Білім • 22 Ақпан, 2023

«Болашақпен» оқыған қанша отандасымыз елге оралмады, оларға қандай шара қолданылады?

731 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Болашақ» бағдарламасы 30 жыл ішінде шетелде 12 мыңнан астам жоғары білікті кадрлар дайындады. Бұл бағдарлама аясында бір студентке жылына орта есеппен 10 млн теңге жұмсалады. Massaget.kz оқуға жіберілген студенттердің қаншасы елге оралмағанын және бұл үшін оларды қандай жаза күтіп тұрғанын анықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Болашақпен» оқыған қанша отандасымыз елге оралмады, оларға қандай шара қолданылады?

Халықаралық бағдарламалар орталығының мәліметінше, «Болашақ» бағдарламасының 30 жылдық тарихында стипендиядан айырылған түлек саны шамамен 1 пайыз немесе бар болғаны 180-ге жуық адам. Стипендиядан айырылғандар бағдарлама шеңберінде жұмсалған қаражатты толығымен өтеді немесе өтеп жатыр.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, елге қайтпай қалған студенттерді алдымен стипендиясынан айырады, кейін оларға айыппұл салынады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 11 маусымдағы №573 Қаулысымен бекітілген «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларын бекіту және стипендияны жұмсау бағыттарын айқындау қағидаларының 27-тармағына сәйкес, конкурс жеңімпазы өзіне «Болашақ» стипендиясын тағайындау туралы Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия шешім шығарған күннен бастап күнтізбелік 90 күн ішінде әкімшімен жұмыс органы бекітетін үлгілік нысандар бойынша оқу шартын немесе тағылымдамадан өту туралы шарт жасасады, онда міндетті түрде мыналар қамтылуы тиіс: 

- Конкурс жеңімпазының шетелде академиялық оқуын аяқтағаннан немесе тағылымдамадан өткеннен кейін Қазақстанға міндетті түрде оралуы туралы талап;

- Конкурс жеңімпазы өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда жұмсау бағытында көзделген шығыстарды қаржыландыруды тоқтата тұру туралы талап.

Қағидалардың 29-тармағына сәйкес, конкурс жеңімпазы шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамаған не тиісінше орындамаса конкурс жеңімпазын «Болашақ» стипендиясынан айыру туралы мәселені Республикалық комиссияда қарау үшін бастама жасалады.

Қағидалардың 33-тармағына сәйкес, конкурс жеңімпазы Республикалық комиссияның шешімі бойынша «Болашақ» стипендиясынан айырылған жағдайда Республикалық комиссия «Болашақ» стипендиясын тағайындау туралы шешім қабылдаған күннен бастап оған жұмсалған барлық шығын, оған қоса тұрақсыздық айыбы (айыппұл) өтелуге тиіс.

Орталықта «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің елде міндеттемелерін еңбекпен өтеуін бақылайтын арнайы түлектермен жұмыс басқармасы бар. Былтыр қатаң бақылау нәтижесінде міндеттемелерді орындамаған стипендиаттардан бюджетке 1,6 миллиард теңгеден аса қаражат қайтарылған.

Айта кетейік, стипендия иегері атану үшін кепілге магистратура, докторантура және резидентура шеңберінде жылжымайтын мүлік ұсынылуы тиіс.  Ал тағылымдамадан өтушілер 2 жеке тұлғаны кепілгер ретінде көрсете алады. Бұған қоса, кейінгі 12 айда тұрақты табысы бар, жасы 50-ге толмаған ҚР азаматы үміткерге гарант бола алады. Жылжымайтын мүлікті кепілге қою талап етілмейді.

Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары кепілге жер қоя алады.