
Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Кеңес заманында шағын ауылдарда сегіз жылдық мектеп болатын. Орта мектепті аяқтау үшін түлектер маңайдағы мектеп-интернатқа барып, білімін жалғастыратын. Ал мен Үлгі сегіз жылдық мектебін бітіріп, әрі қарай білімімді жалғастыруға Петропавл қаласындағы №2 Әбу Досмұхамедов атындағы қазақ мектеп-интернатын таңдадым. Облыс орталығындағы қарашаңырақтың табалдырығын имене аттағаным әлі күнге дейін есімде. Қала көрмеген қарадомалақтарды мұнда жүзінен мейірім шуағы төгілген тамаша ұстаздар қарсы алды.
Қазақ тілі мен әдебиетінен Әлия Ғалымқызы Малдыбаеваның бізге сабақ беретінін естігенде, шыны керек, қатты толқыдым. Әкесі елімізге танымал журналист, атақты «Қырым қызының» авторы, белгілі қаламгер Ғалым Малдыбаевты өңірде білмейтін жан жоқ. Сондай әйгілі адамның қызынан білім алу – қандай бақыт. Ұстазымыз ажарлы, даусы күміс қоңыраудай сыңғырлап тұр екен. Ал аппақ жүзінен алтын шапақ нұр төгіліп тұр ғой. Сыныптағы отыз оқушы 45 минут бойы апайымызды мұқият тыңдаймыз. Содан бері отыз жылдан аса уақыт өтті. Баяғы ауылдан арман қуып келген қарагөздердің алды қазір ата-әже атанып отыр. Ал біздің Әлия Ғалымқызы бұрынғыша әдемі, ақ жүзіндегі оймақтай ғана қара мең артта қалған жәудір жастығының куәсіндей.
Қылышынан қан тамып тұрған кеңес заманында Қызылжардың «маңдайына» біткен жалғыз қарашаңырақ мектеп-интернатта тапжылмастан табаны күректей 43 жыл жұмыс істеу, ұстаздық ету – екінің бірінің тағдыр-талайына бұйырмаған бақ. Әрі бұл қажырлы еңбек пен төгілген тердің тәтті дәмі. Мерейлі мұғалім 43 жылда мыңдаған шәкіртті өмір баспалдағына ақ батасын беріп шығарып салды. Соның ішінде Әлия Ғалымқызының 100-ге жуық шәкірті өзінің жолын қуып, жер-жерде ұстаздық етіп жүр. Бұдан асқан бақыт бар ма.
С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін аяқтаған жас маман әкесі мен ағасы Шашубайдың ақылын тыңдап, Петропавл қаласындағы №2 қазақ мектеп-интернатына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызметке орналасады. Ол кезде ұжымда бірыңғай жасы үлкен ұстаздар жұмыс істейтін. Жалпы, интернаттың жұмыс жүйесімен Әлия Ғалымқызы бұрыннан таныс. Мұнда алдындағы апа-ағалары Ақбаян мен Шашубай, сіңлісі Алма, інілері Алтай мен Шәкірбай оқыған. Жас мұғалімге ұжымға сіңісу қиындық туғызған жоқ. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі Мәриям Мырзатаева оны қанатының астына алып, зор қамқорлық танытты. Ол кісіден үйренгені өте көп. Әсіресе оқушының дәптерін тексеруге ерінбеуге, ол мұғалімнің грамматикалық сауаттылығын арттыратын тамаша әдіс екенін жете түсіндіргені Әлия Ғалымқызының осы күнге дейін есінде. Оқушыны кітап оқуға баулуға, сыныптан тыс оқу мәселесіне жете көңіл бөлуге үйреткені де жадында. Осылайша, өмір ағысына еркін ілесіп, еңбекпен табылған нанның тәтті екенін түсіне бастады. Өз пәніне деген құштарлық пен сүйіспеншілік күн санап арта берді. Кейіннен ұстаздың жолын қуған алғашқы шәкірттері де шыға бастады. Бұл ретте қазіргі күні М.Қозыбаев атындағы университеттің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Жанар Таласбаева, Жанар Құлыбекова, ғылыми-зерттеуші Назым Өмірсейітова, Гүлнар Бекенова, озық инновациялық әдістемелерімен елімізге таныла бастаған білікті ұстаз Зухра Ауғанбаева, тағы басқаларды атап өтуге болады.
– Тәуелсіздік өмірімізге жақсы өзгеріс әкелді. Ғұмырымдағы жауапты кезең осы тұс еді. 1989 жылы мемлекеттік тілге ерекше мәртебе берілген тұста өмір бойы «Петропавл орыс қаласы» деген пікірге де өзгеріс ене бастады. Сол уақытқа дейін қаладағы №2 мектеп қазақ тілінде білім беретін жалғыз оқу орны болатын. Одан кейінгі қарашаңырақ облыстық «Ленин туы» газеті-тін. Қаланың бәрі орыстілді қазақтар. Олардың балалары орыс мектебінде оқыды. Оның ішінде өзіміз ұстаздық еткен мектеп мұғалімдерінің балалары да бар. Облыс аумағында қазақ тілі мұғалімдері де тапшы еді. Қазақ мектептері аз, қазақ тілі сабақтарына сағаттың аз бөлінетін кезі. 1989-1990 оқу жылында облыстық білім басқармасы мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру жайында ерекше бастама ұсынып, №2 қазақ мектеп-интернатының сол кездегі директоры Қарахан Сейітке өңірге тіл мамандарын даярлау үшін осы мектептен қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын арнайы сыныптар ашу мәселесін күн тәртібіне қояды. Арнайы бұйрық шығарылды. Жауапты жұмыс маған жүктелді. Әрине, алғашқыда келіспедім. Қандай да бір түсінік хат, не оқулық, не бағдарламасы жоқ бұл сыныптарға сабақ беру жеңіл болмайтынын түсіндім. Бағдарлама 9-11-сыныптарға арналуы керек. Әйтсе де қарап отыратын уақыт жоқ, сонымен істі бастауға тура келді. Бағдарламаны өзім жасауға бел будым. Ғалымдардың еңбегіне сүйеніп, күн-түн отырып жаздым, сөйтіп, бағдарлама да дайын болды-ау, – деп еске алады қадірменді ұстаз.
Өткен күндер де тарих шежіресіне айналды. Осы оқиғаның өзі ерлікпен пара-пар еді. Сол тұстағы мектеп директоры, жалпы ұжым Әлия Ғалымқызына ерекше сенім артты, ал ұлағатты ұстаз сол үдеден шыға білді. 1992 жылы тереңдетілген сыныптың алғашқы қарлығаштары (22 оқушы) Петропавл, Көкшетау, Алматы және басқа да қалалардағы жоғары оқу орындарының филология факультеттеріне түсті. Әсіресе Петропавл мен Көкшетауға түлектер көп барды. Осылайша, тереңдетілген сыныпты үш сыныптың оқушылары бітіріп шықты. Әр сыныпқа 27 оқушы қабылданған еді. 1990 жылдардың басында М.Қозыбаев атындағы университетте де қазақ бөлімдері ашыла бастады. Соның бірі қазақ филологиясы факультеті-тін. Әлия Ғалымқызының шәкірттері факультеттің табалдырығын аттап, маман ретінде облыс аумағындағы мектептерге жұмысқа орналасты. Сол жылдары қазақ классикалық гимназиясы, №19 қазақ гимназиясы, №18 Әл-Фараби мектеп-лицейі, Ж.Тәшенов атындағы №20 мектептердің шаңырағы жарқырай көтерілді.
Ал Әлия Малдыбаева апайымыз қызмет атқаратын №2 қазақ мектеп-интернатының мәртебесі өзгеріп, Қазақ гимназиясы, кейін Дарынды балаларға мамандандырылған Кеңес Одағының Батыры Әбу Досмұхамедов атындағы мектеп-гимназиясына айналды. Дарынды балаларға білім беру мәселесі күрделене түсті. Арнаулы курстар ашуға тура келді. Осы кезде де тығырықтан Әлия Ғалымқызының ұстаздық-зерттеушілік қыры алып шықты. Өңірдің оқулықтарға енбей қалған ақын-жазушыларының шығармашылығына арнап «Есіл өңірінің әдебиеті», «Мағжантану» сияқты бағдарламалар жасады. Олардың ішінде Шал ақын, Әлібай Игібаев, Зейнел-Ғаби Иманбаев, Ахметжан Нұртазин, Ғалым Малдыбаев, Герольд Бельгер, Есләм Зікібаевтар болды. Бұл жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығын таныстыру мақсатында 10-сыныпқа негізделген оқу жоспары-тын. Сол кездері ұстаздар қауымы Астана қаласындағы «Дарын» ғылыми-практикалық орталығымен етене жұмыс істеді. Осы орталықтың қолдауымен 8-сыныпта қазақ тілін бейіндік оқыту, 5-сыныпта «Лексиканы оқыту» әдістемесі, 5-6-сынып оқушыларына арналған «Әдебиет – этноэкологиялық рухани бұлақ» деп аталатын әдістемелік құралдар жарыққа шықты.
Мұғалімнің жемісті еңбегінің нәтижесі білім жарысында көрінеді. 1988 жылы Алматыда қазақ тілі мен әдебиетінен тұңғыш рет республикалық олимпиада ұйымдастырылды. Осы додада Әсия Ғалымжанқызының шәкірті Анар Нұрпейісова жүлделі екінші орынды иеленді. Ал 1991 жылы республикалық олимпиадада 9-сынып оқушысы Фарида Тұяқова І дәрежелі дипломмен марапатталды. Одан кейін Жанар Рамазанова топ жарып, жүлделі екінші орынды екі мәрте жеңіп алды. Ботагөз Сәдуақасова, Ақбота Әліпова, Нұржан Сейілбеков және тағы да басқа оқушылар білім додасында жоғары нәтижесімен көзге түсті. Қазір осы шәкірттердің бәрі де жауапты қызмет атқарып, еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып жүр.
Мектепте ұстаздық етіп жүрген жылдары Әлия Ғалымқызы республикалық, облыстық газет-журналдарға мазмұнды мақалалар, зерттеу еңбектері мен әдістемелік кеңестер жазды. Қарап отырсақ, олардың саны 400-ге жетіп жығылады екен. Солардың ішінде «Мағжанның ақындық-азаматтық тұлғасы», «Абай жолы – халықтық педагогиканың қайнар көзі», «Зейнел-Ғаби Иманбаев шығармашылығының көркемдік сипаты», «Қырым қызының» қырмызылығы туралы» (әкесі Ғ.Малдыбаевтың шығармашылығы жайында), «Тұншыққан тілге тыныс керек», «Ар-ұятым, асылым – тілім менің» секілді көкейкесті мәселелерге арналған материалдар қазіргі күннің өзекті тақырыбын қозғады. «Қазақстан мектебі», «Қазақстан мұғалімі» басылымдарында жастарға арналған көмекші әдістемелік нұсқаулықтары жарық көрді.
2005 жылы тіл саясатын жетілдіруге байланысты Білім департаменті облыста қазақ тілі мен әдебиеті зертханасын ашу туралы бұйрық шығарды. Сенім бұл жолы да Әлия Ғалымқызының мойнына түсті. Сөйтіп, білікті ұстаз зертхана жетекшісі болып тағайындалды. Зертхана Әлия Ғалымқызы қызмет ететін №2 мектептің базасында ашылды. Оған 17 мұғалім мүше болды. Әрине, оның көбі жастар еді. Мақсат – ұлттық мектептерде қазақ тілін инновациялық тұрғыдан тиімді оқыту. Зертхана жұмысы аясында түрлі ашық сабақ үлгісі, тақырыптық семинарлар, өнерлі оқушылардың шығармашылығын дамыту сияқты іс-тәжірибелер көрсетілді. Мәселен, Шал ақын ауданының Сергеевка қаласындағы №2 қазақ мектебінде, Аралағаш орта мектебі мен Бескөл қазақ мектебінде көшпелі зертхана отырыстары ұйымдастырылды. Кейін облыстық Білім жетілдіру институтының көмегі арқылы «Пайдалы нұсқаулық» деген атаумен жинақ жарыққа шығып, өңірге таратылды. Бұл да өңірдегі жас мамандарға көрсетілген үлкен қолдау еді.
2011 жылы аяулы ұстазымыз заңды түрде зейнеткерлікке шықты. Мектеп директоры, марқұм Гүлжан Жұмашқызы оны босатқысы келмей, 2018 жылға дейін жұмыс істеуге мүмкіншілік берді. Әлия апайымыз аз сағат алып, мектеп мұражайының қызметін ретке келтірді. Ұстаздар мен оқушылардың мәліметтерін кеңейтіп жетілдірді. Бұл мектептің сонау 1935 жылы ашылғанын біреу білсе, біреу білмейді. Міне, осындай игі істерді үлкен ыждаһаттылықпен атқарған Әлия Ғалымқызы қазір өмірлік қосағы Серік ағай екеуі немерелерінің ортасында шат-шадыман ғұмыр кешіп отыр.
Ұлы Мағжан ақыннан «Алты Алаштың баласы жиылса, төр – ұстаздікі» дейтін бір тамаша тәмсіл қалған. Адамзат қай кезеңде де ұстазға ерекше құрмет көрсетіп, пір тұтқан. Ал маған мына жарық дүние аяулы ұстаздардың арқасында гүлденіп, құлпырып, шуақ шашып тұрғандай болады.
Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ,
журналист, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты