01 Маусым, 2010

“ЕГЕМЕННІҢ” АРДАҚТЫСЫНА ЕСКЕРТКІШ ОРНАТЫЛДЫ

627 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Егемен ел атанып, тәуелсіздікке енді қол созып отырған шақта ұлы­лар еліндегі іргелі білім орда­лары­ның бірі – Саржал орта мектебіне 37-ші жылғы зұлматтың құрбаны болған жалынды журналист, осы елдің тумасы Шәймерден Тоқ­жігітов­тің есімі берілген еді. Іле сол кездегі мектеп директоры Сәкен бауыры­мыздың бастамасымен мектепте Тоқжігітов мұражайы ашылды. Ал одан бергіде аталған мек­тептің тағы бір түлегі, филология ғылымдарының докторы, профес­сор Арап Еспенбетовтің жинас­тырып, құрастыруымен небәрі 36 жасында опат болған журналистің артында қалған еңбектері “Уақыт бедері” деген атпен жеке кітап бо­лып жарық көрді. Ал өткен жылы ел газеті “Егеменнің” 90 жыл­ды­ғы­на орай осы автордың осы басы­лымда Шәймерден Тоқжігітов ту­ра­лы көлемді мақаласы жария­ланды. Соның бәрі бекерден бекер емес-ті. Иә, Шәймерден – сол шақ­та енді қалыптаса бастаған қа­зақ журналис­ти­касына бір кісідей-ақ еңбек сіңірген адам. Айталық, Мұхтар Әуезовтің қыз­меті Орын­борға ауысқан соң ол “Қа­зақ тілі” (қазіргі “Семей таңы”) газе­ті­­нің тізгінін қолына алады. Оның газет жұ­мы­сын жандан­ды­ру мақ­­сатымен Керекуде сот қызметін атқарып жүр­ген Сәбит Дөнентаев сын­ды талантты ақынды қыз­мет­ке шақыратыны да осы кез. Оның ал­дын­да Шәй­мер­ден  Мұх­тар аға­сымен бірге Семейде шы­ғып тұрған “Таң” жу­рналын шы­­ғаруға атса­лыс­қан. Ал бұдан сәл кейі­ніректе Тоқжігітов “Жар­шы” жур­налын бас­қа­рады, ал 1925 жылы қа­зақ өлкелік пар­тия коми­те­тінің ұйғары­мы­мен “Ең­бек­ші қазақ” (қазіргі “Еге­мен Қазақ­стан”) газеті редакторының  орын­басары болып іске кіріседі. Бұл кісі аталған газетке басшылық жасап­ты деген де сөз бар. Оны нақты құ­жат­­пен дәлелдеу алдағы күндердің еншісінде. Қалай болғанда да оның өз заманында үш публицистикалық кі­тап шығарып, жоғарыда айтқан­дай қазақ журналистикасының да­муына зор үлес қосқаны шындық. Мұның сыртында Тоқжігітовтің Қар­қаралы уездік партия комите­ті­нің бірінші хатшысы, Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесі жа­нындағы көркемөнер басқармасына басшылық жасап, баспасөзбен бірге мемлекет жұмысына да қызу ара­ласқаны белгілі. Соның бәрін ескерген Шәй­мер­ден Тоқжігітов атындағы Саржал орта мектебін осыдан жиырма жыл бұрын бі­тір­ген түлектер мектеп алдында осы елден шық­қан баспасөз ардагері, қоғам қайраткерінің ес­керткіш бюстін ашуға демеуші, бастамашы болды. Тегінде бұл тың бастама мектептің бұдан кейінгі түлектеріне де жұғысты болса дейсің! Ал бұл игі шаруаны аталған мектеп мұғалімі, қолынан өнер тамған шебер Ертіс Тәтиев жеріне жеткізген. Сөйтіп, баспасөз ар­дақ­тысына ескерткіш би­ылғы соңғы қоңырау ал­дында салтанатты жағ­дай­да ашыл­ды. Осы шараға Семейден ар­найы келіп қатысқан сондағы құ­рылыс кол­леджі­нің директоры, қа­ла­лық мәс­ли­хаттың депутаты, Шәй­мер­ден аға­ның немере інісі Кенжеғазы Тоқ­жігітов оның мек­тептегі мұражайына құнды бір құжатты табыс етті. Ол құжат сол шақта іс басында жүрген Ш.Тоқжігітовтің Ресейдің Алтай өлкесі құрамына кетіп бара жатқан оншақты елді мекеніміздің Қазақ еліне қайтарылуына қалайша үлес қосқанын айғақтайды. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы.