Тұлға • 21 Ақпан, 2023

Ер есімі ескерусіз қалмаса екен

387 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Адамзат баласының басына төнген Екінші дүниежүзілік соғыс алапатының ащы зардабы әлі де халық жадында. Бүгінде қиын-қыстау заманның қасіретін еске алатын ардагерлер де азайды. Бірақ біз, кейінгі ұрпақ миллиондаған адам тағдырын қыршыннан қиған соғысты, жаумен жанкештілікпен соғысып асқан ерлік көрсеткен әкелеріміз бен аталарымызды жадымыздан шығаруға қақымыз жоқ.

Ер есімі ескерусіз қалмаса екен

Ерлігімен елге танылған Жақсы ауданына қарасты Алғабас ауылының тумасы – Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған Қожамсейіт Шаях­метұлы атамыздың майдан даласында көрсеткен ерліктері айтуға тұрарлық. Атамыз 1923 жылы 23 ақпан күні Алғабас ауы­лында дүниеге келген. Жас­тайынан жетім қалып, балғын ба­ла­лық шағын қиындықпен өткізген. 1942 жылдың сәуір айында майданға аттанып Сталинград, Дон, Оңтүстік-Батыс және 1-Беларусь майданында Украина, Мол­дова және Польша жерлерін жаудан азат етуге қатысқан. Соғыстың алғашқы күндері-ақ жауға деген өшпенділігін айқын көрсетіп, асқан жауапкершілікпен командирдің бұйрығын мүлтіксіз орындап батылдығымен, ерлігімен ерекше көзге түседі. 1942 жылы «Ерлігі үшін» медалімен, 1943 және 1945 жылдары екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» және «Жауынгерлік Қызыл Ту», сондай-ақ қаһармандығы үшін бірінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен марапатталған.

Алапат соғыста Қожамсейіт атамыз асқан ерліктің үлгісін көрсетеді. Шешуші айқастан кейін көзсіз ерлігі еленіп басшылықтың шешімімен Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылады. Ашық ақпарат көзіндегі дерекке жүгінсек: «Шпрее өзенінен өту барысында 1945 жылдың 23 сәуір күні гвардия аға сержанты Қожамсейіт Шаяхметов айрықша ерлік, тапқырлық пен ептілік танытты. Өз өмірін аямай, жауға оқты қарша боратып, «Отан үшін!», «Сталин үшін!» деп ұрандатып, Шпрее өзенінің сол жағалауына жаяу әскерді өткізуге жәр­дем­десіп, бір­не­ше жаудың көзін жо­йып, техникасын қиратып, плацдармды ке­ңейтіп, аумақты жаудан тазартты. Берлин қаласының маңындағы ұрыс кезінде Шпрее өзені, Ландвер каналы және қаланың көше ұрыстарында гвардия аға сержанты Қожамсейіт Шаяхметов бастаған жауынгерлер 3 неміс танкісін, 2 өздігінен жүретін техникасын, 4 бронетранспортерін, әскери жүк тиелген 10 автокөлікті, 5 ПТО құралдарын және 170-ке жуық фашистің көзін жойды. Жеке өзі 21 гитлершілді, оның ішінде 2 капитанды тұтқынға алды. Қожамсейіт Шаяхметов Кеңес Одағының Батыры атағына лайық. 64-гвардиялық ОИТПД ГВ гвардия майоры А.Сафонов. 1945 жылдың 6 мамыры» деп жазылған. Бірақ, өкінішке қа­рай, жеңіс күнін жақындатуға осын­шама ерлік көрсетіп, жан аямай арпа­лысқан батыр атамызға Кеңес Ода­ғының Батыры алтын жұлдызы «бұйыр­­ма­ған».

Сыртқы істер министрлігі арқылы Мәскеу қаласындағы Қазақстан елші­лігінің қолдауымен Ресей мем­лекеттік архивінен және Ресей Қорғаныс министр­­лігіне сұрау салған хатқа жауап алдық. Онда жоғарыдағы ерлік тайға таңба басқандай көрсетілген.

Қазақ елі егемендік алған соң, заман талабына сай өз елінің батырлары мен ардагерлерінің абыройын асқақтату мақсатында тыңғылықты істер атқарып жатыр. Екінші дүниежүзілік соғыс туралы айтылмай кеткен ақиқаттар ақпарат құралдарында жиі жазылып, айтылып жүр. Ерліктері елеусіз, еленбей қалған қаншама боз­дақтардың аты-жөндерін паш етіп, келешек ұрпаққа аманат ретінде жариялау – біздің парызымыз. Алғабас ауылы тұрғындары және Қожамсейіт атамыздың ұрпақтары атамызды батыр ретінде мақтан тұтамыз. Тәуелсіздік алған одақтас мемлекеттер өз елінің Ата Заңына сүйеніп, өз елінің батыры атағын беріп жатқанынан бәріміз де хабардармыз. Қожамсейіт Шаяхметұлы атамыздың 100 жылдық мерейтойы құрметіне батыр рухына тағзым ретінде «Халық Қаһарманы» атағына ұсынуды ел болып қолдайық.

 

Талғат ҚҰРМАНҰЛЫ,

Астана қаласының тұрғыны