Қоғам • 19 Ақпан, 2023

Дабыл батырмасы жоқ көлікке жол ашық

235 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Енді елімізге кемі бір жылға дейін SOS батырмасы орнатылмаған автокөліктер әкеліне береді. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінде шешім қа­был­данды. Мұндай шешімнің қабыл­дануына Қазақстан тарапы бас­та­­машылық еткен. Осылайша, жеке автокөлікті SOS батырмасымен мін­детті жарақтандыруды қол­да­нысқа енгізу мерзімі 1 жылға ұзар­ды.

Дабыл батырмасы жоқ көлікке жол ашық

ЕАЭО елдерінің аумағына әкелінетін N және M (жүк және жолаушы) санатындағы жеке авто­көлікті шұғыл және жедел қыз­меттерді шақыру құрыл­ғы­ларымен (SOS батырмасымен) жарақтандыру жөніндегі та­лаптар Кеден одағының тех­­никалық регламентінде айқын­­далған. 2024 жылғы 1 ақпанға дейін ЕАЭО елдері­нің осы са­наттағы көлік құрал­да­ры­ның ресми импорттаушылары мен өндірушілері осы мін­дет­те­ме­лер­ден босатылған болатын.

Автокөлік иелерінің қондыр­ғының қымбаттығына (шыға­рыл­ған жылына байланысты кедендік тазарту құнының шамамен  25%-ы), микросхемалардың тапшылығына және SOS түйме­ле­рін дайындауға арналған жиын­­тықтауыштардың бол­мауы­на қатысты өтініштері на­зар­ға алынып, қазақстандық тарап міндетті жарақтандыру мерзімін бір жылға ұзарту мәсе­ле­сін көтерген. ЕЭК Кеңе­сі­нің мүшелері бұл ұсынысты бір­ауыз­дан қолдады. Енді ЕАЭО ел­дерінің аумағына өз қажет­ті­ліктері үшін әкелінетін M және N санаттағы көлік құралдары 2024 жылғы 1 ақпанға дейін шұғыл және жедел қызметтерді шақыру жүйелерімен міндетті жарақтандыру талабынан босатылады. Яғни Қазақстанда SOS ба­тырмасы жоқ көлікті 2024 жылғы 1 ақпанға дейін тіркей беру­ге болады.

«Сонымен қатар өздігінен жүретін машиналар мен басқа да техниканың қағаз паспорттарын электрондық түріне ауыстыру үшін тағы бір ұзарту жасалды. ЕЭК Кеңесінің 2023 жылғы 25 қаң­тардағы тапсырмасы бо­йын­ша І жартыжылдықта элек­трондық паспорттар жүйе­ле­рінің жаңа архитектурасын және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер жүйелері арасындағы ақ­параттық өзара іс-қимыл алго­рит­мін әзірлеу қажет. Ал 2022 жылы белгіленген өтпелі кезең мерзімі 2023 жылғы 1 сәуірде аяқталады. Осылайша, бұрын қабылданған шешімдер ЕАЭО аумағында өздігінен жүретін және басқа да техниканың айналыс еркіндігіне әсер етпеуі үшін ЕЭК Кеңесі 2023 жылғы 30 маусымға дейін электрондық паспорттарды ресімдеу бойын­ша өтпелі кезеңнің аяқталу мер­зі­мін ауыстыру туралы шешім қабылдады», делінген Үкімет сайтындағы хабарламада.

Мемлекет алғаш рет жеке тұлғаларға өзі пайдалану үшін SOS батырмасы жоқ машина әкелуге 2022 жылы рұқсат еткен болатын. Оның мерзімін 2023 жылғы 1 ақпанға дейін деп белгіледі. Алайда жеңілдік енді тағы ұзарып отыр. Өндірушілер мен диллерлерге мұндай рұқсат одан бұрын берілді.

Дабыл батырмасы шұғыл жағ­дайларда қажет болады. Опе­ратор спутник жүйесінің кө­ме­гімен автокөліктің орна­лас­қан жері туралы, сондай-ақ оның маркасы, моделі, бірегей нөмірі, отын түрі, класы туралы ақпарат алады. Мұның бәрі шұғыл қызмет өкілдерінің оқиға орнына жедел жетуі үшін керек.