Әдебиет • 17 Ақпан, 2023

Кофе және әдебиет 8

189 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кейде таңғы кофеңді ішіп отырып, Гогольдің «Өлі жандар» шығармасындағы Чичиков есіңе түседі. Ол кітап оқуды сұмдық жақсы көреді. Оған не оқыса да бәрібір – көркем ойдан емес, адамның әріптерден сөз, сөздерден мәнді сөйлем құрауынан ләззат алатын. Бүгінде жаһандық мәселеге айналған «кітап оқымау» хақында сөз қозғай қалсақ, қоңыр әуенге ­салып, рухани құндылықтары құлдыраған қоғамға көңіліміз толмай, әсіресе жастарға кейістік білдіріп жатамыз.

Кофе және әдебиет 8

Жер бетіне алғаш саналы жаратылыс иелерінің ізі түскен уақыттан бері әдебиетте оқырман деген асыл қауым бар. Талғамы биік оқырманның классикалық өнерге қызығуымен әдебиеттің салқар көші қазіргі межеге жетті – бәлки, кері кеткен де болар. Техниканың оза дамыған дәуіріне аяқ басқан әдебиет те, оны сүйер оқырман да шапқын жорға жүрісінен жаңылып, жол жорғалап келеді. Оның жалғыз себебін ғаламторға балап жүргендерге әсте қосылуға болмас. Керісінше, ғаламтордың кітап оқуға тигізер пайдасы орасан. Өкініштісі сол, мәселе ғаламторда емес, адамның өз еркінде, жүрек қалауында болып отыр. Көркем дүниеге қажеттілік болмаған соң, оқырман өз аяғымен шығармаға келмеген соң, қобыз сарынға салып, «оқымайдылап» атқа теріс мінгізіп, ұлардай шулаған біздікі не әуре осы дейсің. Жұрттың бәрі жапатармағай кітап оқып жатса, әрине, үлкен қуаныш. Бірақ... Лев Толстойдың: «Келешекте жазушылар біз сияқты том-том шығармалар жазбауы мүмкін. Тіпті көркем нәрселерге бару да бірте-бірте тыйылуы мүмкін. Мақалалық нәрселермен шектеліп, соны әдебиет деп есептеп, сондай бағытқа ауып кетуі мүмкін» деген сөзі расқа айналып келе жатқан қоғамда кітапқұмар қауымның азаюы заңдылық секілді.

Тіпті осы күні кітап ұстағандарға қызыға қарайтын көзқарас пайда болыпты. Өзі де оқы­ғысы келіп, бірақ мойны жар бермейтіндіктен қызығуы мүмкін немесе кешегі Кеңес заманының сарқыншағын көріп, «сен әлі тірі ме едің» дегендей мүсіркей қарайды. Расында, ешкімді кітап оқуға мәжбүрлей алмайсың. «Кітаби даналықтан ақымақтың топастығы екі есе танылады» деген Ж.Мольер сөзінің кері келуі әбден мүмкін. Оқырманның да, шығарманың да шынайы болғаны құба-құп. Сол шынайылықтың бүгінгі кейіпіне тура, шартарапты шолып көрейікші. Кім қалай оқып жүр екен?

Ең оқымысты халық Қазақстан емес – екібастан. Тіпті іргеміздегі Ресей десеңіз де қателесесіз. Көп оқитын біреу болса, Қытай немесе Испания деп ойладық. Бірақ көп кітап оқитын мемлекет Исландия деп танылыпты. Бәлки, бұл исландиялықтардың ауа райына, табиғатына һәм менталитетіне байланысты шығар. Ол жақта жыл сайын мыңға жуық кітап шығарылып, кемі жарты мыңнан басталып, он мың данаға дейінгі тиражбен жарық көреді. Бір қарағанда аса көп болып көрінбегенімен, елдегі халық санының аздығын ескерсек, 1 мың адамға 3 кітаптан айналады. Исландиялық баспагердің сөзінше, ондағы әр алтыншы тұрғын роман жазады. Тіпті бұл мемлекетте «Әр адамның жүрек түкпірінде жазылмаған кітап бар» деген мәтел де жатталып қалған. Алақандай елге тым жақсы нәтиже. Ал біздегі баспадан жарық көріп жатқан кітаптардың тираж саны мың данадан аспайтынына уақыт өте көзіміз үйреніп келеді.

Кейде бізге Жер бетіндегі барша адам кітап оқуды сүйетін секілді көрінеді: біреу – заманауи прозаны, енді біреу – фантастикалық шығармаларды, біреу – классиканы оқығанды ұнатады. Тіпті сүйіп оқымаса да, әйтеу әріп танитыны хақ. Бірақ біз қателесіппіз. Сауатсыздық һәм қара танымау – әлі де бәз баяғыдай түйткілді проблема қалпында екен. Өкінішке қарай, әлемдегі әр бесінші ересек адам оқи да, жаза да алмайды. Бұл статистика көбінесе Оңтүстік және Батыс Азия, сондай-ақ Сахара шөлінен оңтүстікке дейінгі Африка елдерінде көрінеді. Әлқисса.

Кітап оқуды жан-тәнімен жақсы көретін қауымның арасында библиоклептомания деген бір ауру бар. Бұл ауруға шалдыққандар ешқашан кітапты сатып алмайды, яки сұрап әуре болмайды: ұрлап алады. Және осы тірлігінен дым ұялмайтындары һәм ешқашан қоя алмайтындары қызық. Әлемдегі әйдік кітап ұрлағыштардың бірі һәм бірегейі Стивен Блумберг болыпты. Ол 300 кітапханадан жиырма мыңнан астам тәуір кітаптарды жымқырған. Кітап ұрлау да өнер ме дейсің. Осы бір «қасиетті» мақсатқа жетер жолда Стивен кітапханаға желдету жүйесі немесе лифті шахтасы арқылы кірген. Стивеннің тар жолда тайғақ кешіп жүріп жеткен кітаптарын көрер ме едік.

Жалпы, дүниежүзіне көз салсақ, кітап оқыту саясатына қарап таңғаласың. Мәселен, Бразилия түрмелерінде сотталушыларды кітап оқуға ынталандыратын арнайы бағдарлама бар. Ереже бойынша, әр оқылған кітап жаза мерзімін 4 күнге азайтады. Сонда, ең көп дегенде, жазасын өтеуші кітап оқып, бір жылда жалпы мерзімнен 48 күнді қысқартып, бейбіт өмірге жоспардағыдан аз-кем ертерек шығуға мүмкіндігі бар. Мойындау керек, кей елдерде түрмедегі былай тұрсын, еркін халықты оқуға шақыруға, жалпы әдебиеттің, руханияттың дамуына қандай да бір амал-шара жасалуы сирек.

Сонымен, қазір бізге кітап оқығанның бәрі сұлу һәм қадірлі. Кітап о бастан мәдениеттің бас­тауы саналғандықтан, кітап оқу – мәдениеттің белгісі, кітап оқыған адам әрқашан мәдениетті. Осы бір ақ-адал ойымыз ақталып, азғана әде­биетсүйер қауым көбейсе екен дейсің.