Қазақстан • 20 Ақпан, 2023

Қос азаматтық алған 138 адам елден шығарылды

669 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шұғыла Тұрлыбек 20 ақпанда өткен брифингте Қазақстанда қос азаматтық фактілерін анықтау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қос азаматтық алған 138 адам елден шығарылды

ІІМ өкілі атап өткендей, Қазақстан қос азаматтықты мойындамайды.

«Өткен жылы қос азаматтық алғаны үшін 841 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 138-і сот шешімімен елден шығарылды, қалғандарына айыппұл салынды. Соңғы бес жылда азаматтыққа қатысты заңнаманы бұзғаны үшін 3515 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 3000 адамға айыппұл салынды, 473-і елден шығарылды. Барлығынан Қазақстан азаматтығы алынып тасталды», деді Шұғыла Тұрлыбек.

Биыл қос азаматтық фактілерінің алдын алу мақсатында басқа азаматтықты қасақана жасыру үшін жауапкершілікті күшейтетін заңнамалық актілерге түзетулер енгізу жоспарланып отыр.

Шұғыла Тұрлыбек еліміздің азаматтығынан айырылған адамның Қазақстан азаматының төлқұжатын немесе жеке куәлігін пайдаланғаны, сондай-ақ заңда белгіленген мерзімде хабарламағаны үшін заңнамада әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

Сондай-ақ қос азаматтық фактісін жасырғаны үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл салу немесе елден шығару қарастырылған.

«Басқа азаматтықты қабылдау кезінде зардаптарды болдырмау үшін басқа елдерге кеткен және басқа азаматтықты қабылдаған Қазақстанның бұрынғы азаматтары 30 күн ішінде Қазақстанның консулдық мекемесіне азаматтықты жоғалтуды тіркеуге өтініш беруі керек», деді Шұғыла Тұрлыбек.