Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Бас прокуратура не дейді?
Бас прокуратура таратқан хабарламаға сүйенсек, Алматы қаласының Бостандық аудандық соты «Pioneer Capital Invest» ЖШС мен «Jusan Technologies Ltd» арасындағы «First Heartland Jusan Bank» АҚ-ның, сондай-ақ онымен байланысты ұйымдардың активтерін шетелдік юрисдикцияларға беру туралы мәмілені жарамсыз деп тану туралы Алматы қаласы прокурорының талап арызы бойынша азаматтық іс қозғаған. Талдау барысында «Jusan» тобының активтерін басқару құрылымын өзгертудің көлеңкелі схемасы анықталып отыр.
«Аталған схеманы жүзеге асыру нәтижесінде топтың қызметін бақылау құзыреті шетелде тіркелген ұйымдарға өтеусіз берілген. Атап айтқанда, 2020 жылғы 27 сәуірде «Jusan» тобының иесі «Pioneer Capital Invest» ЖШС қатысушыларының жалпы жиналысында Pioneer мүлкін шетелде тіркелген «Jusan Technologies Ltd» компаниясының жарғылық капиталына беруді мақұлдау туралы шешім қабылданған. Бұл әрекеттер қоғамдық мүдделерге, оның ішінде Назарбаев университеті мен Назарбаев зияткерлік мектептерінің ондаған мың қазақстандық студенті мен оқушысының мүдделеріне қауіп төндірді. Себебі «Jusan» тобының акциялары, облигациялары мен депозиттері бойынша дивидендтері – аталған оқу орындарын қаржыландыру көздерінің бірі. Бұдан бөлек, 2023 жылғы 3 ақпанда Бас прокуратураға бірқатар субъектінің құқыққа қарсы әрекеттерінің салдарынан «Jusan» тобы шетелдік мемлекеттер азаматтарының бақылауына өтіп кету фактілері бойынша прокурорлық қадағалау шараларын қабылдау туралы «Назарбаев қорының» арызы келіп түсті. Прокуратура органы әділеттілікті қалпына келтіріп, «Jusan» тобының активтерін басқаруды Қазақстанның құзырына қайтаруды мақсат етіп отыр. Сонымен қатар аталған талап арыз «Jusan Bank»-тің жұмысына қатысты емес, яғни оның ағымдағы қызметіне, сондай-ақ банктің клиенттері мен іскерлік серіктестіктерімен өзара іс-қимылына шектеу қоймайды. Істің сотта қаралуы «Jusan Bank»-тің жұмысына әсер етпейді, ол қалыпты жағдайда жұмысын жалғастырады», делінген ресми хабарламада.
Көп күттірмеген жауап
Ресми хабарлама «Jusan» тобы басшыларының құлағына бірден жеткен болуы керек, «Jysan Holdings» халықаралық акционерлері Қазақстанды сотқа беретінін мәлімдеді. Олар Қазақстан үкіметін «компанияның активтерін тартып алу үшін заңсыз әдістер – тәркілеу мен қорқытып-үркіту науқанын жүргізді» деп айыптады. «Jysan Holding» компаниясы Невада штатының федерациялық округі сотына берген шағымында: «Өзінің және үкіметке қатысы бар тұлғалардың жеке бас пайдасына компанияның 1,5 миллиард доллар активін тартып алу үшін қорқытып-үркіту науқанын жүргізді. Қорқытып-үркіту, қолдан жасалған сот үдерістері, қылмыстық және азаматтық іс қозғау, және активтер мен «Jusan» тобы иелік ететін «Jusan Bank» заңды түрде бөлуді жоспарлаған 387 миллион доллар көлеміндегі дивидендті заңсыз бұғаттау арқылы «Jysan Holding» және «New Generation Foundation» қоры мен «Jusan» тобына кіретін өзге еншілес ұйымдардың активтерін заңсыз жолмен басып алмақ болды», деп мәлімдеген.
«Jusan Technologies Ltd» – АҚШ-тың Невада штатында тіркелген компания. Ол – біздегі «Jusan» банкінің қожайыны. Ал «New Generation Foundation» қоры – «Jysan Holding» компаниясының жалғыз меншік иесі. Еліміздің Бас прокуратурасының мәлімдемесінде «Назарбаев университетінің» тілге тиек етілуі бекер емес. «Аталған қор Қазақстандағы Назарбаев университеті мен Назарбаев зияткерлік мектептерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін құрылған. «Jusan» тобының қаржысы бұғатталса, Батысқа бағыталған білім беру ұйымдары қаржы қолдауынан айырылады», делінген «Jysan Holding» баспасөз хабарламасында.
Шетелдегі активтердің есебі қандай?
«Jusan» тобына қатысты мәселе – шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтарудың бір көрінісі ғана. Одан басқа, шетел асқан ұлттық байлықтан есебі бір Құдайға ғана аян. Былтыр отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық байлықтың тең жартысы 162 адамның «уысында» екенін айтып, сыртқа заңсыз шыққан қаржыны, активтерді қайтару жөнінде жүйелі жұмысты қолға алу керектігін тапсырды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектеновтің айтуынша, өкілетті орган былтырдан бері шетелдегі қаржыны қайтару бойынша белсенді жұмыс атқарып жатыр. Нәтижесі жаман емес. Белгілі болғандай, 2022 жылы 600 миллиард теңгеден астам қаражат мемлекет қазынасына қайтарылыпты. Шетелдегі қаржыны қайтару оңай шаруа емес екенін ескерсек, бір жылдың ішінде осыншама қаржының қайтарылуы үлкен жұмыстың нәтижесі деуге болады. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да белсенді жалғасып жатқанын аңғарған да шығарсыз. Агенттік ұсынған мәліметке сүйенсек, тергеп-тексерген қылмыстық істерде елімізде және шетелде жалпы сомасы 360 млрд теңгеден асатын жылжымайтын мүлік, автомобильдер мен қаражат анықталған. Мемлекетке қайтарылған заңсыз иеленген мүлік активтері мен қаражаттың негізгі бөлігі ауыл мектебінің құрылысын аяқтауға жұмсалып жатқан көрінеді.
Бас прокуратураның бастамасымен шетелге кеткен капиталды елге қайтару бойынша жұмыс топтары құрылғаны белгілі. Бүгінде 70-ке жуық мемлекетпен құқықтық көмек көрсетуге екіжақты шарт қарастырылған. Оның ішінде, Конвенция да бар. Бұл мемлекеттердің қойып отырған басты шарты – табылған мүлкі, қаражаты болса, оны қайдан алғанын дәлелдеу. Осы ретте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өзге мемлекеттерге «қаржылық тергеу» бойынша байланыс жасауға ниетті. Қаржылық тергеудің мерзімі жоқ. Ақша табылғанша және қайтарылғанша тергеу жүргізіледі. «ГРЕКО сияқты ұйымдардың Қазақстанға қойған талаптарын орындайтын болсақ, біз тікелей коррупцияға қарсы қылмыстық қудалау Конвенциясының мүшесі бола аламыз. Оған мүше болсақ, бізге барлық есік ашылады. Барып, тергеу жүргізе аламыз. Конвенцияға, шарттарға сүйеніп, сыртқа кеткен бүкіл заңсыз қаражатты қайтаруға толық мүмкіндік бар», дейді сарапшылар. Шетелдегі активтерді жедел елге қайтарғымыз келсе, осы сияқты өзге мемлекеттермен байланыс тетіктерін пысықтау артық етпейтін сияқты.