Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Өйткені әртараптандыру дегеніңіз тиімділігі жоғары дақылдарды көбейтумен қатар, қолда барды жаңа жағдайға бейімдеу ғой. Оның жүзеге асуына мемлекет мүдделілік танытып, ауыл шаруашылығы ғылымын қолдау аясы артуға тиіс
Бірақ осындай жетістікпен қатар тағы бір түйткілдің шеті көрініп тұр. Ол – жылдан-жылға дария арнасындағы судың азайып бара жатқандығы. Әсіресе бұл соңғы жылдары қатты байқалып тұр. Мамандар су тапшылығының алдын алатын жалғыз амал аймақтағы егіс шаруашылығын әртараптандыру екендігін айтады. Бірақ соңғы 20 жыл бедерінде үздіксіз айтылып, тиісті құрылымдар арасында меморандумдарға қол қойылып келе жатқанымен, бұл бастаманы да жүзеге асыру оңай болмайын деп тұр.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Бассейндер және облыстар (республикалық маңызы бар қалалар, астана) бөлінісінде 2016-2025 жылдарға арналған су пайдалану лимиттерін бекіту туралы» 2016 жылғы 19 тамызда бекітілген №367 бұйрығы бар. Осы бұйрықтағы аймақтағы егістік пен экологиялық мұқтаждықтарға арналған су көлемі жыл сайын межеден төмен бөлініп келеді. Алдыңғы жылы 5,3 млрд текше метр су алуы қажет болғанмен, оның көлемі 4,1 млрд-қа шамалас болды. Былтырғы болжам 3,3 млрд текше метр еді. Осылайша, аймақ диқандары көктем мен жазды әупірімдеп өткізіп жүр.
Бұл проблема өңірдегі негізгі дақыл күріш көлемінің қысқаруына әкеліп соғып отыр. Бірақ бұл да тапшылықтан қиналмай шығудың жолы емес. Одан бөлек, өңір диқандары біраз жылдан бері суды барынша аз «ішетін» дақыл түрлерін көбейтуге көшкен. Мысалы, бір маусымда 1 гектар күрішке дария сағасынан есептегенде 38 850 текше метр су кетеді. Ал бақша өнімдеріне жұмсалатыны 8 400-9 000 текше метрдей. Бірақ осылай екен деп дәстүрлі өнімнен бас тартып жатқандар аз. Оның үстіне әртараптандыру әркім өз бетінше бастап кететін шаруа емес. Бұл бағытта өндіріс пен ғылымды ұштастыру керек.
Соңғы 20 жылдың бедерінде ауылшаруашылық өнімдерін әртараптандыру дүркін-дүркін көтеріліп, осы бағытта талай іс-шаралар ұйымдастырылды. Бірақ содан шыққан нәтиже шамалы. Оның басты себебі облыстағы барлық технология, тіпті суару жүйесі тек күріш егістігіне негізделген. Ал шаруалар әртараптандырудың әліппесін бастасын десек, мемлекет тарапынан шығыны аз, пайдасы көп дақыл түрлерін өсіруге арналған техникаларға инвестициялық субсидияны көтеру керек. Бұл – Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ ғалымдарының пікірі. Сонда қазір әртараптандырудың тиімділігін түсінгенмен, техника алуға қаржысы болмай отырған шаруалардың үміті оянып, бастама жалғасады.
Осыдан сәл бұрын «шығыны көп күріштен бас тарту керек» деген пікірлер белең алып, ол біраз айтыс-тартысқа жалғасқан. Негізгі дақылдан жеріп отырғандар 20-30 жыл бұрын күріш егілген алқаптардың біршама бөлігі бос қалған кездегі қиындықты ұмытқаны қайран қалдырады. Сол уақытта инженерлік жүйеге келтірілген алқап шеңгел мен жиде басып, соры бетіне шыққан жарамсыз жерге айналды. Қазір күріштен бас тартсақ, сол жағдай қайталанады. Осы өнім арқылы ғана жердің мелиоративтік жағдайы бір қалыпта тұр.
Өңір кәсіпкерлері арасынан әртараптандыруға алғашқы болып бел байлаған кәсіпкердің бірі – Жалағаш ауданындағы «Ер-Әлі» ШҚ төрағасы Әліби Бекжанов. Былтыр қант қызылшасын еккен кәсіпкер аймақ үшін осы дақыл тиімді екенін айтады. Бір қызығы, Сырда шыққан қызылшаның қанттылығы 20% болған, ал Жамбыл облысында бұл көрсеткіш 15 %-дың айналасы. Демек егуге болады, бірақ оған мемлекеттен қолдау керек. Заманауи техника мен өңдейтін зауыт болмаса, еңбегің еш тұзың сор болады.
– Әртараптандыру – біздің өңір үшін аса бір қолайлы шаруа емес. Қырыққабатты қиналып жүріп шығарасың. Қостанайда өскен картоп пен біздің өңірден шыққан өнімнің өзіндік құны арасында аспан мен жердей айырмашылық бар. Олардың жері соған қолайлы. Осыдан да олардың картобы арзан болады. Оның үстіне бұл өнімді жинайтын техниканың құны 60-80 млн теңге аралығы. Мысалы, менің тәуекелмен еккен картобыма салған ақшамның жартысына жетпейтіні ғана қайтты. Сонда да елге басқа да өнімді егуге болатынын көрсеткім келді. Осы оймен 5 гектар жерге алма да ектік. Күнкөрісі күріш болып отырған елдегі шаруаның қиналатын тағы бір тұсы әкімшіліктегі жиналыстан жиі еститін әртараптандыруды неден бастауды білмейді. Диқанға қандай дақыл түрін егуге болатынын айтатын адам жоқ. Дұрысы, күріш егістігін сақтай отырып, бау-бақшаны соның айналасында дамыту. Жақында облыс басшылығының ұсынысымен «Байқоңыр» ӘКК» АҚ біздің картобымызды сатып алатын болды. Сең қозғалған сияқты. Осындай қолдау болса, ауылдағы ел еңсе тіктеп қалар еді, дейді кәсіпкер.
Әртараптандыру дегеніміздің негізі – жердің құнарлылығын сақтау. Қазір аймақта жердегі гумус мөлшері 0,5-1 пайыз аралығында. Ал бұл 2 пайыздан асуы керек. Жаңа бастаманың бірден жолға түсіп кетпей тұрғанының тағы бір себебі бар. Облыста күріш шаруашылығымен айналысатын ірі компаниялар саусақпен санарлықтай ғана, көпшілігі 50-60 гектар жерге дән сеуіп отырған майда құрылымдар. Олардың бастаманы қолдап кетер қауқары жоқ.
Қазалы ауданындағы Ғани Мұратбаев ауылы бау-бақшаны көптеп егетін елді мекендер қатарында. Кезінде осы ауылдың тәтті қауыны кеңестер одағының әр түкпірінен табылатын. Жуырда ауданға жасаған сапарымызда қала іргесіндегі осы ауылға жолымыз түсіп, егіншілермен пікірлестік. Аудандағы «Рза агро» ЖШС жаңбырлатып суару технологиясын қолға алған құрылымдардың бірі. Былтыр осы ауылдан 545 гектар алқапқа жүгері еккен серіктестік оны сүрлемге пайдаланады. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары бұл аумақта дәндік жүгері де егілген. Осы ауыл тұрғыны Нұрлыбек Нұрғожаев тамшылатып суару әдісімен қауын-қарбыз егіп отырған шаруаның бірі.
– Біздің жерде ылғал аз. Күннің көзі жылт етіп, жер дегдісе, айналаңның бәрі әппақ сорға көміліп қалады. Оны шаю да – бір машақаты көп жұмыс. Инженерлік жүйеге келтірілген жерлер оңай шайылса, тың аумақтар ондайға келмейді. Сондықтан да бізге жерді лазермен тегістеу қажет. Ал оған біздің шамамыз келе бермейді. Тіпті ақшасына жалдауға да таба алмаймыз. Жер тегістелсе, өнім де еселеп артар еді. Қазір мен 50 тонна алатын жерден 15-20 тонна ғана алып жүрмін. Жаңағыдай жағдай жасалса, бақша егуге ынталылар қатары көбейеді, – дейді ол.
Ауылдағы шаруаға керегі – техника. Осыдан біраз жыл бұрын ауылдардан сервистік дайындау орталықтары ашылып, оған біраз техника топтастырылған. Бірақ ауылдағылар ол тұста бақшаға мойын бұратындай емес еді, сондықтан да СДО-ның бастамасы жалғасын тапқан жоқ. Қазір елдегілер еңсе тіктеп қалды, жастар арасында бау-бақша егуге талаптылар көп. Жаңағы техниканың керек кезі осы.
Күрішке сұраныс артпаса, кемімейді. Мысалы, қазір әлем бойынша жылына 730 млн тонна күріш өндіріледі, жер жүзі халқының жалпы тұтынатыны бұдан әлдеқайда көп. Сондықтан күріш алқабын азайтпай, қазіргі көлемді сақтай отырып көп өнім алудың жолын қарастырған дұрыс. Жыл сайын лизингке техника алып, жүздеген адамды жұмыспен қамтып отырған шаруашылықтар да естен шықпағаны жөн. Сондықтан да саладағы ғалымдар да, ауыл шаруашылығы мамандары да Сыр бойында негізгі дақыл күріш болып, қалғандары соның айналасына топтасуы қажет деген пікірде. Өйткені әртараптандыру дегеніңіз тиімділігі жоғары дақылдарды көбейтумен қатар, қолда барды жаңа жағдайға бейімдеу ғой. Оның жүзеге асуына мемлекет мүдделілік танытып, ауыл шаруашылығы ғылымын қолдау аясы артуға тиіс. Сонда ғана ортақ бастамадан оң нәтиже шығады.
– Біздің өңір жағдайында әртараптандыруды жүзеге асыру қиын. Өйткені егін шаруашылығына жеке адам ғана ақша салып отыр. Облыстағы шаруа қожалықтарының 90 пайызы инвесторға тәуелді. Ал кәсіпкер тек тиімді өнімге ғана қаржы құяды. Бау-бақшаны өсіргенімен өткізетін жер жоқ, оны өңдейтін орын қажет. Жиырма гектарға жүгері егіп көрдім, шығымы жақсы болды. Бірақ оны жинайтын, өңдейтін агрегат қажет. Әр шаруаға гектарлап жер беріп, бақша өнімін «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-мен келісімге отырған үлкен сауда орталықтары арқылы сатып алудың амалын жасаса болар еді. Осындай жүйе болмаса, іс алға жүрмейді, дейді мәселені зерттеп жүрген жергілікті кәсіпкер Ерұлан Өмірсеріков.
Кәсіпкердің пікірінше, «Байқоңыр» ӘКК» АҚ арқылы шаруаның техникаға мұқтаждығын шешуге болады. Облыста картоп егуге дайын шаруа қожалықтары бар. Оларға соны қиналмай жинап, өңдеп алуға жағдай жасау керек. Жаңа бастама жүзеге асу үшін жүйелі түрде қолдау қажет. Әйтпесе, әртараптандырудың жырын тағы 20 жыл айтатынымыз анық.
Былтыр әртараптандыру бағытында 793 гектарға түрлі дақыл егілген болатын. Осы бағытта 2025 жылға дейін 17,2 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл ретте шетелдік белді ғалымдармен жаңа тәсілдерді енгізу жұмыстары бастау алды.
Осылайша, әртараптандырудың әлқиссасы тым әріден басталып тұр. «Түрлі дақыл егіп, бастамаға үн қосам» деген шаруалардың ниетін қолдап, істен нәтиже шығару үшін мемлекет тарапынан демеу қажет.
Қызылорда