Баяғыда белтемірге асылған ағаш қоян болушы еді. Ойыншық турникті ұстап екі жағынан қыссаң, әлгі қоян неше түрлі өнер көрсететін. Бала кезімізде талай қызықтадық, бірақ бізден кейінгі балалар мұндай ойыншықты көрмей өсті. Игорьдің қолынан шыққан осы ойыншық балалық шақтың бал күндерін еске түсіріп, көзге ерекше ыстық көрінеді.
Қолөнер шебері жасаған күшік мүсіндері ұялы телефон қоюға арналған. Компьютерде жұмыс істеп отырсаңыз, телефоныңызды тікесінен қыстыра салуға ыңғайлы. Есесіне, өзіңізге түсіп жатқан хабарламалардың бәрін көз қиығымен қалт жібермей көріп отырасыз.
– Кішкентай кезімде әкем әртүрлі ағаш ойыншықтар жасайтын. Мен үнемі жанынан шықпайтынмын. Кейін есейе келе өзім де ағаш жонып, ұсақ-түйек тұрмыстық заттар мен ойыншықтар жасай бастадым. Ағаш ойып, қолөнер бұйымдарын жасағанды жаным жақсы көреді. Бала кезден сүйекке сіңген нәрсе ғой, саусақтарымның жоқтығы еш кедергі емес. Ең бастысы зейін қою керек. Ағаш табу қиын. Көбіне қарағайдан жасаймын. Лак, бояу сияқты керектерді өзім сатып аламын. Электр лобзигім, қолара, қашауым бар, сол жетіп жатыр, – дейді шебер.
Осы уақытқа дейін шебердің қолынан шыққан қолөнер туындыларында сан жоқ. Ол дүниелердің дені сыйлық ретінде әркімнің қолында кетіпті.
Арагідік біреудің туған күні болғанда немесе әртүрлі қуаныштарға орай, жеке азаматтардан, кейбір мекеме ұжымдарынан тапсырыс түсіп қалады екен. Шебер сұрағандарын жасап береді. Бірақ бәленбай теңге деп ақша сұрап, еңбегін бұлдамайды, бергенін ғана алады.
Игорь кейде орталық ұйымдастыратын жәрмеңкелерге шығып тұрады. Онда да ұнатқан адамға ойыншығын сатпай, сыйлай салады екен.
Қостанай облысы