Тарих • 19 Ақпан, 2023

Корейлер тартқан тауқымет

484 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеңес өкіметі тұсында 1930 жылдары Қазақстанға жер аударылған корейлердің тағдыры ұзақ уақыт бойы жабық тақырып болып келді. Архив деректеріне қол жеткізу қиын болғандықтан, олар­дың ауыр тағдырын объективті зерттеуге мүмкіндік болмады.

Корейлер тартқан тауқымет

«Архив-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ұлттық архивтің қызметкерлері Ресейдің мемлекеттік экономика архивінде (РМЭА, Мәскеу қаласы) депор­тациядан кейінгі алғашқы жыл­дардағы Қазақстандағы корей­лер­дің өмірі туралы бұрын құпия болған құжаттарды анықтады. Нақ­тырақ айтсақ, Ресейдің мемлекеттік экономика архивіндегі «КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігі. Қоныс аудару бюросы» атты №5675 қорда Қазақ КСР-не корей қоныс аударушыларын шаруа­шылыққа орналастыру жөніндегі іс-шаралар жоспары, олардың тұр­мыстық және шаруашылық құ­ры­лымы туралы құжаттар сақ­талған.

ыв

Құжаттар, ең алдымен, қо­ныс аударушылардың депортация­дан кейінгі жылдардағы жағдайының тым ауыр болғанын көрсетеді. 1938 жылы Қызылорда облысын­да қоныс аударушылар отыр­ғызған күріштің көп бөлігі қурап қалады. Себебі дәл сол жылы қуаң­шылыққа байланысты Сыр­дың суы тартылып қалған еді. Осының салдарынан 3 900 қоныс аударушы шаруа қожалығы аш­тыққа ұшырады.

Құжаттарға сәйкес Оңтүстік Қазақстан облысында 1939 жылы қатты құрғақшылық болып, Луго­вое, Пахта-Арал, Жамбыл, Свер-д­лов­ск және Түлкібас аудандарында астықты суаруға су тапшы болды. Дәл 1938 жылдағыдай кү­ріш дақылдарының көп бөлігі қу­рап қалды. Алматы облысын­да да осындай жағдай орын алып, депортацияланған корейлер өте қиын жағдайға душар болды. Оларға азық-түлік таратып, шұғыл көмек көрсетпесе, іс насырға шабатын еді.

Осындай қиын жағдайға қара­мастан, ауыл шаруашылығы халық комиссариаты Оңтүстік Қазақстан облысында мелиора­ция жоспарын әзірлеуді жалғас­­тыра берді. Сол жоспар­ды жүзеге асыруға біздің елге жер аударылған корейлер шақырылды.

Қазақстанның оңтүстік өңір­леріне қоныс аударған корейлерге жерді мелиорациялау­ды ұйымдастыру және күріш ша­руашылықтарын құру жүктелген болса, республиканың ор­талығы мен солтүстігінде корей­лер жұ­мыс істеп тұрған кол­хоз­дарға қо­ныстанып, 1930 жыл­дардағы аштықтан кейін қа­ңырап бос қалған жерлерге орналастырылды.

Сондай-ақ билік корей ба­лық аулау шаруашылықтарын ұйым­дастыру міндетін алға қой­ды. Бірақ бұл жобалар көбіне қағаз күйінде қалды. Мәселен, Ақтөбе облысында 1938 жылы екі корей колхозы гектарына 3-4 центнерге дейін, қалған екеуі 1-2 центнерге дейін күріш өнімін алды, ал егу нормасы гектарына 2,5-3 центнер болған еді. Бұл үлкен апат, шаш-етектен шығын болатын. Жаңа колхозшыларды азық-түлікпен қамтамасыз ету балық аулау есебінен болады деп жобаланды. Бірақ корейлерде қайық та, тор да болмағандықтан, оның үстіне жазда оларды құрылыс жұмыстарына жегіп қойғандықтан, балық аулап жарытпады. Сондықтан күзге дейін колхоздарды азық-түлікпен қамтамасыз ету нәтиже бермеді.

Қазақстанда корей шаруаларын қоныстандырудың бастапқы жоспары кеңес одағы Халық ко­миссарлары кеңесінің 1938 жылғы 20 ақпандағы қаулысы не­гізінде жасалды. Онда жаңадан құрылатын ұжымшарларға 10 096, бұрыннан бар ұжымшар­ларға 4 504, балық аулау базаларына 2 400, кәсіпорындар мен мекемелерге 3 530 корей отбасын жіберу көз­делген.

Осылайша, 1938 жылы, мәсе­лен, Солтүстік Қазақстан облысында 776 шаруаны біріктірген 5 дербес корей ұжымшары болды. Оның ішінде 3 дербес ұжым­шар­да 448 шаруа болды, жұ­мыс істеп тұрған 7 ұжымшарда 153 корей шаруашылығы салынды, Қа­рағанды облысында 687 корей отбасы ұжымшар жұмысынан тыс балық аулаумен айналысты.

Жаңа корей ұжымшарларының көпшілігі теміржол вокзалдарынан алыс жерде ұйымдастырылды. Бұл олардың сыртқы әлеммен байланысын шектеу мақсатында жасалды. Өйткені ел басшылығы ешқандай себеп болмаса да, олардан тыңшылық жасайды деп күдіктенді. Жаңадан құрылған корей ұжымшарларын құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету сын көтермеді. Сол себепті жаңа қоныстанушылар үшін тұр­ғын үй құрылысы кеш басталды, кейін ол 1939 жылға ауыстырылды. Дереккөздерде көрсетілгендей, құрылысты жолға қою мүмкін болмады. Алдымен оны НКВД басқарды, содан кейін бұл жұмыс «Спецстрой» ұйымына тапсырылды, ал 1938 жылы мамырда КСРО Халық егіншілік комиссариатына жүктелді.

Яғни 1938-1939 жылдардағы қысты тәуелсіз корей ұжымшар­лары баспанасыз, мектептерсіз, фельдшерлік пункттерсіз өткізді. Олар қазылған блиндаждарда қақаған аяздардан жан сақтады.

Қостанай облысында 60 корей баласы оқуға бармады, өйт­кені олар орыс тілін мүлдем біл­меген. Халық комиссарлар ке­ңесінің 1938 жылғы 16 қазан­дағы қаулысымен Қостанай облыс­тық атқару комитетіне осы балаларды орыс тіліне оқытуды ұйымдастыру ұсынылды.

Жұмыс істеп тұрған ұжым­шар­ларға қоныстанған корейлерге де үй салып беру керек еді, бірақ бұл да дер кезінде орындал­мады. Оларды жергілікті халық өз үйлеріне алып, қыстың суығы­нан аман сақтап қалды. Көп ұза­май мемлекеттің оларға үй салып бермейтіні белгілі болды. Үкі­мет корейлерді үймен қам­тама­сыз етуді сол ұжымшарлардың мой­нына іле салды. Осы­лай­ша, Қазақстандағы корей­лер­ді билік шын мәнінде тағ­дыр­дың талқысына тастады деп ай­туға болады. Олар тек жергі­лік­ті ха­лықтың қолдауы мен қам­қор­лы­ғының арқасында ғана аман қалды.

 

Сағила НҰРЛАНОВА,

Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің директоры