Екіжақты кездесуде өнеркәсіптік кооперация жобаларын іске асыру, жеңіл өнеркәсіп пен қорғаныс-өнеркәсіп кешені мен көлік саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.
Марат Қарабаев атап өткендей, бауырлас мемлекеттер өнеркәсіптік кооперация саласында 2,2 млрд доллар сомасына 10,5 мың жұмыс орнын ашуды көздейтін 42 бірлескен жобаны іске асырып жатыр. Оның 29-ы елімізде болса, 13 жоба көршілес елде жүзеге асырылып келеді.
Сондай-ақ кездесу барысында көлік саласындағы жобалар, атап айтқанда «Дарбаза – Мақтаарал» және «Мазари-Шариф – Кабул – Пешавар» жаңа теміржол желілерінің құрылысы жан-жақты қаралды. Мәселен, Дарбаза стансасынан Мақтаарал стансасына дейінгі ұзындығы 106 шақырымдай желіні салуды көздейтін жобасын іске асыру «Сарыағаш» өткізу пунктіндегі жүктемені азайтып, жылына 10 млн тоннаға дейін қосымша жүк ағынын тартуға, сондай-ақ Түркістан облысының Мақтарал ауданын негізгі теміржол тармағымен байланыстыруға жол ашады.
Сонымен қатар қос тарап екі ел арасындағы әуе рейстерін ұлғайту жолдарын қарастыруға келісті.
Қазір көршілес мемлекеттер арасында аптасына 20 рейс орындалып келе жатқанын айта кеткен орынды. Айталық, 5 рейс Астана – Ташкент, 14 рейс Алматы – Ташкент және 1 рейс Ақтау – Нукус бағытында жүзеге асырылып келеді.