паралимпиадасының күміс жүлдегері Әнуар Сариев.
Парадзюдошы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің денешынықтыру факультетін бітірген. Дзюдомен бала кезінен айналысады. Бұрын Қазақстан құрама командасының сапында жаттыққан.
– Дзюдодан ел құрамасының сапында түрлі оқу-жаттығу жиындарына қатысып жүрдім. Сол кезде Елдос Сметовпен, Айбек Имашевпен бірге жаттыққан едім. Айбек екеуміз түрлі турнирде бірге күресіп, бір-бірімізден үйренетінбіз. Мұндай белдесудің шеберлігімізді шыңдауға ықпалы тиді, – деп еске алады парадзюдошы.
Алайда өмірдің өз ағымы бар. Оны өз дегеніңе бейімдеу қиын. Жол апатына түскен Әнуар Сариев көзінен жарақат алып, бастапқыда дзюдодан қол үзуіне тура келді. Бірақ тағдырдың сынағына мойымаған жас жігіт спортты тастамауды жөн көрді.
– Көлік апатынан кейін көз жанарыма зақым келіп, көру мүмкіндігім нашарлағаны рас. Алайда менің мүмкіндігім шектелген жоқ ғой. Керісінше, өмір сүруге, жетістікке жетуге құлшынысым арта түсті. Сол себептен өзімнің үйреншікті спортыма қайта оралдым. Бұдан былай парадзюдомен айналысып, елімнің абыройын асқақтата беремін деген шешім қабылдадым, – дейді Ә.Сариев.
Оның бағы бар екен. Парадзюдоны дамытуды қолға алған білікті бапкер Жандос Қиянов оны өз бауырындай жанына тартты. Бапкерлік кеңесін беріп, ағалық ақылын айтты. Жігерін жанып, халықаралық додаларға жетелеп апарды.
– Бала кезімнен спортты, оның ішінде дзюдоны таңдадым. Спортшы болған соң, еліміздің Көк байрағын халықаралық додаларда биікте желбіретіп, Әнұранын шырқатуды армандаушы едім. Сол арманымды орындау үшін әлі де жаттығып жүрмін, – дейді спортшы.
Әнуар Сариев – парадзюдодан Паралимпиада лицензиясын иеленген алғашқы қазақ спортшысы. Әрине, лицензияға қол жеткізу оңай болған жоқ. Бұл үшін жаттығуларға үзбей қатысып, тер төкті. Бірнеше халықаралық додада бақ сынады. Сондай сайыстың бірі – 2015 жылы Кореяның Сеул қаласында өткен мүмкіндігі шектеулі спортшылардың бүкіләлемдік ойындары. Сол сайыста 60 килода белдескен парадзюдошы қола медаль иеленіп, Рио-де-Жанейро Паралимпиадасының лицензиясына қол жеткізген еді.
– Бұл – алғаш рет қатысқан Паралимпиада. Басқа сайыстарға қарағанда, төрт жылда бір өтетін Паралимпиаданың жөні бөлек. Сондықтан әр спортшыда қобалжу болатынын жасырмаймын. Жаһан жұрты көз тіккен дүбірлі доданың ширек финалында әзербайжандық Рамин Ибрагимовке есе жіберіп алдым. Ал жұбаныш белдесуінде аргентиналық Эдуардо Гаутоны ұтып, қола медаль иеленуге бір қадам жақындай түскен едім. Бірақ қола медаль үшін тартыста Уругвай спортшысы Хенри Борхес жолымды кесіп кетті. Сөйтіп, алғашқы Паралимпиадада ел қоржынына жүлде сала алмағаныма өкіндім, – дейді Әнуар Сариев.
Алайда бұл сәтсіздік қайсар спортшыны мұқалта қойған жоқ. Шарболаттай ширыққан парадзюдошы жеке бапкері Жандос Қияновтың кеңесін бұлжытпай орындап, жаттығуға бел шеше кірісті. Мақсаты – Токио Паралимпиадасынан жүлде алу.
– Токио Паралимпиадасында 60 килодағы менің салмағымда қарсылас көп болды. Бір салмақта менімен бірге 12 спортшы сынға түсті. Бәрі де – өз елінің мықты спортшысы. Сәл қателікке бой алдырсаң, қапыда қалдыруға дайын тұр. Оның ішінде шеберлігі шыңдалған ең мықты парадзюдошылар бар. Әсіресе маған финалдағы сайыс қиынға соқты. Себебі финалда Әзербайжан өкілі Вугар Ширинлимен кездестім. Ол 2017 жылға дейін денсаулығында кінәраты жоқ спортшылар арасында жарыстарға қатысып, бес үздік дзюдошының қатарына кірген. Ақтық сында алдымен қарсыласым базари ұпайын еншіледі. «Енді намысқа тырысу қажет» деп ой түйдім. Сөйтіп, оның осал тұсын тауып, мен де базариге қол жеткіздім. Бұдан соң екі рет әдіс қолдануға тырыстым. Бірақ әдісім сәтті шықпады. Бастапқыда қолым ұстаған жерінен сусып кетті. Келесіде Ширинли айлалы әдісімді орындауға мүмкіндік бермеді. Сәл босаңсыған сәтімде қарсыластың қақпанына түсіп, уыста тұрған алтын медальды еншілей алмадым, – дейді Токио Паралимпиадасының күміс жүлдегері Әнуар Сариев.
Паралимпиаданың күміс жүлдегері татамиге қайта оралды. Енді ол Парижде өтетін Паралимпиаданың лицензиясын иеленуді көздеп отыр. Салмағы бұрынғыша 60 кило. Былтырғы желтоқсанда Жапонияда парадзюдодан «Tokyo open» халықаралық турнирінде бақ сынады. Бұл жолы ол қола жүлдені місе тұтты.
Ал жақында Португалияның Алмада қаласында өткен парадзюдодан Гран-при турнирінде топ жарды. Алдымен Корея, Испания және Грузия елдерінің өкілдерінен басым түсті. Ақтық сайыста грузиннің тағы бір балуаны Нукримен белдесу 11 минутқа созылды. Екі спортшы бір-бірінің осал тұсын іздеп, әбден ширықты. Жаттықтырушылардың да, жанкүйерлердің де дегбірін тауысқан тартысты кездесу Әнуардың пайдасына шешілді. Сөйтіп, ол Гран-при сайысының алтын медалін иеленді.
– Менің бір арманым бар. Ол – Паралимпиадада еліміздің Әнұранын шырқатып, Көк байрақты желбірету, – деп алдағы мақсатымен бөлісті парадзюдошы.
Атырау облысы