Аймақтар • 17 Ақпан, 2023

Алғыс айту күні Алматы облысында жаңа форматта ұйымдастырылады

1827 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алғыс айту күні Алматы облысында жаңаша форматта кеңінен аталып өтпек. Атаулы датаны мерекелеу 20 ақпаннан 1 наурызға дейін жалғасады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алғыс айту күні Алматы облысында жаңа форматта ұйымдастырылады

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Алматы облысы Этносаралық қатынастарды дамыту бөлімі – Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының басшысы Жандар Асан жоспарланып отырған іс-шараларға тоқталды.

«Мерекелік онкүндік 20 ақпанда «Алғыс айту күнінің басты идеясы не?» тақырыбында эссе жазудан мектеп оқушылары арасындағы облыстық байқаудан басталады. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған сайыстың мақсаты – жастар арасында атаулы күннің мән-маңызын кеңінен насихаттау, өскелең ұрпаққа мерекенің идеологиялық құндылығын жеткізу», деді Жандар Асан.

Ал «Almaty region PUBLIC LECTURE» атты циклды дәрістер сериясының басты мақсаты – өскелең ұрпақты мейірімді болуға, адами қасиеттерді сақтауға, ұлтжандылыққа үндеу. Іс-шара аясында белгілі тұлғалар, түрлі салада жетістікке жеткен азаматтар, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері бірлік, қоғамдық келісім, қазақстандық патриотизм тақырыптары шеңберінде өңір жастарымен тағылымды ойларын бөліспек.

Мерекелік іс-шаралар шеңберінде Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктердің ұйытқы болуымен «Жүректен – жүрекке» қайырымдылық акциясы да өтпек.

Ал «Бүгінгі күннің батырлары» жобасының басты мақсаты – түрлі салаларда адал еңбек етіп жүрген азаматтарды жан-жақты дәріптеу.

«Алғыс айту мерекелік он күндігі аясындағы негізгі іс-шаралар 1 наурызда облыс орталығы – Қонаев қаласында ұйымдастырылады. «Рақмет саған, Qazaqstan!» жалпы атауымен өтетін іс-шаралар «Бір ұлт. Бір мақсат. Бір құндылық» этностардың мәдениет көрмесімен ашылады. Толеранттылықтың айқын көрінісі ретінде айшықталатын этностардың мәдениет көрмесі шеңберінде өңірдегі 10 этномәдени бірлестік өздерінің ұлттық салт-дәстүрі мен мәдениетінен сыр шертетін жәдігерлерді көпшілік назарына ұсынбақ», деді спикер.

Мерекелік іс-шаралар аясында «The Spirit of Ethnos» атауымен мәдени фестивалі де ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар өңірдің өркендеуі жолындағы қажырлы қызметі мен ұлтаралық татулықты дәріптеуге сіңірген өлшеусіз еңбегі үшін бірқатар азамат Алматы облысы әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталады.